Ауылға атакәсіп қана тірек болады

248

1

Жекешелендіру «желі»

Ақділда Қыпшақбаев – ауыл шаруашылығы саласының арда­гері. Көпжылдық тәжірибесі бар ағамыз 1998 жылы Жалағаш ауданында «Мәдениет» шаруа қожалығын құрып, әлі күнге соған жетекшілік етіп келеді. Кеңес одағы, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңі мен одан бергі көптеген өзгеріс көз алдында өтті.

– Азаттықтың алғашқы жылдарында ауыл алапат дағдарысты бастан өткерді. Тозығы жеткен техникаға күніміз қарап қалды. Колхоз-совхоз атаулыны жаппай және тез арада жекешелендіру кесірінен сала терең дағдарысқа ұшырады. Осылай қолда барымыздан айырылдық, – дейді ол.

Қазақстан кеңестік дәуірде одақтас мемлекеттерді шикізатпен қамтыған бірден-бір ел еді. Одақ ыдырағаннан кейінгі жағдай онсыз да белгілі. Тәуелсіздік алған тұста басталған аграрлық реформа жөн-жосықсыз жүргізілді. Тек 1998 жылдан бері ауылды түбегейлі қайта құру және қаржылай сауықтыру шаралары қабылданды. Саланы реформалаудың алғашқы онжылдығында ел аумағындағы егістіктің жалпы көлемі – 7,5 млн, дақылдар егістігі 13,7 млн гектарға қысқарды. 1992 жылмен салыстырғанда 1998 жылы астық өндірісі – 2,4, экспорты 6 есе төмендеді. Дәнді дақылдардың орташа жылдық өнімділігі 1991-1995 жылдары гектарына – 9,3, 1996-1997 жылдары 8 центнер болды. Сәтсіз реформа салдарынан агроөнеркәсіп 1991-2001 жылдары үлкен ауыртпалыққа төтеп берді.

Егемендіктің елең-алаңында өздеріне тиесілі пай мен жер үлесін алған жаңа меншік иелері дербес шаруа қожалықтарын құрды. Ал кейбіреулері ерікті түрде өнеркәсіптік кооперативтерге, акцио­нерлік қоғамдар мен түрлі серік­тестіктерге бірікті. Кезінде бытырап кеткен талай шаруа­шы­лықтың басын біріктіру кейін келелі мәселеге айналды.

Еңбек ардагері Тобаш Ембер­генұлы бөлінбеген шаруа­шылық­тардың бүгінде іргелі ұжымға айналғанын айтады.

– Бөлініп кеткендері ірілену ар­қылы ғана ауылды дамытуға бағытталған қолдауды сезінуге болатынын түсінді. Себебі мем­лекеттік субсидияның басым бөлігі осындай шаруашылықтарға тиесілі. Азын-аулақ егін егіп, мал баққандар игіліктен көбіне-көп құр қалып жатады, – дейді ол.

Қазақстан ауылдарында бү­гінде 1 млн 700 мыңдай қосалқы шаруашылық бар. Мемлекет басшысы олардың өнімі сауда орындарында ресми түрде сатылмайтынын, өңдеу кәсіпорындарына жет­кізілмейтінін, онда жұмыс істейтіндердің әлеуметтік тұрғыда қорғалмағанын атап өтті.

«Егемен Қазақстанның» 2020 жылғы 25 мамырдағы нөмірінде «Коо­­ператив құру арқылы ауыл тұр­ғындарының әлеуметтік жағ­дайын көтеру» жобасының жетек­шісі Анас Баққожаевтың «Кооператив көпке керек» атты мақаласы жарияланды.

– Жекешелендіру нәтижесі жалпы көпшіліктің көңілінен шық­пады. Тараған колхоздар мен сов­хоздардың орнына жер үлестерінен құралған серіктестіктер мен акционерлік қоғамдар пайда болды. Өз үлесін беріп, одан еш пайда көрмеген қара халық үйдегі қосалқы шаруашылығына үміт артты. Осылар қазір Қазақстанда өндірілетін мал өнімінің 70 процентке жуығын ешбір технологиясыз және мемлекет көмегінсіз беріп отыр. Ал егер оларды заманауи технологияларға тартып, мемлекет қолдаса, үй шаруашылықтарынан құралған коо­перативтердің де берері еселеніп, ауылдағы халықтың тұрмыс дең­гейі айтарлықтай көтерілер еді, – делінген онда.

Автор тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін іріленгеннің ісі ірі болатынымен аяқтапты. Жекешелендіруден ес жия алма­ған ауылдардың еңсесін көтеру­дің бірден-бір жолы  кооперация екенін экономистер де айтып жүр. Бірақ оның өзін барынша сақ жүргізуге кеңес береді.

Күріштік неге кеміді?

