Цифрландыру – бәсекеге қабілеттілік кілті

2084

0

«Қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – барынша цифрландыру. Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологиялар трансферті, Индустрия 4.0 элементтерін енгізу айрықша маңызды. Біз шетелдегі стратегиялық серіктестерімізбен белсенді жұмыс істеуге тиіспіз.

Сонымен бірге, отандық ІТ секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек.   Цифрландыру жөніндегі ұлттық  жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуге тиіс».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауынан

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында дамыған заманда бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторларының бірі – толыққанды цифрландыру екенін айтқан болатын. Қазақстан үшін заманауи цифрлық технологияларды ендіру аса маңызды. Сонымен қатар, цифрлық технологияларды дамыту – жалпы еуразиялық экономикалық кеңістіктің көздеген мақсаттарының бірі.

Бұл бағытта өңірімізде айтарлықтай ілгерілеу бар. Айталық, жергілікті атқарушы органдардың 2019, 2020 жылдардың қорытындысы бойынша жасалған ішкі рейтінгінде Қызылорда облысы «ақылды қала» компоненттерін енгізу бойынша үздік бес аймақтың қатарына енді.

Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндет

Цифрландыру – адамның әрекеті арқылы жасалатын жұмысты сандық форматқа ауыстыра отырып, уақытты үнемдеу, яғни қағаз толтыру, қажетті анықтама мен сервистік төлемдерді кез келген жерде интернеттің игілігін пайдалана отырып өз қажетіңізге жарату. Мәселен, білім саласында ата-ана баланы балабақша кезегіне қою, мектепті таңдау және оқушыны өзге мектепке ауыстыру, электронды күнделік арқылы баланың бағасын бақылау тетіктерін көре алады. Ал, медицинада дәрігерге қаралу, жедел жәрдем шақыру, онлайн диагнозды білу сынды саладағы жаңашылдықтарды уақытында пайдалану. Мұнан бөлек, цифрландыру толықтай енсе, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй шаруашылығы, мұнай саласындағы бірқатар маңызды мәселелер уақытынан бұрын шешімін табады. Демек, цифрландыру халықтың өмір сапасын жақсартуы тиіс.

Елімізде 2018 жылдан бері «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның басым бағыттарының бірі – цифрландыру есебінен мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен ашықтығын арттыру. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қазан айында өткен «Digital Bridge-2021» форумының ашылуында: «Мемлекеттік басқаруда IT біліктілікті көтеру жүйесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Мемлекеттік қызметкерлер технологиялық трендтерді ұғына отырып, оқиғалар мен деректерді жүйелі талдай білуі тиіс. Олар IT бизнеспен бір тілде сөйлеуі керек» деген болатын.

Мемлекет басшысы IT секторды күшейтуді тапсырды. Атап айтқанда, Цифрландыру жобасы аясында 100 мың білікті IT маман даярлау жөнінде тапсырма берді. Ал, 2025 жылға дейін цифрлық саладағы қызмет көрсету мен тауар экспортын 500 миллион долларға жеткізу керегін, бұл міндеттерді орындау үшін мемлекеттік секторды толықтай цифрландыру керек екенін айтты.

Мемлекет басшысы қойған маңызды міндеттердің бірі – интернеттің қолжетімділігі мен сапасы. Бүгінгі таңда интернет өңір халқының 99,3%-не қолжетімді. 230 ауылдық елді мекеннің 201-і мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. 4G облыс орталығында, 61 кент пен ауылдық елді мекенде бар. Қалғандары 3G жабындысымен қамтылған.

Баршамызға белгілі, мемлекеттік бағдарлама, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің тапсырмалары аясында ақпараттық жүйелерді енгізу бойынша шешілуі тиіс бірқатар мәселелер бар. Ақпараттық жүйелерді әлеуетті ұсынушылардың шешімдерін қарастыру, оңтайлы нұсқасын анықтау, жүйелерді ықпалдастыру мәселелерін пысықтау, ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау және т.с.с. жүргізіліп жатқан жұмыстар IT мамандардың жүктемесін арттыруда. Барған сайын IT біліктілікке деген талаптар жоғарылауда. Сәйкесінше атқарылатын функцияларға жауапкершілік те артуда. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, аймақта «Smart city» бойынша бастамашыл жобалар аясында ауқымды жұмыстар атқарылған.

