Жазира Досаева: «Өз мамандығымды шынайы жақсы көремін»

259

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Төтенше жағдай саласының қызметкерлері жылдың төрт мезгілінде де тыным таппайды. Тосынан болған апат кезінде ең бірінші көмекке ұмтылатын да осы жандар. Солардың бірі – Жазира Досаева 16 жылға жуық осы салада қажырлы еңбек етіп келеді. Ол төтенше жағдай орын алғанда азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, психологиялық тұрғыда да кеңес береді. Қызығынан қиындығы көп саламен біте қайнасып, халық алғысына бөленіп жүрген ақ халатты абзал жан бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

– Өздеріңіз білесіздер, төтенше жағдай қызметі үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап ететін өте ауыр сала. Бұл салада еңбек ету үшін адамға шыдамдылық, жылдамдық пен қажыр-қайрат қажет. Десе де, бұл мамандықты таңдаған әр адам өз жұмысын шынайы сүйіспеншілікпен істейтініне сенімдімін. Менің осы саладағы негізгі міндетім – зардап шеккен тұрғындарға шұғыл медициналық көмек көрсету. Жалпы, менің медицина саласында еңбек етіп келе жатқаныма 26 жылға жуық уақыт болды. Осы уақыт аралығында түрлі оқиғаларды көзбен көріп, науқастарға қолдан келгенше көмек көрсеттім. 2018 жылдан бастап облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Апаттар медицинасы орталығы филиалының» фельдшері және психологы болып қызмет атқарып келемін. Екі мамандықты қатар алып жүргеніме 16 жылдың көлемі болды. Біздің филиалда 53 штаттық бірлік құрамы жұмыс істейді. Яғни, біз тек өңірде ғана емес, еліміздің басқа аймағында да орын алған төтенше оқиғаларға аттанып, өз міндетімізді мінсіз атқаруға тырысамыз. Соның бірін айта кетсем, 2020 жылы Мақтаарал ауданында су тасқыны болып, сол аймақтың көптеген тұрғындары зардап шекті. Сол мезетте жарақат алған азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, 36 балаға психолгиялық және арт терапия мен тренинг өткіздім. Осы еңбегімнің нәтижесінде «ІІІ дәрежелі құтқарушы» төс белгісімен марапатталдым. Қызмет атқаратын мамандығым қаншалықты қиын әрі жауапкершілік жүгі ауыр болса да бұл сала менің өмірімнің бір бөлшегі. Өз мамандығымды шынайы жақсы көремін, – деді облыстық ТЖД «Апаттар медицинасы орталығы» филиалының фельдшері Жазира Әбдіқалиқызы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<