Конституция

Елу жылда ел жаңа

5

0

Алпыс екінші жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтының гидро­мелиорация факультеті сол замандағы Кеңес одағы басшысы саясатына орай ауылға біртабан жақындап, Жамбыл қаласына қоныс аударып, өз алдына гидромелиорация-құрылыс институты болып құрылды. Қауесетке құлақ асар болсақ, осы институттың ашылуы алдында суармалы жер туын тіккен Сыр бойының бас қаласы Қызылорда болған деген де сөз тараған.

Шамасы, осы негізсіз емес-ау, өйт­­кені жетпіс алтыда сол институт филиалы ақыры Қызылордада ашыл­ды ғой. Бұл уақытта Сыр өңірі елі­міздің күріш орталығына айнала бастаған еді. Су мамандары қа­жет­тілігі барынша өсіп, ауылдағы құры­лыс қарқынды дамыған кез бола­тын. Сол кездегі облыс басшысы Исатай Әбдікәрімов ағамыздың көре­ген шешімі болса керек, осы оңды құбылыс. Ол кезеңде өңірде бір ғана жоғары оқу орны бар еді. Ол – педа­гогикалық институт. Сондықтан, қар­қынды өсіп келе жатқан аймақ үшін техникалық, инженер мамандар дайын­дайтын жоғары мектеп өте қажет-тұғын.

Институт бітіргесін бір жылдан сәл ғана аса құрылыс мекемесінде өндіріс мәнін азды-көпті түсінгенім болмаса, оқуға жүрдім-бардым қарамағанның әсері шығар, ғылым, біліммен бірге келе жатырмын. Жетпістің басынан осы салалардамын. Жетпіс сегізде Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институты Қызылорда филиалына оқытушылық қызметке қабылдандым. Қалтамда кандидаттық дипломым бар. Санамда ұстаздықтан хабар аз. Көп кәсіптің ішіндегі игі­ліктісінің қыры мен сырын осы ұжымда үй­рендім. Осында аймақтың ең қа­жетті мәселелерін шешуге терең бағыт­талған ғылыми зерттеулер жа­сауды да тапқаным рас.

Артта қалған сол тамаша кезең турасында еске алар жақсы жайттар мен алдағы өткен ағалар айтып кеткен ойға түйер сөздер де аз емес. Бетке­ұстар екі ақсақалымыздың орны бө­лек еді. Әди Ібірәгімұлы ағайы­мыз жалпытехникалық пәндер кафе­дра­сын басқарды. Әбсаттар Әлім­ұлы Жұмаділдаев ағайымыз – КПСС та­ри­хы кафедрасының меңгерушісі. Әди ағаның орны ерекше. Ол кісі барған жерден қолға түскен, филиалға қажет заттар мен құралдарды алмай келмейтін. Олар – жер жыртатын соқа, электр қуатын жалғайтын кабельдер, түрлі құрылыс материалдары, т.б. Сөйтіп, ортақ мүд­денің жайын алды­мен ойлауды баршамызға үйрететін. Екі көше қиы­­лысындағы жолақ орта­сында ойда жоқта кезігіп, қолыңнан мықты ұстап алып, жүйткитін авто­көлік­тер шулағанына құлақ аспай аман­ды­ғыңды, қал-жағдайыңды тәп­тіштеп сұрайтынын қалай ұмытар­сың?! Әбсаттар ағаның жер қозғалса да сыр бермейтін алтын сабыры бар еді. Ол кісінің әр сөзінен үлкендік, ірілік, жанындағыға мол қамқорлық сезіліп-ақ тұратын. Ысқақ Қар­қым­байұлы, Бақытбек Сисенұлы ағалар­дан жанындағы жастар ұстаздық қыр­ларын молынан ұғынып түсінген-ді. Тағдыр бұйрығымен жарық дү­ние­­мен қош айтысқан Сейдахмет Құтты­қадамов, Райхан Құтжанова, Арғынбек Жантлесов, Мәлік Сапар­ғалиев, Төрехан Қарлыханов, Қазбай Құдайбергенов, Лесбек Ташимов, Бауыржан Ахметжанов, Меңдіқара Жолымбетов, Тұрмахан Ділімбетов, Дастан Сейтқасымов, Минуар Қапа­нов, Мейірхан Жүсіпов, Төлеш Тұрға­нова, Айтуар Төлекбаев, Нұрділда Өзденбаев, Әлеухан Жарасов, Серік Абдрахманов, Бақытбек Құлтанов атқарып соңына қалдырған істер ұлан-ғайыр, олар орындаған мол игілікті ұстаздық жұмыстар ел-жұрт есінде, шәкірттер жүрегінде.