Білім берудегі жаңа бағыт

Халық ең көп сауал тастайтын саланың бірі – білім саласы. Білім саласын цифрландыру – жұмысбасты ата-анаға қосымша көмек. Мәселен, оқу-тәрбие үдерісін автоматтандыру, қағазбастылықтан арылу және білім беру сапасын арттыру мақсатында облыста «Күнделік» электронды журналы жұмыс жасауда. Бүгінгі күні жүйеге 24477 мұғалім, 173462 оқушы, 119103 ата-ана тіркелген.

Сондай-ақ, оқушының сабақ кезінде мектепте болуын және баланың қайтып келе жатқанын бақылау үшін «Kundelik.kz» платформасының «Күнделік-трекер» қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымша ата-аналардың ұялы телефонына орнатылып және кез келген уақытта баланың қайда екенін білуге көмектеседі.

Бүгінде облыстағы барлық 294 мектеп интернет желісіне қосылған. Жаңа модификациялық кабинеттермен 76 физика кабинеті, 69 химия кабинеті және 91 биология кабинеті жабдықталған.

Қоғамдық өмірімізге соны серпін берген жаңа Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «отандық ІТ секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау қажет» деген болатын. Бұл – болашақты бағдарлаған, ел келешегінің көкжиегін кеңейтуге бағыттайтын келелі пікір.

Өңірде Президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін жүйелі жұмыс қолға алынуда. Соның бір мысалы, облыс орталығында 6 ІТ лицей ашылды. Ондағы мақсат – оқушылардың білімін ақпараттық технологиялар саласында тереңдету. Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді оқытудың сапасын арттыру мақсатында 53 инновациялық білім беру ұйымында 5-11 сыныптарда информатика пәнінен робототехника бойынша элективті курс аптасына бір сағаттан өткізіледі. Бұдан бөлек, 4 мектеп пен 9 оқушылар сарайы 3D және цифрлық білім беру лабораторияларымен жабдықталды, 122 мектеп робототехника кабинеттерімен қамтылды. Бұл ретте кейінгі төрт жылда мыңға жуық информатика пәнінің мұғалімдері робототехника негіздері курстарынан өткен.

«BilimLand» цифрлы білім беру порталы мұғалімдерді тегін дидактикалық материалдар, ресурстармен қамтамасыз етеді. Демек, сабақ жоспар жазу жеңілдеді. Бір қызығы, портал үшін интернет желісінің бар-жоғы маңызды емес. Облыстағы 294 мектептің 265-і контентке онлайн, 29-ы оффлайн режимінде қосылған. Оффлайн қосылған мектептерге BilimBox және BilimDesk құрылғылары таратылған.

Порталдың ерекшелігі неде? Оқушылар әр тақырыпқа байланысты бейне-аудио жазбалармен танысып, химиялық реакциялар жүргізеді. Бұл – олардың қауіпсіздігінің кепілі. Демек, ауыл мен қала балаларының біліміндегі сапалық айырмашылық төмендейді. «BilimLand» цифрлы білім беру контентінің «Онлайн мектеп» платформасы бойынша 42 пәннен 5700 сабақ пен 140 мыңнан астам тапсырмалармен жұмыс жасайды.

Қазіргі уақытта мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы балалардың қауіпсіздігін жақсарту және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз мектеп» жобасы жүзеге асырылуда. Барлық мектептерде бейнебақылау орнатылған. облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығы осындай шараларда қала мен аудандардың 63 мектебінде жүргізді. Сондай-ақ, биыл облыстың 35 мектебінде бейнебақылау камералары орнатылды.

Электронды үкіметті дамыту, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және оңтайландыру бойынша қазіргі таңда білім саласындағы көрсетілетін 30 мемлекеттік қызмет Egov.kz порталында, Білім және ғылым министрлігі тарапынан жасалған бірыңғай es.iac.kz ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілуде.

Байқағанымыздай, білім саласын цифрландыру жұмысы қарқынды. Алдағы уақытта жаңа модификациялық кабинеттер санын арттыру мақсатында 17 физика, 32 химия және 7 биология кабинетін жабдықтауға облыс бюджетінен 433 млн теңге қаржы бөлінген.

