Конституция

«Ауыл аманаты» Бесарықтың берекесін арттыра түсті

4

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Сырдария ауданының Бесарық ауылында сәтімен жүзеге асуда.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев ауданға жұмыс сапары барысын­да осы ауылдағы №12 ау­дандық балалар-жасөспірімдер спорт мек­те­бінің жұмысымен танысты. Спорт кешенінде дзюдо, бокс және таэквондо үйірмелері жұмыс істейді. Қазір мұнда 180 адам спортпен тұрақты шұғылданады. Мекемеде 18 қызметкер еңбек етеді.

Одан кейін аймақ басшысы ауылдың орта­лық алаңында тұрғындармен кездесіп, шағын өндірістік орталық пен ауылдық мәдениет үйінің жұмысын көрді.

Жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тың­дап, Бесарық ауылын одан әрі дамытуда атқа­рылатын жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Мұнда «Абай-Дәулет» серіктестігінің демеу­шілігімен фри картобын өндіретін зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнімдер цехтары, жұмыс қолғаптарын, пластик ыдыс­тарды, сабын мен ағаш бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылған. «Қызылорда» супермаркеті мен дәмхана тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Еске салсақ, 2024 жылы ауылда жалпы ау­мағы 1 мың шаршы метр болатын шағын өн­ді­рістік орталық пайдалануға беріліп, 13 кәсіп­керге өз кәсібін бастауға мүмкіндік жасалды.

Оның 4-еуі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы, 5 жоба «Өңірлік инвестициялық орта­лықтың» қолдауымен, ал 4 жоба шаруа­шылықтың өз қаражаты есебінен жүзеге асты. Нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 960 млн теңге инвестиция тартылды. Бүгінде кәсіпкерлер шағын өндірістік орталықта өз өнімдерін шығаруда.

«Абай-Дәулет» серіктестігі 2018 жылдан бері ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Бұл қаржы 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге, абаттандыруға және көгалдандыру жұмыс­тарына жұмсалды.