Конституция

Есептеу құрылғысы сынақтан өтуде

4

0

Әлемдік су дағдарысы. Жаһандық жылыну. Климаттық өзгеріс. Елдегі трансшекаралық өзендер жағдайы… Әлемді алаңдатқан мінберлерінде жиі қозғалып жүр.

Ғалымдар пікіріне сүйенсек, бізде әлі де болса суды тұтынар зат деп қарайтын көзқарас басым. Оны басты байлық деп санаудан гөрі, «ақшасын төлеп, қалағанымша жаратам» дейтін сыңаржақ ой көп. Ал Сырдағы суды жарату, әсіресе, егінге қажеттіні үнемдеу жағында бұл жұмыс қалай жүруде?

Жақында оң жаңалық естілді. Біздің аймақ­тағы күріш алқаптарында отандық автомат­тандырылған жеті су есептеу құрылғысы сынақ­тан өткізіліп жатыр. Жоба Ыбырай Жақаев атын­дағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жүруде. Өз көзімізбен көр­гендей, жаңа құрылғылар суару каналдарында орнатылған.

– Бұл егінді суару кезінде есепке алу дәлдігін арттырып, оны пайдалануды бақылаудың ашық­тығын қамтамасыз етеді. Өзіңіз көріп тұрғандай, күн энергиясымен істейтін басқару пульті атыз­ға қанша су кеткенін есептеп отырады. Яғни команда берілген соң автоматты түрде бір шыныаяқ суға дейін бос жібермей қадағалайды. Мысалы, осы қондырғы құрылған атызға бұрын шамамен есептелетін су жіберілетін. Нақты өлшем жоқ еді. Қазіргі жаңа технология мұн­дай шығынды болдырмайды. Президент бас­та­масымен саланы цифрландыру үдерісінің суды үнемді пайдалануда көмегі көп болары сөз­сіз, – дейді техника ғылымдарының докторы, инс­титуттың агротехнология, мелиорация және то­пы­­рақтану бөлімінің бас ғылыми қызметкері Серікбай Өмірзақов.

Ғалымның сөзінше, әдетте егінді суға бастыр­ғанда 15-20 сантиметрге дейін атыздағы су дең­гейін көтеретін. Оның қалыптасуының негізгі себебі, күрішпен бірге өсетін арамшөптерді суға тұншықтыру болатын. Алайда қазір зиянды өсім­діктерді құртуға тиімді гербицидтердің жаңа түрлері кеңінен қолданысқа енді. Сондықтан олар­мен су деңгейін көтеру арқылы күресудің қа­жеті жоқ.

– Күріштің ауыспалы танабына өзге дақыл­дар да егілетіні белгілі. Сол кезеңде осы құрыл­ғыларды пайдалану арқылы топырақ ылғал­дылығын, температурасын бақылай отырып, суару режимін тиімді жүргізуге мүмкіншілік бар, – дейді Серікбай Ыдырысұлы.

Жалпы су деңгейін таяз ұстау және күн сәуле­сін тиімді пайдалану күріштің пісіп-жетілуін же­делдетеді, яғни бұрын орақ маусымына де­йін 115 күн тұратын дақыл 90-95 күнде пісе­ді. Бұған лазерлік тегістеудің де ықпалы орасан зор. Осыдан 10 жыл бұрын лазерлік тегіс­теу техникасы өте аз болса, қазір облыс шаруа­шылықтарында 200-ден астамы жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауы­мен іске асып жатқан жобаның берері көп. Мұнда су үнемдеу ғана емес, еңбек өнімділігі де артады. Сонымен қатар, институт базасында 2017 жыл­дан бері автоматтандырылған метеостанция жұмыс істейді. Оның деректері агротехникалық шараларды жоспарлауға, ауа райын алдын ала білуге, егін алқаптарының жай-күйін бақылауға және суды тиімді пайдалануда көмегі мол.

– Жалпы күрішті мамыр айының соңғы он­күндігіне дейін егіп болу керек. Егу барысында қарастырылған барлық агротехнологиялық ша­ра­лар­дың сапалы орындалуы аса маңызды. Су шы­ғынын азайту мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан арнайы вен­гер­лік препаратты зерттеу тапсырмасы беріл­ді. Соған байланысты кейінгі екі жылда инсти­тут ғалымдары осы препаратқа зерттеу жүр­гі­зуде. Препарат тұқым тасталған соң суға бас­тыр­май тұрып атызға себіледі. Нәтижесінде күріш дәстүрлі егуде 90 күн суда тұрса, осы ғы­лы­ми тәсіл арқылы атыздағы суды 70-76 күн ғана ұстауға болады. Әрине, бұған жаңадан келіп жат­қан бүгінгі құрылғылардың, яғни су есеп­теу, ылғал өлшеуші жабдықтардың көмегі мол, – дейді институттың басқарма төрағасының орын­­­басары, инженер-гидротехник Жанұзақ Байманов.

Ал Су ресурстары және ирригация ми­нистрлігінің Цифрландыру департаментінің ди­­ректоры Ердәулет Жұматтың сөзінше, бұ­дан былай суды цифрлық есепке алу жүйе­лерін дамыту мен мониторинг үдерістерін авто­мат­тандыруға ерекше мән берілмек.

– Бұл жоба су шығыны туралы неғұрлым нақты әрі жедел деректер алуға, адами фактор әсерін азайтуға, су ресурстарын бөлудің ашық­тығын арттыруға және басқарушылық шешім­дерді негізді түрде қабылдауға мүмкіндік бе­ре­ді. Автоматтандырылған есепке алу және мони­торинг жүйелерін енгізу су шығынын азай­­­туға, ұтымды пайдалануға, аграрлық салада цифр­лық технологияларды кеңінен қолдануға және Қызылорда облысының су шаруашылығын басқару тиімділігін арттыруға ықпал етеді, – дейді ол.

Ал Серікбай Өмірзақов атап өткендей, Сыр­дария өзенінің төменгі ағысындағы өңір халқы үшін мейлі тұрмыста, мейлі егін шаруашы­лығында болсын, су тапшылығы ең бірінші әсер ететіні белгілі.

– Су мәселесінде мемлекетаралық келіссөз­дер­ден бөлек, әсіресе, траншекаралық өзенге қатысты үнемдеу ұғымын өзіміздің бойға сіңірмей болмайды. Қазір суды үнемді пайдалануға ең мүдделі топ – шаруалар. Сондықтан олар су және жер ресурстарын тиімді пайдалануға септігін тигізетін технологияларды әрдайым пайдалануға дайын. Егін алқаптарын лазерлік тегістеу, суды өлшеммен беруге қажетті отандық патенттелген арзан құрылғылар көбейсе, шаруаларға үлкен қол­дау болары сөзсіз, – деп түйіндеді сөзін ғалым.

Айта кетейік, биыл облыста 185 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 70 мың гектарға күріш егіліп, суға басты­рылды. 10 мың гектарға жүгері, 9,7 мың гектарға басқа дәнді дақылдар себілген. Ылғал үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 14200 гектарға жетті. Су шығынын азайту үшін 65 мың гектар күріш алқабы лазермен тегістелген.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»