Әлеуметтік сала – басты назарда

1955

0

Кеше еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айтулы оқиға – «Nur Otan» партиясының ХХ съезі болып, онда ел дамуының осы кезге дейінгі реформаларының жалғасы  болып табылатын партияның  сайлауалды бағдарламасы қабылданды.

 Еліміздегі жетекші партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» деп аталатын жаңа бағдарламасы, шын мәнінде, қазіргі шынайы мүмкіндіктер мен алдағы нақты бағыттар қамтылған, бүгінгі қиындықтарды еңсеріп, халықтың тұрмысын көтеруге бағытталған тарихи маңызды құжат болып табылады.

Саяси, экономикалық, рухани саланы барынша қамтыған құжаттағы басты назар білім, ұлт саулығы, отбасы, жастар мәселесі сынды әлеуметтік басымдықтарға бағытталған. Бағамдап қарасақ, осы мәселелердің  барлығының негізі – адам. Сондықтан да адами капиталды дамыту, отбасы тұрмысын, бақуаттылығын арттыру, жас ұрпаққа сапалы білім беру, жастарды жұмыспен, баспанамен қамту еш уақытта күн тәртібінен түспек емес.

Нақтырақ айтар болсақ,  елімізді дамытуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін бөлінетін 21 трлн теңгенің басым бөлігінің әлеуметтік салаға арналатындығы,  ұстаз, дәрігерлер жалақысының, шәкіртақының артатыны, 2025 жылға қарай жоғары білім алу үшін гранттар санының 50 процентке көбейетіні, ұлт саулығына ерекше мән берілетіндігі халықтың ойынан шығып, зор қолдау табатын қадамдар. Съезде жаңа құжат – Әлеуметтік кодекс қабылданатындығы айтылды. Аталған құжат қабылданған жағдайда, әлеуметтік саланың көп мәселесі оңынан шешіледі деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ұрпақтар санасының серпілісі мен ұлттың жаңа болмысының қалыптасуы үшін негіз бола беретінін баса айтып өтті. Біз де осы бағыттағы жұмыстарымызды сапалық жағынан жетілдіретін боламыз.

Осы тұста тағы бір айта кететін ерекшелік,  праймериз қорытындысы бойынша партиялық тізімге енгендердің  12 пайызы жастар болса, үштен бірінің нәзік жандар екендігі. Бұл әйелдер қауымының елдің саяси-қоғамдық өміріне, экономиканың барлық салаларына араласуына кеңінен жол ашады.

Ұлт көшбасшысы,  Елбасымыз «Партия бағдарламасы орындалса, қазақстандықтардың әл – ауқаты жақсара түседі» деді. Жаңа бағдарлама талаптарының нақтылығы да осыны айқындап тұр және ол үшін құжатта аталған тапсырмаларды орындауға  бәрімізден аса белсенділік, жауапкершілік  талап етіледі. Өйткені, жаңа бағдарламадағы барлық басымдықтар әрбіріміздің лайықты өмір сүруіміздің нақты кепілі.

Жақсыгүл ТОҒАНОВА,

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық

жоғары колледжі директоры міндетін атқарушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<