Басшымыз Уәлихан Қозыкеұлы Бишімбаев Қызылордада тура 20 жыл еңбек етті және қандай еңбек десеңші! Жетпіс алтыда бір ғана ғимараты, 150 студенті мен 13 оқытушысы бар шағын ғана филиалды қабылдап алып, жиырма жылдан соң үш мыңға жуық студенті бар, 300-ге жуық оқы­тушы, бірнеше оқу ғимараты бар Ыбы­рай Жақаев атындағы Қызылорда поли­техникалық институтын осы аймаққа аманаттап тапсырды. Бұл нағыз аза­маттық ерлік еді! Мынаны ескеруі­міз керек, жұрттың бәрі бірдей емес. Өзге біреу болса былай ойлауы да мүмкін ғой. «Осы мен неге соншама барымды салып, саулығымды ортаға орап, аянбай еңбектенемін? Не үшін, кім үшін? Онда асығып-аптықпай, ауа­ныммен жұмыс істейін, сосын көре жатармыз не болатынын» деп. Жоқ, бұл бағыт еліне адал азаматтың жолы емес! Бұған Уәлихан Қозыкеұлы тіпті көнген емес, мүлдем ойына да алған емес шығар! Осы азамат өзінің отыз бен елу аралығын Қызылордаға берді. Бұл не деген сөз? Бұл – азамат ең қайратты уақытын Сыр еліне арнады деген сөз. Бұл – жастық шабытты Сыр өңірі білімі мен ғылымына ар­на­ды деген сөз. Бұл – сол кезеңде жоғарыдағы биік мақсатты істерді орындауда жұртты сөзімен де, ісімен де алға бағыттап бастады деген сөз.

Ойлап қарайықшы! Сол он бес жылда қыруар жұмыс атқарылды емес пе?! Есімде, алдыңғы бес-алты жылда жабылу қорқынышы басым еді. Өйткені республика бойынша жоғары оқу орындарының өзге қалалардағы филиалдары шетінен жабылып жатты. Қызылордаға да Мәскеуден екі-үш комиссия келген біздің филиалды жабу үшін. Бірақ осы шағын оқу орны оқытушылары мен қызметкерлерінің жанкешті, нәтижелі еңбегін көріп ойларынан қайтқан көрінеді. Бұл – әрине, білікті, білімді, талапты, елдің, өңірдің болашағын солайымен түсініп, қолдап, соны орындауға бар күш-жігерін салған Уәлихан Бишімбаевтың ерен еңбегі. Казір сол кезеңде бірге болған қайсыбірінен сұрасаң осы­ны айтады, соны дәлелдейді. Әр­қайсымыз бір емес, үш адамның жұ­мы­сын атқарғанымыз да әбден рас! Өйткені, оқытушы бір өзі кафедра ісін атқарды, кафедра бүкіл факультет жұмысын орындады. Ал факультет институт міндетін қамтығаны да рас. Түк те аянған жоқпыз! Отыздан енді ғана асқан, жалындап тұрған кезі­міз. Ортақ жұмысты жанымызды са­­лып істедік емес пе? Демалсақ, қы­дыр­сақ та солай болды емес пе? Өйт­песе осындай қыруар жұмыс бі­тер ме еді? Тіпті де оңай болған жоқ! Басшыға да, қосшыға да! Уәли­хан Қозыкеұлына осы азаматтық ерен ең­бегі үшін сырбойылықтар қа­рыз­дар деп ойлаймын. Тұлғалы аза­­мат­тың ай­рықша еңбегі арқа­сында отау құр­ған Қызылорда агро­өн­діріс инженерлері институты, кейін Ыбырай Жақаев атындағы Қы­зыл­орда политехникалық инсти­туты ашыл­мағанда бүгінгі аты алысқа кеткен Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда уни­верситеті болар ма еді, бол­мас па еді?

