Жыл алмасар шақтағы жылулық

302

0

Қазалыда 3 ауылға газ барды, жаңа балабақша ашылды

«Бүгін Қазалы ауданындағы Басықара, Қ.Пірімов және Жалаңтөс батыр ауылының тұрғындары үшін өте қуанышты күн: сәуір айында басталған газдандыру жұмыстары бүгінгі күні толық аяқталды. Енді 5 мыңнан астам тұрғын үй мен 23 мекеме-кәсіпорын «көгілдір отынға» қосылады. Тағы да көптеген кәсіпкерлік нысан табиғи газбен қамтамасыз етіледі. Біз мүмкіндігінше барлық ауылды газбен қамтуға жұмыс жасаудамыз. 2025 жылға дейін «көгілдер отынмен» қамтылған ауылдар санын 70-ке дейін жеткізу жоспарымызда бар. Келесі жылы Қазалы ауданындағы Абай ауылын да газдандыру жоспарлануда. Ауылдарға жеткен «көгілдір отын» отбасының жылуын, отанымыздың қуатын арттыра түссін!», – деді облыс әкімі.

Қоғам қайраткері, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Айтбай Көшербайұлы аудан тұрғындарын көптен бері күткен қуанышты жаңалықтарымен құттықтап, аймақ басшысына алғыс білдірді. Сондай-ақ, еңбек ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов жиналған қауымға бата берді.

Облыс әкімі Қ.Пірімов ауылының тұрғыны Құралай Серікбайдың үйіне барып, «көгілдір отынның» берілу сәтіне куә болды.

– Сіздерге көп рахмет. Осы уақытқа дейін жыл сайын тонналап көмір сатып алатынбыз, от жағып, күл шығарумен болдық. Енді, міне, бұл бейнеттен құтылдық, үйіміз де жылыды. Қуанышымызда шек жоқ, – деді отанасы.

Айта кетейік, «көгілдір отынға» қосылған 3 ауылда 4400-ге жуық адам тұрады. Жоба нәтижесінде 750-ге жуық тұрғын үй мен 26 әлеуметтік нысан газдандырылмақ.

Бүгінгі күні облыста газдандыру деңгейі 68 пайызға жетті. Келесі жылы құны 12 млрд теңгені құрайтын 15 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесімен облыс халқын газбен қамтамасыз ету үлесі 72 пайызға жеткізілмек.

Одан кейін облыс басшысы Қазалы қаласында 140 орындық «Өрімтал» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Облыс әкімі қала тұрғындарын құттықтап, биыл Қызылорда облысының дамуына ауқымды инвестициялар тартылып, көптеген әлеуметтік нысандар салынғанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен мемлекетіміздің тірегі, ұлттың болашағы – балаларымыздың өсіп, оқып, білім алуы, азамат болып, қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалуда.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Қазалыда бал бөбектерімізге сый ретінде 140 орындық «Өрімтал» бөбекжай балабақшасын пайдалануға бермекпіз. Қазіргі таңда Қазалы ауданы бойынша 31 балабақша, 19 шағын орталық, барлығы 50 мектепке дейінгі ұйым бар. Былтыр Бекарыстан би ауылынан 100 орындық жеке балабақша ашылды. Жылдан-жылға балабақша санының көбеюі халқымыздың демографиялық өсімінің артуын көрсетсе керек.

Бұл өмірде балдай тәтті балғындарымыздың жүзі жайнап, бар ықыласымен риза болғанын көруден асқан бақыт жоқ. Барлық құрметіміз де осыларға арналады», – деді аймақ басшысы.

Іс-шара барысында мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы лебізін білдіріп, жерлестерін жаңа  нысанның ашылуымен құттықтады. Ал еңбек ардагері Серік Қуанышбайұлы облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Екі қабатты балабақша ғимаратының жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден астам. 38 адам жұмыспен қамтылған. Білім ұясында робототехника, ән, би, қолөнер үйірмелері ашылып, іші толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

Жыл көлемінде балаларға арналған нысандар легі іске қосылды. Олардың қатарында 1 326 орынға арналған 17 жекеменшік балабақша, 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» бар.

Өңірде «Балалар жылында» демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд теңгені құрайтын  80 спорт-ойын алаңы тарту етілді.

«Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында алдағы үш жылда  15 100 орынға арналған құны 100 млрд теңгеден асатын  21 мектептің құрылысы жүргізіледі.

Келесі жылы 19,6 млрд теңгеге 10 мектептің құрылысы басталады.

Ауданға сапарында аймақ басшысы «Қазалы-Теміржолжылу» МКК жұмысымен танысты. Кәсіпорын Әйтеке би кентіндегі 100-ге жуық мекеме мен 74 көпқабатты және 194 жеке тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Биыл тағы 6 көпқабатты үй жылу жүйесіне қосылады. Нысан қалыпты жұмыс істеуде, мұнда 3 негізгі және 1 резервтік қазандық бар.

Облыс әкімі нысанның жұмысын көріп, аудан әкіміне жылу маусымы тиісті деңгейде өтуін және қажетті отын қорының жеткілікті мөлшерде болуын қадағалауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<