Жастар салым салды

742

0

Кейінгі жылдары ұлттық спорт дәрежесі анағұрлым жоғарылағандай. Халықаралық не республикалық додаларды айтпағанда, әр өңірде бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату секілді дәстүрмен сабақтасқан сайыстар легі жиі өтіп жүр. Соның бір көрінісі ретінде Сырдария ауданында өткен жас шабандоздар арасындағы көкпарды айтуға болады.

Бұл шараны аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр. Басты мақсат – аудан жігіттерін ұлттық спорт түріне бейімдеу. Рас, бүгінде жылқы жалына жармасқан жігіт азайды. Десек те, бұл додаға ауданға қарасты елді мекендерден 100-ге жуық шабандоз қатысты. С.Сейфуллин атындағы ауылда өткен сайыста А.Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, Айдарлы, Тереңөзек кенті, Шаған, Н.Ілиясов, Аманкелді, Шіркейлі және жергілікті С.Сейфуллин ауылының ұландары бар.

Тартысқа толы доданы С.Сейфуллин ауылдық округінің әкімі Бекзат Қыдырбаев ашып, қатысушыларға тілегін жеткізді. Мұнан соң ауыл ақсақалы бата беріп, шабандоздарға ақ жол тіледі. Ақсақалға аудандық жастар ресурстық орталығы мамандары арнайы шапан жапты.

– Сырдариялық жастар білекті, жүректі екендігін тағы бір дәлелдеді. Оның ішінде Н.Ілиясов ауылдық округі мен Шағаннан келген шабандоздар белсенді болып, ең көп салым салды. Сайыс өте тартысты өтті. Алғашқы салымды А.Тоқмағамбетов ауылының шабандозы Дінислам Айтбайұлы салды. Осылай кезек-кезек әр ауылдан жиналған шабандоз жігіттер өз салымдарымен көрермендер ықыласына ие болды. Мұндағы бір ерекшелік, көкпарға қатысатын жігіттің жасы 29-дан аспауы тиіс. Ал ең жас палуан ретінде 14 жастағы С.Сейфуллин ауылының тұрғыны тіркелді.

Қуанышты жаңалығымыз, ауданда ұлттық спортты дамыту тұрақты түрде қолға алынып келеді. Қазір Тереңөзек кентінде атшабар алаңы дайындалуда. Осыған сәйкес, алдағы уақытта жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ұлттық ойындар жиі ұйымдастырылады, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Әбдірасилов.

Ұлттық спорт түріне «Нұрасыл» шаруа қожалығы демеушілік көрсеткен. Сондай-ақ «Сейфуллин Жер» ШҚ, «Жандос» ШҚ, «Абай Тоқтаров» ЖК және жергілікті азаматтар қаржылай қолдау білдіріп, сайыстың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Сырдария ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<