Сырдарияда биыл да су аз. Соған байланысты күріш алқабының көлемін былтырғыдан 5 гектарға қысқартуға тура келді. Облыс диқандары осылайша Сыр салысын 84,4 мың гектар жерге ғана себуге келісті.

1983-1995 жылдар аралығында облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары болған Тобаш Ембергенұлы мұны әлі жеткіліксіз деп есептейді.

– Онсыз да күрделі мәселені ушықтырмау үшін күріштік көлемін 70 мың гектардан асырмау керек. Оның орнына суды мейлінше аз қажет ететін дақылдарды, мысалы, мақсары, соя, қант құмайы, жоңышқа егуге болады. Қазір жоңышқаның бағасы аспандап тұр. Жем-шөп ретіндегі ролінен бөлек, жоңышқа – тозған жерді тыңайтуда таптырмас көмекші, – дейді сала ардагері.

Аграрлық салада ауыспалы егіс тәртібі бар. Белгілі бір алқапқа тиісті кезеңде күріш пен жоңышқа кезектесіп егілуі тиіс. Заңдылық сақталмаса, ол жер тұзданып, құнарлылығы кемиді. Мамандардың сөзінше, күріштің гектарына 33 мың текше метр су керек. Енді 84 мың гектарды өзіңіз шамалай беріңіз. Күрішті өлке үшін су мәселесінің күрделі болу себебі түсінікті де.

Үкіметтің егінді әртараптандыру туралы бастамасы әдемі сөз ғана емес. Оның астарында топырақты тозудан сақтау, су тапшылығын сейілту мәселелері жатыр. Биыл облыста 98 гектарға соя, 40 гектарға қант құмайын, 66 гектарға жеміс-жидек жүзім егу межеленді. Қызанақ, жүгері мен жоңышқаның кең алқабы тамшылатып, жаңбырлатып суарылады. Бұл да суды үнемдеу мақсатында қолға алынып отыр.

– Әртараптандырудың тиімділігі зор. Алайда біздегі шаруашылықтардың дені күріш егуге дағдыланған. Одан бірден қол үзу қиын. Екіншіден, күріш егіп, оратын техника басқасына жарамайды. Жаппай техника жаңартуға қаржылай мүмкіндік жоқтың қасы. Бірақ Сырдарияның күйін көріп отырмыз. Жылдан-жылға күрделеніп барады. Күрішті өзге дақылдармен алмастыруға түбінде келеміз, – дейді Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жетек­ші ғылыми қызметкері Камалдин Шермағанбетов.

Қанша жерден қиын болса да, оған осы бастан біртіндеп бой үйреткен дұрыс. Қармақшыдағы «Тұрмағамбет» серіктестігі күріш егуден облыс озат­тарының қатарында. Соған қарамастан су тапшылығына байланысты мәселеге терең бойлады. Сөйтті де дер кезінде іске көшті. Екі жыл бұрын күріш егістігін 2700 гектарға азайтып, есесіне соя мен мақсары егуге ден қойды. Жоңышқа мен бидай аумағын да арттырды. Тұрмағамбеттіктердің бірінші боп қимылдайтын жөні бар. Өйткені шаруа қожалығы орын тепкен ауыл Сырдарияның аяқталар тұсында тұр.

Деректер «дейді»

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы соңғы отыз жылдағы өңірдің агроөнеркәсіп кешені тұрақты даму тенденциясымен ерекшеленетінін алға тартып отыр.

– Мемлекеттік қолдау шаралары 2003 жылдан басталды. Сол уақытта ауыл шаруашылығына небәрі 142,8 млн теңге бөлінсе, 2020 жылғы қаржы көлемі 14,6 млрд теңгеге ұлғайып, 14,8 млрд-ға жетті. Осының арқасында саланың даму динамикасында оң өзгерістер бар. Мысалы, ауыл шаруашылығының облыстың жалпы ішкі өніміндегі кейінгі он жылдағы үлесі 3,9-дан 4,8 процентке өсті. Бұл экономика құрылымына сапалы өзгеріс әкелгені рас, – дейді басқарма басшысы Шахмардан Қойшыбаев.

2020 жылы 141 млрд теңгенің өнімі өндірілді. 1991 жылы ол 2,3 млн теңгенің айналасында еді. Сырбойылық күрішшілердің ел қамбасына жылда қосатын үлесі 500 мың тоннадан кем түскен емес. Дала еңбеккерлері былтыр егемендіктің алғашқы жылындағыдан бір жарым есе, яғни 550 мың тоннадан астам астық жинады. Жергілікті өнім жақын шет елдерден бөлек, Германия, Нидерланды, Түркия, Иракта жоғары сұранысқа ие. Бақшалық дақылдар мен қымыз, шұбатымыз да брендке айналып келеді.

