Күні кеше Қызылорда қаласындағы М.Саламатов көшесінде жол апаты орын алып, салдарынан оқушы қыз зардап шеккен, деп хабарлайды Syrboyi.kz.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының хабарламасына сәйкес, оқиғаға куә болған «Наман ата» спорт кешенінің жаттықтырушылары Сәдірбек Жұмабеков, Бақберген Маратұлы, Медет Маратұлы дереу көмекке ұмтылып, уақыт жоғалтпай өз көліктерімен оқушы қызды көпбейінді облыстық балалар ауруханасына апаруды жөн көреді.
Осылайша жаттықтырушылар 103 қоңырауы арқылы медицина қызметкерлерінен кеңес сұрап, жол бойы оқушы қызға алғашқы көмек көрсетеді.
Жаттықтырушылардың әбжіл қимылының арқасында оқушы қыз аман қалып, оған жедел түрде ота жасалған.
Дер уақытында көмекке ұмтылған «Наман ата» спорт кешені жаттықтырушыларының осы бір ісі күні кеше көпке үлгі болды. Ерлік танытқан жаттықтырушылар бүгін «Қызылорда қоғамдық телеарнасына” сұхбат беріп, оқиға барысын баяндап берді.
Алғашқы көмек көрсеткен жаттықтырушыларға алғыс білдіреміз!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<