Жылу маусымы: инвестициялық бағдарлама игілігі

656

0

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің бастамасымен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК қыс мезгіліне дайындық жұмыстарымен таныстыру үшін баспасөз турын ұйымдастырды.

Оған облыстық департамент басшысының орынбасары Тойлыбек Ғаниұлы, «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, бас инженер Бақытжан Молдиманов, «Жылу желісі» ӨТБ жетекші инженері Нұрболат Байниязов қатысты.

Бақытжан Молдиманов жылу желілерін жөндеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстырып, облыс орталығындағы жағдай туралы айтып берді.

– Жылу желілерінің жалпы тозуы шамамен 40%. Біз жыл сайын шамамен бес шақырым құбырды ауыстырамыз, ал олардың жалпы ұзындығы 190 шақырым. 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша түрлі диаметрдегі 70 шақырымға жуық құбырларды алмастырдық. Жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді ол.

Құбырлардың сапасына келетін болсақ, мамандардың пікірінше, олар жиырма жылға жарамды. Өйткені құбырдың сыртқы бөлігі қорғаныс гидрооқшаулағышпен жабылған, бұл апатсыз қызмет ету мерзімін ұзартады.

Мамандардың айтуынша, биыл мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жаңа құбырлар алу кезінде қиындық туындады. Заң бойынша өтініш порталда бір ай тұруы керек. Ал осы уақыт ішінде құбыр бағасы айтарлықтай қымбаттайды және оны бұрын жарияланған бағамен сатып алуға мүмкіндік болмайды. Құбырлар мен қажетті қосалқы бөлшектер, жабдықтар әдетте Ресей мен Украинадан алынады. Биыл порталдағы баға бұрынғысынан 20%-ға жоғары болды, бірақ материалдарды сатып алу туралы тиісті құжаттарды рәсімдегенге дейін тауар бағасы өзгеріп кетеді. Тіпті мұндай жағдайда жеткізушілердің өзі міндеттерінен бас тартады. Осыған байланысты биыл қажетті жабдықтардың 25%-ын ғана сатып алуға мүмкіндік туды.

– Мұндай жағдай біздің өңірде ғана емес, барлық жерде бар. Сондықтан, біз министрлікке үш немесе бес күн мерзімде сатып алу туралы шарт жасауға ұсыныс бердік. Әйтпесе, жабдық сатып алу үшін бізге бөлінген ақшаны игеру мүмкін емес. Ал онсыз құбыр қорын толтыра алмаймыз, – деді КТЭО директорының орынбасары.

Атап өткендей, проблемаларға қарамастан, жылу маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғыда кәсіпорын активтерін жаңалау, қайта жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру үшін департаменттің бұйрығымен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының келісімі бойынша жалпы сомасы 599,350 млн теңгеге 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама қабылданды. Бұл қаражатқа апатты төмендету және жұмыс сапасын жақсарту үшін негізгі қорларды жаңарту қажет.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның 2021 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 36,952 млн теңге игеріліп, жұмыс жасалды. Бұл тұрғыда №8 АБМК қазандығының желілік сорғысы ауыстырылып, жалпы ұзындығы 2,472 шақырым кварталаралық жылу жүйелерін жөндеу жұмыстары жасалды. Сондай-ақ, жылу желілерінің тозуын 40,5%-дан 40,27%-ға дейін, ал жабдықтардың тозуын 41,8-ден 41,76 пайызға дейін төмендетіп, қызмет көрсету сапасы жақсарды.

Биыл инвестициялық бағдарлама шеңберінде кәсіпорын есебінен негізгі және қосалқы жабдықтарға жөндеу жүргізу, ұзындығы 4,3 шақырым кварталаралық жылу желілерінің құбырларын ауыстыру үшін 113,81 млн теңге қарастырылды.

Облыстық бюджеттен жылу трассасының бірқатар учаскелерін ауыстыруға, турбина цехының қосалқы жабдықтарын жөндеуге және ауыстыруға 336,3 млн теңге бөлінді. Бұл жоспарланған жұмыстарды жүргізуге, ұсынылатын қызметтердің сапасы мен тиімділігін арттыруға, жылу және электр қуатының тапшылығын жойып, шығынды азайтуға мүмкіндік береді.

Баспасөз туры барысында облыс орталығын ыстық сумен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы мәселе қозғалды. Бақытжан Молдимановтың айтуынша, жаңа үйлер мен шағын аудандарда мұны қосымша шығынсыз жасау еш қиындық туғызбайды. Жаз мезгілінде кәсіпорынның шығындарын ақтау үшін тұрғындардың кем дегенде 70%-ы ыстық суды пайдалануы қажет. Тағы бір айта кертерлігі, көппәтерлі үйлерде жылы еден орнатуға тыйым салынған. Себебі, бұл үйлерді жылумен жабдықтауға зиян келтіреді.

– Биыл 1 қазаннан бастап жүйені суық айналымға қосамыз. Бұл қала тұрғындары үшін төлем тарифіне әсер етпейді. Біздің ұйым үшін қаржылық жағынан тиімсіз болса да, жылу маусымына дайын және уақытында келу үшін осы қадамға барамыз. Қажет болған жағдайда жылу маусымын белгіленген күннен ерте бастаймыз, – деді ол.

Мұндай тәжірибе қалада үшінші жыл қатарынан қолданылып келеді. 15 қазанға дейін ақаулар анықталғандарды қоспағанда, барлық үйге жылу қосылады. Атап айтқандай, көп үйде бірден жылу қосылмауы мүмкін. Себебі, жылу маусымының бастапқы кезеңінде қиындықтар кездеседі.

Департамент басшысының орынбасары Тойлыбек Ғаниұлы атап өткендей, жылу энергиясына тарифті бекіту кезінде шығындар ескеріледі. Бұл қызмет сапасын жақсартуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, сондай-ақ, жылу шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы, кәсіпорын тарапынан жылу маусымына дейінгі тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар атқарылып жатыр.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<