Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шыққаны белгілі. Бұл бастама зиялы қауымнан бастап, ел ішіндегі қарапайым оқырман үшін де ерекше жаңалық болды. Сондай-ақ Астана, Алматы қалаларынан кейін, Сырдың бас қаласында Президенттік кітапхананың іргетасы қаланғаны аймақ тарихында қалады.
Иә, Президент тапсырмасы кітапханашылармен қатар, қаламгерлер мен қалың оқырман ортасына да қозғау салғаны рас. Өйткені бұл үштік – іргесі бұзылмайтын біртұтас ұғым. Дәлірек айтсақ, кітапты өмірге әкелетін қаламгер болса, оны рухани азық ететін оқырман, ал кітапханашы осы аралықтағы дәнекер, яғни насихатшы.
Осы орайда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының бастауымен әр ауданға, ауылдарға жол тартқан «Кітап керуені» Президент тарапынан айтылған «Кітап оқитын ұлт» идеясын қарапайым қалың оқырманға жеткізді. Айталық, облыстық кітапхана қорындағы сирек қолжазбалар 1293 жылы Мысыр баспаханасынан жарыққа шыққан Құран-Кәрімнен бастап, Қожа Ахмет Иассауи бабамыздың «Диуани хикмет» жазбасы, 1904 жылы Ташкент қаласында басылған «Жүсіп-Зылиха» дастаны, 1925 жылы Қызылордада жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының «Әліп-биі», 1933 жылы басылған Абай Құнанбайұлы шығармаларының жинағы секілді құнды дүниелер оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырғаны байқалды. Бір қуанарлығы, осы қолжазбалардың барлығы электронды түрде қолжетімді, яғни арнайы бекітілген сандық код арқылы толық мәлімет алуға болады. Бұдан бөлек, қазақ көркем әдебиетінің жауһарлары, жергілікті ақын-жазушылардың туындылары кітап көрмелеріне қойылды.
Алғашқы іс-шара Нағи Ілиясов атындағы ауылда өтті. Оған Сырдария ауданының әкімі Б.Сәрменбаев, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қ.Есімсейітова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры А.Айтбаева, сондай-ақ Сырдария ауданынан шыққан ақын, жазушы, өлкетанушы қаламгерлер Ж.Байзақ, Н.Мансұр, А.Ибрагимұлы қатысты.
Арал ауданына қарасты Қамыстыбас ауылында ұйымдастырылған «Кітап керуеніне» ауылдық округ әкімі А.Баймырзаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Махатов қатысып, жақсы бастаманың жалғасуына тілектестік білдірді. Жергілікті ақын-жазушылар Ж.Жақып, Е.Абдулла, А.Елеш, А.Сайлауовпен кездесу өтті. Ауыл тұрғындарына жаңа кітаптар мен басылымдар таныстырылып, қаламгерлер мен оқырмандар бір-бірімен пікір алмасты.
Қазалы ауданы Үрмаш Түктібаев ауылында өткен арнайы жиынға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Әнесұлы, Алға ауылдық округінің әкімі А.Бегалиев қатысып, мазмұнды іс-шараның оқырман ойынан шығып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ мәдениет саласының ардагері Б.Жолтаев, ақын, ұстаз С.Мұхитқызы, ұстаз Г.Жауғашарова кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға байланысты ой-пікірін ортаға салып, өз шығармашылықтарының жаңалықтарын бөлісті.
«Кітап керуенінің» Қармақшы ауданы Дүр Оңғар ауылында өткен іс-шарасына аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғ.Нысанбаев қатысып, рухани бастамаға қолдау білдірді. Іс-шарада ақындар А.Үсенов, Д.Нәзікбаев, белгілі жыршы А.Ешбаева, жалпы аудан қаламгерлері әдебиет пен руханияттың қоғамдағы орны, Президент Жарлығына сай кітап оқитын ұлт қалыптастыру төңірегіндегі ойларын ортаға салды.
Апта ішінде «Кітап керуені» акциясы Талсуат ауылына табан тіреп, ауыл тұрғындары мен жас оқырмандар көшпелі кітап көрмесін қызығушылықпен тамашалады. Оған облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Күлбаев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Қайруллаев қатысып, Мемлекет басшысының арнайы Жарлығына сәйкес бастау алған маңызды жобаға тілектестік білдірді. Жиынға жергілікті ақын-жазушылар Г.Қожахметова, Ж.Таңырақбаев, Н.Көбегенұлы, А.Түменбай, Ғ.Кәдірбай қатысып, әдебиет пен руханияттың қоғамдағы орны туралы ой бөлісіп, ауылдық кітапханаға жаңа туындыларын тарту етті.
Шиелі ауданының Бала би ауылында өткен «Кітап керуені» акциясына аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Н.Әбілдаева, мәдениет, өнер және шығармашылық өкілдері қатысты. Ауыл тұрғындарына түрлі жанрдағы кітаптар ұсынылып, оқырмандар өздерін қызықтырған әдебиеттермен танысып, жаңа кітаптар туралы пікір алмасты.
Жалағаш ауданы Таң ауылында өткен «Кітап керуеніне» аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов, аудан әкімінің орынбасары Ғ.Рахатов, сондай-ақ ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері, ардагерлер, жастар, жалпы оқырман қатысты. Әдеби кездесуге ақын, журналистер Г.Қожахметова, Ғ.Әбілда, белгілі жыршылар Б.Саймағанбетов, М.Сүгірбай қатысып, руханият пен әдебиеттің қоғамдағы орны туралы ой бөлісті. Ал «Кітап сыйла!» акциясында жазушы Құттыбай Сыдықтың зайыбы Қ.Сыдықова автордың кітаптарын, жазушылар Т.Адисұлы, Г.Қожахметова, Қ.Ахет өз кітаптарын сыйға тартты.
Жаңақорған ауданы Машбек Нәлібаев ауылында ұйымдастырылған «Кітап керуенінің» салтанатты ашылуында Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Н.Жахудаев, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының басшысы Сапар Көзейбаев құттықтау сөз сөйлеп, Президент Жарлығына сай аймақта алғаш рет жүзеге асырылған жобаның көпшілік көңілінен шыққанын атап өтті.
Іс-шара аясында ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі М.Тұрсынова, ақындар Е.Мұстафаев, М.Оспанов, журналист Б.Үсейінова руханият пен әдебиеттің қоғамдағы орны туралы ой бөлісті.
Айта кетейік, барлық ауылдағы «Кітап керуенінде» жергілікті шығармашылық өкілдерінің қатысуымен «Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» атты әдеби кездесу, «Кітап. Білім. Цифрлық технология» тақырыбында шеберлік сағаты өтіп, балалар әдебиеті бойынша жас оқырмандардың еңбегіне баға берілді. Сондай-ақ «Кітапханаға кітап сыйла!» акциясы бойынша кітапханалар қоры жаңа туындылармен толықты. Оның ішінде енді қолданысқа енгізілген еліміздің жаңа Конституциясы барлық кітапханаларға табысталды.
«Кітап керуені» аясында Қызылорда қаласы және аудандардағы кітапхана саласының мамандарына облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаты табысталып, одан бөлек қатысушылар «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Жас оқырман» және «Оқырман отбасы» аталымдары бойынша марапаттар мен сыйлықтар иеленді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





