Құрылтай

Ауыл ақынын ардақтады

7

0

Сырдария ауданы Жетікөл аулында Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі, қаламгер-ақын Кенжалы Ерімбетовтің 70 жас мерейтойына орай «Жырмен елін тербеткен» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті.

Шараның ашылуында ақынмен блиц-сұхбат жүргізіліп, мектеп оқушылары жыр арнап, көпшілік шығармашылық көрмесімен танысты. Ал сахнада мерейтой иесіне «Сыр медиа» серіктестігінің директоры Марат Аралбаев облыс әкімінің құттықтау хатын, Сырдария аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Анар Қалдыбаева аудан әкімінің құт­тықтау хатын табыс етіп, сый-сияпат көрсетті.

Жетікөл ауылдық округінің әкімі Өмірбек Тоқпанбетов мерейтой иесіне шапан жауып, шынайы тілегін жеткізді.

 Мүшәйраға қатысушылар жетпіс жас иесінің образын жырмен сомдап, оған қоса өз өлеңдерін оқыды. Әдетте, айтысқа ғана арқа қоздыратын жұрт мүшәйраның әсем әсерін сезініп, ақындарға қиқулап қошемет жасады.

Нәтижесінде қызылордалық Ақжол Түменбай бірінші орынға, аралдық Айдар Сайлау екінші орынға лайық болды, шиелілік Бекжан Ержігіт пен жалағаштық Сәния Жақып үшінші орын жүлдесін бөлісті.

Бас жүлде алған Ақжол ақын «аңшыдан сыралғы, батырдан сауға» дегендей, бәйге байлау ата салтын жаңғыртып, алған жүлдесін жаңақорғандық жас ақын Ізбасар Әбдібековке беріп, көптің ықыласын иеленді.

Мүшәйраға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Мұхамеджан Нұрхан, Дүйсенбек Аяш­ұлы және Қазақстан Журналистер ода­ғы облыстық филиалының төрағасы Қуат Шарабидинов қазылық жасады.

Ақындар ауыл тұрғындарына рухани демеу болып, шат-шадыман көңіл-күй сыйлады.

Шара соңында ауыл мешітінде ата-бабалар рухына ас беріліп, мерейтой иесі көпшілікке алғысын айтты.

«СБ» ақпарат