Ішкі істер министрін қабылдады

35

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады.

Мемлекет басшысына елдегі криминогендік ахуал және ішкі істер органдарының алдына қойылған міндет­тердің орындалуы жөнінде баяндалды. 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша тіркелген қылмыс саны былтырғы кезеңмен салыс­тырғанда 9 пайызға төмендегені айтылды. Негізгі санаттар бойынша құқықбұзушылықтың азаюы және қылмысты ашу деңгейінің артуы байқалады.

Алдын алу іс-шаралары мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Ведомство жазаның бұлтартпас қағидатын дәйекті түрде қамтамасыз етіп келеді. Есепті кезеңде өткен жылдары жасалған 1685 қылмыс ашылған. Сот төрелігінен жасырынып жүрген 574 қылмыскер, оның ішінде 89-ы шетелден табылды.

Министр Мемлекет басшысына киберқылмысқа, есірткі қылмысына, ұйымдасқан қылмысқа және экстремизмге қарсы күрес нәтижелері жөнінде ақпарат берді. Қылмыстық топтардың жолын кесу, азаматтарды қауіп-қатерлерден қорғау, сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынған.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық жүйені қамтамасыз ету үшін «Заң мен тәртіп» қағидатын нақты жүзеге асыру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді.

БАСТАМАЛАР ТУРАЛЫ БАЯНДАЛДЫ

Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады.

Ішкі істер министрін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттік төрағасының «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлықты іске асыруға арналған есебін тыңдады. Президентке аталған Жарлықты орындау аясында квазимемлекеттік секторды қысқарту және бәсекелестікті дамыту бағытында жүйелі жұмыс ат­қарылып жатқаны туралы баяндалды. Жекешелендіру жөніндегі Ұлттық кеңсенің тікелей қатысуымен 2026-2030 жылдарға арналған квазимемлекеттік сектор субъектілері мен мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жоспары бекітілді. Бәсекелестік ортаға берілетін активтердің жиынтық кірісі 3,4 триллион теңгені құрайды.

Мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау нәти­же­леріне айрықша назар аударылды. Қабылданған шаралар бір көзден сатып алу үлесін 39 пайыздан 24 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Со­ның арқасында жалпы бюджет аясындағы бәсекелі са­тып алу үлесі 6,2 – 8,1 триллион теңгеге дейін ұлғайды.

Мемлекет басшысына бизнес субъектілерінің тауар нарықтарына кіруіне тосқауыл қоятын кедергілерді жою жұмыстары, маңызды нарықтардағы өнімсіз дел­дал­дардан арылу бойынша қабылданған шаралар, сондай-ақ цифрлық экономиканы реттеудің жаңа тәсіл­дерін әзірлеу жөніндегі бастамалар туралы баяндалды.

Марат Омаров бәсекелестікті қорғау және дамыту саласындағы заңнамалық түзетулердің алтыншы пакеті бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа тоқталды. Заң жобасында бәсекелестік саясаттың тиімділігін арттыруға, монополияланған нарықтардағы бақылауды күшейтуге, монополияға қарсы реттеуді жетілдіруге және экономиканың мемлекеттік сектордағы үлесін одан әрі қысқартуға бағытталған жеті жүйелі бағыт көзделген.

Кездесу соңында Президент Агенттік төрағасына бірқатар нақты тапсырма берді.