Осы тақырыпта жаңа кітап өмірге келді. Ғұмырбаяндық туындыда бір кейіпкердің тағдыры тарқатыла келіп, ілгерідегі тұтас бір дәуірдің сан тараулы жолы сабақталған. Ата-бабасы кешкен қиын-қыстау өмірдің ащы-тұщы естеліктері жадында жатталып қалған бала өзі ата болған шағында ой-санасын шырмап алған сол оқиғаларды ұрпақтарына баяндап беруді ұйғарады.
Иә, «Ғұмырдария құярлығы» бөлімінен бастау алған оқиға «Көңіл көкжиегіндегі сәуле», «Перзент пейілі», «Ұрпағым ұлағат тұтсын деп» аталатын төрт бөлімде түрлі-түрлі оқиғаларға қанығып, қандай бір қиын шақтарда адалдығынан танбаған жандардың өнегелі өмірінен өткеннің жарқын белгісін танығандай боласыз. Дәлірек айтсақ, ата-бабаның ғибратты ғұмыры артында қалған ұрпағына адаспайтындай айқын жол көрсететін шамшырақ секілді. Әлқиссасы «Бабалар баянына барсақ» деген әңгімеден басталған деректі хикаят әрі қарай тарқатыла түсіп, жиырмадан астам жазбада жан-жақты баян етілген.
Бір заманда ата-бабасы тағдыр жазуымен туған жерінен жыраққа кеткен Молдахмет Құлахметұлы Өзбекстанның Бөке ауданына қарасты Алқажар елді мекенінде өмірге келген. Ол орта мектепте оқып жүргенде-ақ, өзіндік ерек қабілетімен танылып, волейбол, футбол және бокстан 1 санаттағы спорттық дәрежені қорғады. Мектептен соң Ташкент мемлекеттік денешынықтыру және спорт институтын бітіріп, осы мектептен еңбек жолын бастаған.
Арман болған атамекені – Қызылордаға 1999 жылы көшіп келген. Қаладағы №197 орта мектепте әскери дайындық мұғалімі болып жұмысқа орналасқан білікті маман ұзақ жыл қоғамға, елге қалтқысыз қызмет етті. Спорт саласында мықты жастарды тәрбиелеп, ел біріншілігінде үнемі алдыңғы қатардан көрінді. Осындай талантты спортшылардың бірі Тұрсынбай Молдахметұлы (өзінің ұлы) – Азияның екі дүркін чемпионы, Әлем чемпионатының жүлдегері, кәсіпқой бокста да көптеген жеңіске жетіп, қазақтың көк туын жоғары көтеріп жүрген азамат. Бүгінде Молдахмет Құлахметұлы адал қызметімен абыройға бөленген азамат, Сыр елінің білім мен спорт саласына елеулі еңбегі сіңген ардагер.
Кітап авторы – көрнекті ақын, Ақпарат саласының үздігі, «Құрмет» орденінің, «Тұран» сыйлығының иегері Дүйсенбек Аяшұлы. Кітапта сонау 1920-1930 жылдарда кеңестік өкіметтің қысымынан зардап шегіп, туған жерінен ауа көшкен ағайынның басынан кешкен қилы тағдыры баяндалған. Қалам иесі әр әңгіменің желісіне қарай ескіден қалған есті сөздерді мысалға ала отырып, біле білген жанға осынау қас қағым өмірдің қаншалықты қадірлі екенін барынша айтып бағады.
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өткен «Алқажардан атамекенге дейін» атты кітаптың таныстырылымына арналған жиында ел тарихы, руханият, тәрбие, ұрпақ сабақтастығы жайлы сөз болды.
Жиынға арнайы қатысқан облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Шәкизатұлы ардагер Молдахмет Құлахметұлына басқарма басшысы А.Есжановтың құттықтауын табыстады. Жиынға кітап кейіпкерінің ағайындары, білім саласы бойынша бастауыш ардагерлер ұйымының өкілдері қатысты.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