«DamuMed» – денсаулық демеушісі

Кейінгі жылдары өндірістің, өңдеудің, қызмет көрсету саласының барлық деңгейінде дерлік, цифрландыру жүйесі енгізіліп жатыр. Бұл процессі сөз жоқ, денсаулық сақтау саласын да айналып өткен жоқ. Тіпті, медицинадағы цифрландыру өзге салаларға қарағанда әлде қайда ертерек басталған болатын. Ақ халаттылардың айтуынша, бүгінде интернет арқылы дәрігерлердің қабылдауына жазылып, кез келген анализдің қорытындысын біліп, басқа да шаруаларды бітіруге болады. Бүгінде барлық медициналық ұйымдар «DamuMed» ақпараттық жүйесімен қамтылған. Аймақ тұрғындарына 100% электронды денсаулық паспорты толтырылған.

«Денсаулық паспорты» – әр тұрғынның медициналық электронды құжаты. Ол – адамның денсаулығы жайлы бар мәлімет енген амбулаторлық карта. Картада тұрғынның жеке бас мәліметі мен аурулары, тексеріс нәтижелері жазылады. Бұл құжатты науқас пен оның дәрігері көре алады, яғни, электронды кабинет науқас пен дәрігеріне ғана қолжетімді. Сонымен қатар, «DamuMed» қосымшасы да қолжетімділікті арттырады. Дәрігерге тіркеу, тағайындау электронды түрде ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылуда.

«Электронды жазба және электронды тіркелім» жобасы бойынша облыстағы 16 медициналық ұйым электронды тіркеуге және электронды кезекке арналған жабдықтармен қамтылған. Нәтижесінде, тұрғындардың кезекте тұру уақыты 20% төмендеді. Оған қоса, 15 медициналық ұйымда, оның ішінде 8 аудандық, бір қалалық және 6 облыстық медициналық ұйымда телемедицина кешендері орнатылған.

Жедел жәрдем көліктерінің Gps-мониторингі жобасын жүзеге асыру нәтижесінде тұрғындардың жедел жәрдемді күту уақыты да қысқарған. Айта кетерлігі, цифрландыру денсаулық сақтау ұйымдарындағы күнделікті сыбайлас жемқорлықты жоюға да ықпал етуде. Мысалы, берілген медициналық анықтамаларды автоматтандыру жобасы қаржылық шығындарды қажет етпейді. Есесіне, 083/У, 086/У, 095/У және еңбекке жарамсыздық парағы секілді анықтамаларға QR код енгізілген.

Ал, психоактивті заттың қолданылу фактісін және мас күйін анықтауға сараптама деректерін жинауды, сақтауды және өңдеуді автоматтандыру үшін «Медициналық тексерудің электронды жүйесі» веб-платформасы енгізілді. Жүйе «DamuMed» ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған, куәландыру нәтижелері пациенттің электрондық денсаулық паспортына автоматты түрде түседі.

Зерттеу нәтижелерін жоғалту жағдайларының алдын алу, сондай-ақ қайталама зерттеулер жүргізу мақсатында медициналық құжаттар ұзақ және тұрақты сақтауды талап етеді. Осыған байланысты өткен жылы DICOM бейнелерін жіберу және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу жобасы іске асырылды. Жүйе облыстың денсаулық сақтау басқармасына ведомстволық бағынысты 13 медициналық ұйымға енгізіліп, медициналық мекеме бөлімшелерін пациенттерді диагностикалау және емдеу үшін бірыңғай ортаға біріктіруге мүмкіндік берді.

Басқа өңірлерде баламасы жоқ жоба

Цифрландыру – Қазақстанның озық ел атану жолындағы мақсаты емес, құралы. Бәсекеге қабілетті болу, өсімді өнім өндіруді арттыру – міне, осы мақсат. Ендеше, қоғамның барлық саласын цифрландыру маңызды міндет. Осы тұста, руханияттың қазығына айналған кітапханаларды цифрландыруға басымдық беріліп отыр. Жер-жерде QR-коды бар электрондық кітап тақталары орнатылып, «Мобильді кітапхана» жобасы іске асырылды. Смартфонның көмегімен ақпаратты сканерлеу мүмкіндігі бар.

Бұдан бөлек, облыстың 150 тарихи және мәдени ескерткіштеріне QR-код орнатылды. QR-код арқылы өңір ескерткіштерінің тарихын мемлекеттік және орыс тілдерінде көруге, оқуға мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ, өңірдің көрікті жерлерімен және тарихи ескерткіштерімен виртуалды түрде танысуға мүмкіндік беретін тарихи-мәдени мұра объектілерінің 3D интерактивті картасы жасалды.