– Күріш, балық, көкөністі 2004 жылдан бастап сыртқа жөнелте бастадық. Содан бері экспорт көлемі 2,8 есе артты. Машина-трактор паркі 25 процентке жаңарды. Бірнеше жаңа өндіріс құрылды. Олардың қатарына «Жан Арай-жем» құрама жем зауытын қосуға болады. Агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру жұмысы жүйеленді. «Ақмая» шаруа қожалығының базасында нақты егіншілікке бағытталған «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасы жүзеге асырылды. «Мағжан және К» серіктестігінде еліміздегі тұңғыш цифрлық күріш өңдеу зауыты салынды, – дейді аграрлық сала жетекшісі.

Көлеңкедегі көп түйткіл

Басқарма ұсынған мәлімет бұл. Көрсеткіш тәп-тәуір. Бірақ біз сұхбаттасқан мамандар көп түйткіл статистиканың көлеңкесінде қалып жатқанын жасырған жоқ.

– Кеңес одағы тұсында Жалағаш ауданының Калинин совхозында 12 жыл тапжылмай жұмыс істедім. Ешкім қалаға кеткісі келмейді. Өйткені бүкіл жағдайы жасаулы. Қазір не, ауылда негізінен кемпір-шал қалды. Ұжым­дарды қайтадан ірілендірмей, жастарды ынталандырмай, жұмыссыздық мәселесін шешпей ауылда адам ұстап тұру қиын. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының идеясы дұрыс. Алайда білімі болғанмен, тәжірибесі жоқ жас маманға қалай сенім артпақпыз? Олар әуелі шаруашылықтарда тәжірибе жинауы тиіс. Мемлекет келешегіне кепілдік беруі керек, – дейді Тобаш Ембергенұлы.

Ауылға агроном, зоотехник, ветеринар, инженер-механик, инженер-технолог жетіспейтінін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров та растап отыр. Өйткені қалаға қарағанда жала­қы­ның төмендігі, баспананың жоқтығы, әлеуметтік инфрақұрылымның нашар­лығы түлектердің еңбек өтілін ауылда өтеуіне кедергі.

Ал Камалдин Шермағанбетов мемлекет қолдауының мардымсыздығынан аграрлық ғылымның кенжелеп қалғанына алаңдаулы.

– Нарықтық экономикаға көшкен соң «Ғылым өзін-өзі асырайды» деген түсінік пайда болды. Бұл – жаңсақ пікір. Жаңа сорт шығаруға кемінде он жыл керек. Ғалымдар сонда қалай күн көрмек? Қызылорданың атын әлемге әйгілеген «Маржан» күріші ауруға шалдығып, қолданыстан ығыса бастағасын Ресейдің «Лидері» мен «Янтарын» тасыдық. Біздің табиғатқа бейімделмегеніне бас қатырған жоқпыз. Жергілікті сорт шығаруға көпке дейін көңіл бөлінбеді. Ғылымға көзқарас – осы, – дейді ол.

Өңірде шаруаларды қолдау қарқыны соңғы уақытта бәсеңдеген көрінеді.

– Екі жылдан бері субсидия қолжетімсіз. Техника да, тыңайтқыш та удай. Қымбатшылық қысып барады. Күрішті өткізетін жер табу мұң. Егінді әртараптандырудың маңызын түсінгенмен, қол қысқа. Алаңсыз жұмыс істеуге кедергі көп, – дейді Ақділда Қыпшақбаев.

Күрішті қауын-қарбызбен ауыс­тыруға болады. Бірақ бау-бақша егу мәселесі өңірде әлі күнге өзекті.

– Бақша өнімінің 80-90 проценті сырттан тасымалданып жатыр. Әсіресе, Түркістан облысына тәуелдіміз. Жергілікті тұрғындар өзі өсірейін десе, арзан әрі сапасыз тұқымға ұрынып жатыр. Бүгін базардан тұқым алсаңыз, оның сізге өнім беретініне кепілдік жоқ. Ол қай жақтан алынды, сертификаты бар ма, белгісіз. Екіншіден, топырақтың тұздануы, арамшөптердің қаулап шығуы, «қауын шыбыны» зиянкесінің қаптауы кәсіпкерлердің қолын байлап отыр, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов.

Ғалымның жетекшілігімен жыл басында облыс орталығында «Жаса Агро» бау-бақша орталығы ашылды. Мақсат – халықты сапалы көкөніс тұқымымен, жеміс, сәндік екпе, қылқанжапырақты ағаш көшеттерімен қамтамасыз ету. Мамандар жылыжай кәсібін жылжыту, көшет отырғызу, оны күтіп-баптау тәсілін бөлісуге дайын.

Сонымен біз отыз жылдағы ауыл тынысын ашқан кейбір бастаманы ғана санамалап қоймай, бірқатар мәселенің шетін шығардық. Бұл әлі де болса алда көп жұмыс күтіп тұрғанын көрсетеді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер:

Пікір жазыңыз