Құрылтай

Ел дамуының жаңа кезеңі

11

0

Фото: Ақорда

1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің құқықтық кеңістігінде жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Ендігі міндет – оның талаптарын тиімді жүзеге асырып, заңды сақтау арқылы құқықтық мемлекет құруға әрбір азаматтың өз үлесін қосуы.

Жаңа Конституцияны қабылдау – уақыт талабынан туындаған маңызды шешім. Қазіргі саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістер құқықтық жүйені жаңғыртуды қажет етеді.

Цифрлық технологиялардың қарқын­ды дамуы, экологиялық қауіпсіздік, ин­новациялар, меншіктің жаңа түр­лері, сондай-ақ жаһандық деңгейдегі жаңа сын-қатерлер мен тәуекелдер қоғам­дық және экономикалық қаты­нас­тарды заманауи талаптарға сай құ­қықтық тұрғыдан реттеуді талап етеді.

Сонымен қатар азаматтардың құ­қықтары мен бостандықтарын қор­ғау­ды күшейту – жаңа Конституцияның басты басымдықтарының бірі.

Демо­кратиялық қағидаттарды нығайту, заң алдындағы теңдікті қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік билік тармақтары ара­сындағы өкілеттіктердің тепе-теңдігін сақтау және мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыру бүгінгі күннің өзекті міндетіне айналды.

Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін сенімді қор­ғауға, мемлекеттік басқарудың тиім­ділігін арттыруға және қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға бағытталған берік құқықтық негіз қалыптастырады.

Жаңа Конституцияның күшіне ен­уі­­мен еліміз саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты деп айтуға бо­лады. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Парламент таратылғаннан ке­йін мемлекеттік билік жүйесін жаңа құ­қықтық талаптарға сай қалыптастыру жұмыстары басталады. Алдағы маңыз­ды міндеттердің бірі – жаңа сайлау өткізіп, Конституцияда көзделген өкіл­ді органдардың жаңа құрамын жасақтау.
Жаңа саяси кезеңнің табысты бо­луы Конс­ти­туцияда белгіленген қағи­­даттарды іс жүзінде жүзеге асы­руға байланысты. Сон­дықтан заң­на­малық рефор­маларды уақы­тылы жүр­гізу, мемлекеттік институт­тардың үйле­сімді жұмысын қамтамасыз ету және аза­маттардың қоғамдық өмірге бел­сенді қатысуы алдағы уақыттағы басты міндеттердің бірі болмақ.

Конституцияның басты ерекшелігі – онда мемлекет пен қоғамның дамуына негіз болатын за­манауи қағидаттар мен құнды­лықтардың айқын көрініс табуы. Негізгі заңда мемлекеттік биліктің қайнар көзі әрі ел егемендігінің иесі – Қазақстан халқы екені нақты бекітілген. Бұл елдің болашағы мен тағдырына қатысты маңызды шешімдер халық­тың еркіне сүйеніп қабылданатынын білдіреді. Адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мем­лекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған.

Оның нақты дәлелі – Жаңа Конституцияның Преамбуласында елдің тарихи тамыры мен болашақ даму бағытын айқындайтын негізгі құндылықтар мен стратегиялық бағдарлардың айқын көрініс табуы. Онда «біртұтас Қазақстан халқы» ұғымы алғаш рет конституциялық деңгейде бекітіліп, байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің сабақтас­тығы мен Ұлы Даланың мыңжылдық тарихи мұрасы ерекше атап көрсетілген. Қазақстанның унитарлық мем­лекет ретіндегі сипаты, мемлекеттік шека­расының мызғымастығы және аумақтық тұтастығы конституциялық құндылық ретінде нақтыланған.

Преамбулада «Әділетті Қазақстан» идея­сын жүзеге асыру мен «Заң мен тәртіп» қағи­датын орнықтыруға ерекше мән берілген. Бұл еліміздің адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды басты басымдықтардың бірі ретінде қарастырып, құқық үстемдігіне негізделген демократиялық мем­лекет құруға деген ұмты­лысын көрсетеді. Сонымен бірге бұл қағидалар Қазақстанның байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің заңды жалғасы әрі тарихи мұрагері екенін құқықтық тұрғыдан бекітеді.

Қазақстан – сан түрлі этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет. Осыған байланысты Преамбулада қоғамдық келісім, ұлттық бірлік, этносаралық және конфессияаралық татулық мемлекеттің негізгі құндылықтарының бірі ретінде айқындалған.

Сонымен қатар мәдениет пен білімді, ғылым мен инновацияны дамытуға басымдық беріліп, қоршаған ортаны қорғау мен табиғатқа жана­шырлық таныту, сондай-ақ барлық мемле­кет­термен бейбітшілік, дос­тық және өзара ынты­мақтастықты нығайту қағидаттары алғаш рет консти­туциялық деңгейде көрініс тапқан.
Осылайша, Преамбула Конституцияның кіріспесі ғана емес, оның барлық норма­ларының мәні мен мазмұнын айқындайтын, елдің даму бағытын белгілейтін негізгі құқықтық әрі идеологиялық бағдар болып табылады.

Ұлттық құндылықтармен қатар қазіргі заман талаптарына сай басым бағыттар да көрініс тапқан. Атап айтқанда, білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны дамыту, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, сондай-ақ барлық мемле­кеттермен бейбітшілік пен өзара ынтымақ­тастықты нығайту консти­туциялық дең­гейде айқындалған. Бұл қағидаттар қоғамның бірлігі мен елдің тұрақты дамуына негіз болатын ортақ құндылықтарды қалыптастырады.

Жаңа Конституция 11 бөлімнен және 96 баптан тұрады. Құжаттың құрылымы жүйе­леніп, бөлім­дер­дің атауы олардың мазмұнына толық сәйкес кел­тірілген. Мәселен, бұрынғы «Жалпы ережелер» бөлімі «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп қайта аталып, онда мемлекеттің негізгі консти­туциялық қағидаттары айқындалған.

Аталған бөлімде егемендік пен тәуел­сіздікті сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, жалпы­ұлттық бірлікті нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің негізгі міндеттері ретінде белгілен-ген. Сондай-ақ ешкімнің мемлекеттік билікті иемденуге құқығы жоқ екені және мұндай әре­кеттер заңмен қудаланатыны нақты көрсетілген. Халық пен мемлекет атынан сөйлеу құқығы Қазақ­стан Республикасы Президентіне, сондай-ақ Консти-туцияда белгіленген өкілет­тіктер шегінде Қазақстан Республикасының Құрыл-тайына тиесілі екені бекітілген.

Конституцияның екінші бөлімі – «Негізгі құ­қықтар, бостандықтар және міндет-тер» – адам мен азаматтың құқықтық мәртебесін жан-жақты ай­қындайтын маңызды бөлім­дердің бірі. Мұнда әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мемлекеттік сая­саттың басты басымдығы ретінде белгіленген. Сонымен қатар аза-маттардың құ­қық­тарын жүзеге асыру кезінде өзге адамдардың құқық­тары мен заңды мүдделерін құрметтеу, қоғам­дық тәртіпті сақтау, конституциялық құры­лысқа, ха­лықтың денсаулығы мен адамгершілік құнды­лық­та­рына зиян келтірмеу қағидаты нақты бекітілген. Бұл талаптар цифрлық технологиялар қарқынды дамып отырған қазіргі кезеңде ерекше өзектілікке ие.

Жаңа Конституцияда жеке өмірге қол сұғыл­маушылыққа, жеке және отбасылық құпияның сақ­талуына, сондай-ақ азаматтардың дербес деректерін қорғауға кон-ституциялық кепілдік беріледі. Бұл нормалар адамның қадір-қасиеті мен жеке ба-сының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Негізгі заңда меншік құқығын қорғау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Же-ке меншік пен мұрагерлік құқығы заңмен қорғалатыны, ешкімнің сот шешімінсіз өз мүлкінен айырылмайтыны нақты көрсетілген. Сонымен бірге меншік иелерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі де күшейтілген. Меншікті пайдалану қоғамдық мүддеге қайшы келмеуге, қор­шаған ортаға зиян тигізбеуге және өзге азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға тиіс екені белгіленген. Бұл қағидат та-биғатты қорғау мен эко­логиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Құжатта әрбір азаматтың еңбек етуге, қызмет түрі мен мамандығын еркін таңдауға құқығы конституциялық деңгейде бекітілген. Осыған сәйкес мемлекет жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын жасауға, еңбекақыны дұрыс төлеуге және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуге міндетті.

Адам капиталын дамыту, білім мен ғылым­ды қолдау, инновациялық экономика-ны қалып­тастыру – мемлекеттің стратегиялық басым­дықтарының бірі. Бұл нор-малар елдің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатын интел­лектуалдық әлеуетті нығайтуға бағытталған.

Конституцияда отбасы институтын қор­ғау­ға да ерекше мән берілген. Неке ерікті түр­де қиылатын, мемлекеттік тіркеуден өткен ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде бе­кі­тіліп, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақ­­тау мен нығайтудың құқықтық негізі қаланған.

Жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар инсти­туционалдық жаңашылдықтарды да қамтиды.

Атап айтқанда, бір палаталы Пар­ламент – Құрылтай институтын қалып­тас­тыру, вице-президент лау-азымын енгізу, сон­дай-ақ болашақта Қазақстан Республи­касы хал­қының мүддесін білдіретін жоғары консуль­тативтік орган – Қазақстан Халық Кеңе­сін құру көздел-ген. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арт­тырып, қоғам мен билік арасындағы өзара байланысты одан әрі нығайтуға бағытталған.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі – құқықтық реформалардың бастауы. Алдағы кезеңде Негізгі заңның талаптарына сәйкес конституциялық заңдар мен өзге де норма­тивтік құқықтық актілер жаңар­ты­лып, мем­ле­кеттік басқару жүйесі жаңа қағидаттарға бейім­деледі. Сонымен қатар жаңа инсти­туттардың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті құқықтық және ұйымдастырушылық тетіктер кезең-кезеңімен енгізіледі.

Конституциялық өзгерістердің нақты нәтижесі оларды тиімді іске асыруға бай-ла­нысты.

Сондықтан мемлекеттік органдардың үйле­сімді жұмысы, аза­мат­тық қоғамның белсенділігі және әрбір азаматтың құқықтық мәдениеті ерекше маңызға ие. Заң үстемдігі мен қоғамдық жауапкершілік қағидаттары берік орныққанда ғана Конституцияда көздел­ген мақсаттар толық жүзеге асады.

Түптеп келгенде, жаңа Конституция – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың да мүддесіне қыз­мет ететін стратегиялық құжат. Оның қағидаттарын дәйекті жүзеге асыру Қазақстанның құқықтық мем­лекет ретінде нығаюына, азаматтардың әл-ауқа­тының ар­туына және елдің халықаралық беделінің одан әрі өсуіне берік негіз қалайды.

Жадыра ШУКЕНОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Экономика және құқық» институты «Құқықтану» білім беру бағытының аға оқытушысы,
заңтану магистрі