Атап өтерлігі, еліміздің басқа өңірлерінде баламасы жоқ жобалар да аз емес. Мысалы, жергілікті ІТ парк мамандары табиғат пайдаланушылардың есептерін қабылдаудың электрондық жүйесін әзірледі. Жүйе табиғат пайдаланушылардың қоршаған ортаға нақты эмиссиялар бойынша есептерін электрондық қабылдау және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындауға арналған.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды тиеу және нақты жинауды бақылау орындарын анықтау, адами фактордың қатысуынсыз маршруттарды тиімді реттеу мақсатында Қызылорда қаласында «қоқыс тасығыштарды диспетчерлеу» жобасы іске асырылуда. Жоба аясында 104 GPS трекер және 136 жанар-жағармай бақылау датчигі сатып алынды. Бүгінгі таңда «Виалон» бағдарламасы арқылы қоқыс тасығыштарға мониторинг жүргізілуде.

Сандық технология өріс алған кезеңде құрылыс саласы да көштен қалған жоқ. Цифрландыру «құрыш қолдыларға» да жетті. Құрылыстың жай-күйі мен барысын бақылау, мониторинг саласында «Е-stroi» электрондық платформасы әзірленді. Түптеп келгенде, бәрі елдің көз алдында. Бұл өз кезегінде бақылау шараларының тиімділігін арттыруға, құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуына жол ашты.

Қылмыстық істі қарауда артықшылығы неде?

Қылмыстық істі цифрландыру – дәлелдемелерді жинақтау рәсімін оңайлатуға, процессуалдық құжаттарды құрастыруға, сот органдарының материалдық шығындары мен жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Цифрландыру технологиясын дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан электрондық қылмыстық істер істің барлық кезеңін, яғни, қылмысты тіркеуден бастап, оны тергеу барысы мен үкімнің орындалуына дейін қамтиды.

Өңірде «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі» кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын жоба бойынша 2018 жылдан бастап 425 термопринтер мен планшеттер жиынтығы сатып алынды. Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері барлық әкімшілік хаттамалар электронды форматта толтырылып, хаттамалар базасына енгізу және жасау уақыты қысқартылды.

«Электрондық қылмыстық іс» жобасы бойынша 2018 жылдан бастап 266 автоматтандырылған жұмыс орны іске кірісті. 

Өткен жылы Қызылорда қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 13 стационарлық «Арқан» жылдамдық өлшегіші орнатылды. Сондай-ақ, биыл облыстық бюджет есебінен 7 стационарлық жылдамдық өлшегіш сатып алынды. Қазіргі уақытта монтаждау жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы бойынша білім беру ұйымдарында 1292, денсаулық сақтау ұйымдарында 703, көппәтерлі тұрғын үйлерде 992 камера бар. Оның ішінде 692 камера жедел басқару орталығымен ықпалдастырылған.

2019 жылы елімізде алғашқы болып тұрғындарға ыңғайлы қызмет көрсету мақсатында облыс орталығында 112 бірыңғай диспетчерлік қызметі құрылған болатын. Анығын айтқанда, тұрғындар төтенше жағдай бола қалған жағдайда бір ғана нөмірге хабарлап айта алады. Ол – 112. Осы нөмірді терсеңіз, жедел жәрдем, төтенше жағдай, құқық қорғау қызметкерлері шұғыл көмек көрсетуге дайын. Биылғы 9 айдың көрсеткіші бойынша, диспетчерлік қызметке 261 мыңнан астам қоңырау келіп түскен.

«Агробиржа» – тауар өндірушілерге жаңа мүмкіндік

Экономиканың барлық салаларын, оның ішінде ауыл шаруашылығын цифрландыру – ел дамуының негізгі бағыты. Ақпараттық технологиялар ғарыш индустриясынан бастап денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығына дейінгі түрлі салалардағы кәсіпорындардың бизнес процесіне әсерін тигізуде. Еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортының көлемін арттыру үшін АӨК цифрландырудың тиімді және қолжетімді құралдарын енгізу қажет.

Ауыл шаруашылығын цифрландыру технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бизнес процестерін автоматтандыру аграрлық бизнестің әсерін едәуір арттырады және ауыл шаруашылығы өнімдері айналымының процесін өзгертеді. Осы ретте, облыс бойынша ауыл шаруашылығы саласында бірнеше жоба іске асырылып, жұмысын жалғастыруда.