Сол заманда өңірдің техникалық мамандықтары негізін қалаған айтулы азаматтар ішінде бір топ ғалымдар орны жоғары, биік. Тұрлыбек Ысқақов филиал факультетінің алғашқы деканы болды. Тәрбие жұмыстарының бірінші көш бастаушысы атанған. Керімжан Сейтжанов кафедра меңгерушісі, фа­культет деканы, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Дәулет Баялимов директордың оқу ісі жөніндегі орын­басары қызметін сәттілікпен орын­дады. Дүйсенқұл Сахиев кафедра, кейін факультетті басқарған. Өмірбек Матаев, Әлібек Оспанов, Өмірбек Үмбетов кафедра меңгерушілігінде болып қыруар игілікті істі соңына қалдырған. Сауапты жақсылықтың жал­ғасы мол демекші, қазір осы аза­маттар біздің және өзге аймақтарда айтарлықтай абыройлы, өнегелі қыз­меттерін жалғастыруда.

Әгәрәки азаматтар кәдімгі пенде­шілікке салынып, өзінің жағдайын алға ұстап, мүлдем шаршамай-шалдықпай, ретімен іс атқарып, жөнімен демалып, денсаулық жағдайын толық ескеріп жұмыс жүргізер болса, жаңағы атқа­рылған мол, салмақты істер жиырма жылға емес, елу жылға созылған болар еді.

«Болар істің басына жақсы келер қасына» демекші енді ғана ашылған Ыбырай Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтын өнегелі, білімді жас ғалым Қылышбай Бисенов басқаруға кірісті. 1980 жылдан сол филиалда жоғары оқу орны қызметтік сатыларынан мол абыроймен өткен, институт проректоры болатын. Уәли­хан Бишімбаев Тараз мемлекеттік уни­верситеті ректорлығына барды. Көп ұзамай тоқсан сегіздің наурызында Қызылорданың екі жоғары оқу орны бірігіп, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік университеті ашыл­ды. Ректоры болып Қылышбай Бисенов тағайындалды. Айта кетерлігі, сол кезеңде жаңадан ашылған уни­верситет Сыр өңірі болашағын пайым­дайтын бірден-бір іргелі ұжымға айналды. Әуелде екі жоғары білім ұжымы өз алдына жеке жүргенде де қаланың, өңірдің қоғамдық өміріне азды-көпті ықпалы мен әсерін тигі­зіп отырғаны белгілі. Дегенмен, ау­қымы кең білім ордасының ашылуы Сыр өңірінің әлеу­меттік-экономикалық, рухани дамуына ықпал беру­ші күш­ке айналды. Бұрын тиіп-қашып жаса­латын өңірдің ауыл шаруа­шы­лығына, күрделі құрылысты дамытуға, ай­мақ­тың табиғи қорын ұтымды пайда­лануға бағытталған зерттеулер бір ор­талыққа шоғырланып, жуық арада өзінің қолайлы әсерін тигізе бастады. Әсіресе, екі ғасыр аралы­ғында өңірдің экономикалық дамуы үшін маңызы аса зор оның арнайы экономикалық аймаққа айналуы уни­вер­ситет ғалым­дарының еңбегі арқасында болғаны да белгілі. Осы­ның бәрі университет ректоры Қылыш­бай Бисеновтің бі­лім­дарлығы мен көрегендігі негі­зінде мүмкін бол­ғаны рас.

Қылышбай Бисенов Уәлихан Қозы­ке­­ұлынан он бес жыл бойы көріп, біліп, үйренгенімен тоқтап қалмай, оны алда тұрған жаңа мақсаттарға орай түбегейлі дамыта білді. Әрбір факультет, кафедра, бөлімге өзіне сай мақсаттары жаңартылып, өзгеріп, айқындалып жатты. Сондай-ақ бұл тұрғыда кез келген оқытушы және қызметкердің қабілеті мен мүмкіндік ерекшеліктері сараланып, басты мақсатты орындау бағытында ескеріліп отырды. Әрбір оқу ғимараты үшін архитектуралық, сәндік-дизайнерлік тұрғыда жобалар дайындалды. Соның негізінде олардың әрқайсысы өзіндік, қайталана бермейтін дизайнерлік тұр­патқа ие болды. Бұл барлық оқы­тушы мен қызметкердің кәсіби талап-талғамының өсіп-өзгеруіне, жа­ңа­­руына түрткі болды, студент-жас­­тарға эстетикалық тәлім-тәрбие беру­­дегі орны айрықша еді. Бұл орайда айтылар нәрсе – осындай жоғары талғаммен архитектуралық, дизайнерлік жаб­дық­талған оқу ғима­рат­тары респуб­ликаның бұрыннан келе жатқан, ір­гелі жоғары оқу орын­­дарында да көбінесе кездесе бермейтіні. Бүгінде Қылышбай Бисе­нов еліміздің рухани өркендеуіне мол үлес қосқан мемлекет және қо­ғам қайраткері, Ұлттық Ғылым Ака­де­­миясының академигі, жас ғалымдардың биік беделді ұстазы. Бет­ке­­ұстар білім мен ғылым ордасы­ның жұрттан бөлек өзгешелігі мен игі­лікті ерекшеліктері ол ректор болып тұрғанда анықталған, бекіген.

