Барлығы қарапайым заттар экономикасынан басталады

905

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Президент жанындағы Ұлттық Кеңестің мүшесі Мұрат Әбеновтің «Серпіліс» сараптамалық форумына берген сұхбатын тыңдадым. Облыс басшысы бүгінгі таңда аймақ алдында тұрған әлеуметтік-мәдени, экономика салалары бойынша өзекті мәселелерді жан-жақты талқы тезінен өткізіп, өз пайымдауларын білдірді.

Облыс экономикасының негізін өнеркәсіп құрайтын болғандықтан, қазір бұл салада күрделі жағдай қалыптасып отыр. Атап айтқанда, әлемдік мұнай бағасының төмендеуі, осыған байланысты халықаралық ұйымдардың шектеу шаралары, жалпы алғанда, біздің таяу болашақта экономиканың шикізаттық емес түрінен арылу қажеттігімізді талап етеді.


Мен, ең алдымен, ауылдың тағдыры туралы айтқым келеді. Бұл турасында осы жылдың ішінде облыстық газетте екі көлемді мақалам жарық көріп, негізгі проб­лемаларды ортаға салдым. Облыс әкімі өз сұхбатында ауыл өндірісін әртараптандыру, малазығындық дақылға көп көңіл бөлу, бұл орайда жайылымдықты кеңейтудің жолдары туралы келелі пікір айтты. Нақты атқарылатын іс-шараларды атап көрсетті. Бұрынғы ескі құдықтарды қайта жаңғыртып, малазығындық дақылдар көлемін ұлғайтуға қатысты жұмыстар қолға алынатынын айтты. Бұл жүзеге асса, енді өркендеп келе жатқан мал шаруашылығының көсегесі көгеретіні айдан анық.


Менің ойымша, қазір қарапайым заттар экономикасын өмірге енгізудің маңызы зор. Киімді Түркиядан, Орта Азия елдерінен тасымалдау мүлдем ақылға қонымсыз. Бұрын Кеңес Одағы кезінде қалыптасқан өндірістерді қалпына келтіруге болады. Бұл бір жағынан ауылдағы жұмыс орнының көзі болып табылады. Қазір жасыратыны жоқ, ауылдан қалаға көшу белең ала бастады. Бұл үдерісті тоқтату үшін шалғай ауылдағы мамандардың жалақысын өсіріп, қаржылық жағынан қолдау керек.

Менің есебім бо­йынша қазір облыста ауыл тұрғындарының саны 27 процентке дейін төмендеді. Осынша халықты қолдау үшін бюджеттен көп қаржы кетпейді. Бар болғаны аудан бюджетін үйлестіріп, қаржыны ең маңызды буындарға бағыттаса, жетіп жатыр.

Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<