Айталық, облыс шаруалары енді өз өнімдерін онлайн режимде өткізе алады. Өңірде күріш, тұқым, тыңайтқыш, гербицид, ауылшаруашылық техникаларын өндіретіндер үшін «Агробиржа» электронды сауда алаңы құрылған болатын. Қазіргі таңда оның ауқымы артып, тікелей сатылым аумағы кеңейіпті. Шалғайдағы шаруалар интернет арқылы алыс-жақын елдерге күрішпен қатар құс азығын да саудаға салуда.

Сайтта 462 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің, ірі кәсіпорындардың, сондай-ақ Ресей, Чехия, Түркия, Өзбекстан, Украина кәсіпорындарының хабарландырулары орналастырылды.

«Ақмая» пилоттық шаруашылығы негізінде ауыл шаруашылығы өндірісінің нақты егіншілігін цифрландыру элементтерін енгізу бойынша платформа әзірленді. Көкөніс өнімдерін импортты алмастыру және бағаны 20%-ке төмендету мақсатында автоматтандырылған компьютерлік басқару негізіндегі өнеркәсіптік жылыжай жобасы іске қосылды.

2019 жылы алғашқы заманауи технологиялармен басқарылатын «Мағжан и К» ЖШС-ның цифрлық күріш өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Республикада баламасы жоқ зауыт бірыңғай автоматтандырылған жүйенің көмегімен жұмыс істейді. Өнеркәсіпті цифрландыруды жаппай енгізе отырып, кәсіпорын күріш өндіру бойынша оңтүстік кореялық технологияны қолданады.

Сонымен қатар, өндіруші компанияның технопаркі CLAAS, John Deere және Case модельді комбайндармен толықтырылды. Айта кетейік, күріш пен жоңышқа тұқымдары озық технологиялары бар Германия зауыттарының бірінде өңдеуден өтеді.

Бұдан бөлек, кеше ғана ашылған шыны зауыты – төртінші өнеркәсіптік революция элементтері қамтылған инновациялық жоба. Кәсіпорында АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия, Қытай, сондай-ақ, Румынияда шығарылған заманауи үлгідегі технологиялар қолданылады.

Зауыттың тағы бір ерекшелігі – үлкен көлемді және ауыр салмақты шыны табақшаларын кесуге және тасымалдауға роботтар қолданылмақ. Шыны зауыты толық іске қосылған кезде соңғы технологиялармен жабдықталған әлемдегі үшінші зауыт болмақ. Әзірге мұндай зауыт тек Жапония мен Қытайда ғана бар.

«IQala» жобасы енгізілуде

Мемлекет басшысының «IQala» жобасын барлық аймақтарда іске асыру туралы тапсырмасына сәйкес, жобаны өңірімізде дамыту мақсатында облыстағы табиғи монополиялар субъектілері арқылы көрсетілетін қызметтердің бизнес-процестерін автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Жобаның мақсаты – өңіріміздегі табиғи монополиялар субъектілері арқылы көрсетілетін қызметтерді үйден шықпай алуға негізделген. Қазіргі таңда тестілеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2022 жылы толық пайдалануға беріледі.

Бұдан бөлек, қала тұрғындары мен қонақтарының ыңғайлылығы үшін 2019 жылы бірыңғай интеграцияланған «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымша әртүрлі салалардағы қызметтерді пайдалануға арналған. 2018 жылы облыстың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын дамыту және өңірдің талантты жастарын қолдау үшін өңірлік IT паркі құрылды. 2019 жылы 14-35 жас аралығындағы 200 жастарға «ІТ Эшелон» жобасы аясында осы нарықта Front-end әзірлеу дағдыларына оқыту жүргізілді. Оқыту үшін Yandex, mail.ru, booking.com, Компра, Kazdream Technologies тәрізді дамыған IT компанияларының білікті мамандары тартылды.

Өткен жылдан бастап Қызылорда қаласында «109 Бірыңғай байланыс орталығы» жұмыс істейді. Ол қала тұрғындары мен қонақтарынан барлық коммуналдық мәселелер бойынша «109» бірыңғай нөмірі арқылы өтінім қабылдайды. 109-ға биыл қыркүйек айына дейін 114 мыңнан астам қоңырау түскен. Сондай-ақ, коммуналдық қызметтермен және қалалық қызметтермен өзара іс-қимыл регламенті әзірленді. Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, бизнес-процестерді оңтайландыру мақсатында облыстың геоақпараттық порталы жобасы іске асырылды. Бүгінгі таңда порталдың қажетті қабаттары құрылып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан ақпараттармен толықтырылуда.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<