Бүгін облыс шаруашылықтары мен құрылыстарында, мұнай кәсіп­орын­дарында, өзге де өндіріс меке­ме­лерінде басшылық қызмет пен шешуші мамандар міндетін көбіне Қы­зыл­орда агроөндіріс инженерлері инс­титуты, содан кейін Қызылорда политехникалық институтында ашыл­­ған мамандықтарды бітірген аза­­­мат­тар абыройлы атқаруда. Оны айтасыз, облыс әкімі болған Қуаныш­бек Ысқақов, Еңбек Ері Абзал Ералиев пен Имамзада Шағыртаев та – ДГМСИ фи­лиалының түлектері. Демек, 1976 жылы облыс басшылығының осы шағын оқу орнын ашу туралы шешімі тарихи орны мен маңызы жоғары бол­ғанын уақыт айқын дәлелдеуде.

«Елу жылда ел жаңа» демекші, қазір заман жаңарған, жаңалық пен өзгешелік те мол. Дегенмен, бүгін­нің өзінде де ескінің ескірмейтін мық­ты тұстарын ескеріп, жаңартып, қолданып жатсақ артықтығы бола қой­мас. Осыдан болар, қазір соңы­мызға ерген жастарға: «Біле білсең, студент сенен көп кіші болса, ол сенің туған балаң мен қызың, шамалы кіші болса, ол сенің бауырың мен сіңлің. Тек солай болуы тиіс, осылай өрбуі керек, алдыңда жайғасқан жасөс­пірімге деген жүрегіңдегі жылуың мен жақсылығың, адалдығың мен жан­ашыр­лығың, қадірлі ұстаз! Енде­ше, қай қазақ ұлының, қызының, неме­ресінің, бауырының шала, дүбәра, өнегесіз, білімсіз болғанын қалаған?! Ешқандай! Олай болса, сал ортаға бар біліміңді, өнегеңді, бойыңдағы бар жақсы, игілікті мінездеріңді, көр­сет өмірге енді аяқ басып келе жатқан, жақсы менен жаманды әлі толық айыра алмай екеуін де бірдей бойы­на сіңіре салатын жасқа. Сенің қолыңда өз-өзіңе деген мол сенімің бар, алдыңдағы жасты тығырықтан құтқарып, жарыққа шығарар аталы сөзің бар, кімді де болса өз ырқыңа көндірер білімің бар, осы уақытқа дейін жастар тәрбиелеуде жинақтаған мол тәжірибең бар, туған жер мен судың жанашыры деген атың бар!» – деп, оңды бағыт сілтейміз.

Мұны бәрін айтып жатқанымыз елу жыл бұрын ашылып, туған өлкеміз үшін мол еңбек атқарған шағын ғана білім мен ғылым ұжымының тарих алдындағы қас-қағым сәттегі ерен еңбегін еске түсіру ғана! Алдағы күздің шуақты қыркүйегінің құтты күнінде сол азаматтар өздері орнатқан, қала жұртшылығы арасында «Бесінші ғи­ма­рат» деп кеңінен атау алған кең сарайда, алқалы жиын өтсе. Бүкіл өмірін ғылым мен білімге арнап, соңына өшпес із қалдырған, аттары аталған ұстаздардың ұрпақтары осы жиында отырса, оларға мейірімді қауым құрмет көрсетіп, аруақ ра­зы­лығын иеленсе, келесі жылы құрыл­ғанына тоқсан жылдық торқалы тойы тойланатын Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда университеті қасиетті тарихы осы ұлағатты шара арқылы биіктей түсері анық.

Серікбай ҚОШҚАРОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің

профессоры, техника ғылымдарының докторы,

«Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері