Мемлекет басшысының елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайту, инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жаңа өндіріс орындары іске қосылуда. Мұның дәлелі – сенбіде Аралда екі бірдей зауыт ашылып, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар нақты іске айналды.
ТҮЙЕ СҮТІНЕН ҚҰРҒАҚ ҰНТАҚ
Алдымен аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Арал қаласындағы түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығаратын зауыттың ашылу рәсіміне қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімі бұл бастама өңірдің өндірістік қуатын нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін атап өтті.
– Баршаңызды аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі – түйе сүтінен ұнтақ шығару зауытының ресми ашылуымен құттықтаймын! Бұл өңір экономикасының дамуына тың серпін, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген болатын.
Осы ретте аймағымызда ірі инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асуда. Соның бірі – 3 млрд теңгеге салынған «Қазақ Кэмел» компаниясының түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауыты.
Жалпы елімізде түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындар бар болғанымен, өнеркәсіптік деңгейде құрғақ ұнтақ өндіретін зауыт өте аз. Сондықтан бұл – бірегей әрі маңызды бастама, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Жылына шамамен 400 тонна өнім өндірілетін бұл зауытта 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдыру үшін күніне 20 мың литр сүт қажет. Бұл жергілікті тұрғындар үшін тиімді болмақ. Түйе сүтін күнделікті өткізіп, тұрақты табыс табады. Жергілікті өнімге сұранысты арттыру мақсатында келісімшарт жасалып, алдағы 10 жылда Қытай нарығына экспортталады. Мемлекеттік қолдау аясында индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі берілген. Сондай-ақ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы Қытайдан қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға 1,8 млрд теңге қаржы қарастырылды.
АС ТҰЗЫ ӨНДІРІЛЕДІ
Екіншісі – Арал қаласындағы жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауыты.
Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, өндіріс орнының жұмысына сәттілік тіледі.

– Жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауытының ресми ашылуымен құттықтаймын! Сондай-ақ маңызды жобаны Арал ауданында жүзеге асырғаны үшін жеке инвесторға зор ризашылығымды білдіремін. Бұл – еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын, жаңа жұмыс орындары ашылатын маңызды жоба.
Өндіріс орындары экономиканы әртараптандыруға, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға тың серпін береді деп сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
«Тоғыс-Аралотын» серіктестігі жоғары сұрыпты ас тұзын өндіру зауытына 1,8 млрд теңге қаржы салған, жылдық қуаттылығы – 40 мың тонна. Мұнда 20 адам жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік қолдау аясында 4 гектар жер телімі беріліп, қажетті инфрақұрылым тартылды. Зауыт өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, көршілес мемлекеттерге де экспортталады.
Рәсімде облыс прокуроры Ризабек Ожаров, ел ағалары Айтбай Көшербай, Әділбек Айымбетов, Имамадин Оңғарбаев, Нұралы Оспанов сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, зауыттардың іске қосылуына атсалысқан азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Өңірде экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн 900 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Биыл 100 млрд теңгеге 21 жоба іске қосылады деп жоспарланған.
БАЛЫҚ ҚОРЫН КӨБЕЙТКЕН
Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Қамыстыбас» балық питомнигі бағалы балық қорын сақтап, табиғи популяциясын көбейтіп келеді. Мұнда тұқы, ақ амур, дөңмаңдай секілді теңіз маржандары өсіріледі.
Мемлекеттік тапсырыс аясында жыл сайын 12 млн бір жаздық, 420 мың екі жаздық шабақ өсіріліп, Арал теңізі мен Сырдария өзеніне жіберіледі. Бұл өңірдегі су айдындарының балық қорын молайтуға ықпал етеді.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапары кезінде Қосжар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, балық питомнигінің жұмысымен танысты.
Табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға қатысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Арал ауданы аумағында балық шаруашылығын дамытуға қолайлы Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 17 көл бар. Кіші Аралды балықтың 19 түрі мекендейді. Өндірістік қуаты шамамен 30 мың тонна болатын 10 балық өңдеу зауыты аймақтың экспорттық әлеуетін дамытуға үлес қосуда.
Сапар кезінде аймақ басшысы Аралқұм, Шөміш, Сапақ, Көктем ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
«БЕЙНЕУ-СЕКСЕУІЛДІҢ» 189 ШАҚЫРЫМЫ ОБЛЫС АУМАҒЫНАН ӨТЕДІ
Жұмыс сапары мотоцикл құрастыру зауытымен танысуға ұласты.
«Тоғыс-Аралотын» ЖШС бұл жобаға 1 млрд теңге бағыттаған. Жылына 20 мың компонент шығаруды жоспарлауда. Зауытта өндірілген өнімнің 50 пайызы ішкі нарыққа шығарылады, қалған 50 пайызы шетелге экспортталады.

Өндірістік жобалардың өңір экономикасын әртараптандырудағы, жаңа жұмыс орындарын ашудағы және экспорттық әлеуетті арттырудағы маңызы зор.
Бұдан кейін облыс әкімі «Бейнеу-Сексеуіл» бағытындағы автомобиль жолының құрылысына қатысты мәселелерді пысықтады.
Еске салсақ, Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтай отырысында «Бейнеу-Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысын жеделдетуді тапсырған болатын.
Осыған сәйкес қазіргі уақытта салалық министрлік жобаны қаржыландыру көздерін айқындап, жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Жол құрылысына 780 млрд 285 млн теңге қаржы бөлінеді. Жалпы ұзындығы 559 шақырым, Қызылорда облысына 189 шақырымы тиесілі. Құрылысы толық аяқталғаннан кейін «Еуропа-Кавказ-Азия» халықаралық көлік дәлізі бойындағы бағыт шамамен 900 шақырымға, Қытай мен Ақтау арасындағы жүк жеткізу мерзімі екі тәулікке қысқарады.
Бұл жол өңірдің транзиттік әлеуетін арттыруға және теміржол бойындағы елді мекендердің дамуына оң әсерін тигізеді.
Аудан орталығынан шалғайда жатқан Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман және Беларан елді мекендеріне қатынайтын автомобиль жолының мәселесі түбегейлі шешіледі.
Аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне жұмыс сапасы мен мерзіміне қатысты талаптарды басты назарда ұстауды тапсырды.
«СБ» ақпарат





