Құрылтай

200 мыңға жуық сырбойылық үлес қосты

5

0

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы биыл 6 айда атқарған жұмысын жариялады. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Қайрат Жансұлтанұлының айтуынша, каналдарды бетондау суармалы суды үнемдеу үшін де, экономикалық жағынан да тиімді. Бұл жұмысты Дүниежүзілік банк қаржыландырады. Бүгінде өңірде 68 каналдың жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.

– Жалпы ұзындығы ұзындығы 177,4 шақырым 30 жобаға сараптама нәтижесінде оң қорытынды берілді. Дүниежүзілік банкке өткізу үшін біз Су ресурстары және ирригация министірлігіне ұсыныс жол­дадық. Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына 112 жоба енді. Оның 81-ін республикалық, 25-ін облыстық бюджет, 6-ын Ислам даму банкі қаржыландырады, – деді ол.

Есепті кезеңде облыс бойынша 2300 тонна балық ауланды. Оның басым бөлігі, яғни 93 пайызы Кіші Арал теңізіне тиесілі. 1808 тонна балық өнімі 12 шет мемлекетке экспортталды. Биыл көл-тауарлы балық шаруашылықтары 2765 тонна тауарлы балық өсіруді жоспарлап отыр.

Басқарма қызметіндегі келесі бағыт – қалдықты жинау, тасымалдау, сұрыптау және өңдеу. Бүгінде осы бағытта 17 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп жатыр.

– Қалдықты басқару мәселесін тиімді шешу мақсатында бір-біріне жақын орналасқан ауылдық елді мекендер үшін ортақ полигон салу жұмысы кезең-кезеңімен жүруде. Осы ретте Сырдария ауданының орталығы – Тереңөзек кентінде жаңадан қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынып, іске қосылды. Ол кентке ғана емес, жақын маңдағы А.Тоқ­мағамбетов, Қалжан ахун және Сейфуллин ауылдарына да қызмет көрсетіп тұр. Бұл шешім экономикалық жағынан тиімді. Сондықтан алдағы уақытта барлық ауданда осы үлгімен полигондар салынады, – деді Қайрат Жансұлтанұлы.

Президент тапсырмасымен басталған «Таза Қазақстан» республикалық эколо­гиялық бағдарламасы жалғасын тапты. Жыл басынан бері оған 200 мыңға жуық адам үлес қосты. 5 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.

– Осы орайда азаматтарға елді мекен­дердегі экологиялық және абаттандыру мәселелері туралы тікелей хабарлауға мүмкіндік беретін ресми жүйе іске қо­сылғанын білесіздер. «Таза Қазақстан» он­лайн-платформасы арқылы тұрғындардан 1388 өтініш түскен. Оның басым бөлігі орындалды. Көше асфальттау, ойын-спорт алаңдарын орнату сияқты ауқымды жұмыстарды талап ететін өтініштерге дер кезінде түсіндіру шаралары жүргізіліп келеді, – деді басқарма өкілі.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»