Жеке қоғамдық көліктердегі жеңілдік қайда?

680

0

Редакция қоржынына Қызылорда қаласының тұрғынынан хат түсті. Оқырман облыс орталығындағы жеке қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүру мүмкіндігінің тыйылғанына қапалы. Қала әкімі Ғанибек Қазантаевтың атына жолданған хатқа құзырлы мекеменің жауабын қоса ұсынып отырмыз.

Бір-екі айдың шамасы болды, жасы жетпістен асқан ардагерлер мен жеке меншіктегі қоғамдық көлік («Газель») иелері арасындағы дау-дамай өршіп барады. Оған жол жүру ақысының 45 теңгеден бірден екі есе негізсіз көтерілуі себеп.

«Газельдегі» хабарландыруда бұған қатысты құзырлы орындардың шешімі, шыққан күні көрсетілмеген. Лауазым иелерінің қолы қойылмаған. Соған қарамастан көлік иелері жолаушыларға «Жолақысын неге толық төлемейсің?» деп кейістік білдіреді. Бұған, әсіресе, жасы жетпістен асқан кісілер ренжулі. Көлік ішіндегі хабарландыруда мектеп оқушыларына арналған 40 теңгелік жеңілдіктің де алынып тасталғаны жазылған.

Олардың жанармайдың қымбаттауына байланысты жанайқайын түсінуге болады. Бірақ бәрі заң шеңберінде жасалынуы тиіс. Жеке меншік көлік иелеріне жол жүру ақысын өз бетінше арттыруға кім құқық берді? Мұндай заңсыздықты қадағалайтын, оған шара қолданатын және екі жаққа бірдей әділетті шешім шығаруы тиіс қала әкімдігінің жайбарақат отырғаны түсі­ніксіз.

Тәуелсіздіктің отыз жыл­дығы қарсаңында бар өмірін, еңбегін еліміздің көркеюі жолында жұмсаған ардагерлер, сонымен қатар мүгедектер мен мектеп оқушылары үшін қаладағы барлық қоғамдық көлікте жеңілдікпен емес, тіпті тегін жүретін кез жетті деп есептеймін.

Тобаш ЕМБЕРГЕНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Жеке тасымалдаушылармен келісім-шарт мерзімінің аяқталуына байланысты қазіргі таңда аталған жеңілдік уақытша алынып тасталды. Сондай-ақ, тасымалдаушылар арасында конкурс өткізілуде. Конкурс нәтижесінде жеңімпаз атанған жеке тасымалдаушыларға ке­лісім-­шарт негізінде жеңіл­дікті қайта қосу ұсынылады.

Мейірхан БАҚЫТЖАНҰЛЫ,

қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық

жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және

тұрғын үй инспекциясы бөлімінің жетекші маманы

Фото: көрнекі сурет

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<