Кітап – таусылмас қазына

164

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні. Бұл мерекенің негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқитын адамдардың санын арттырып, рухани құндылықты насихаттау болып табылады. Елімізде 2012 жылдан бастап атап өтілетін бұл күннің негізін АҚШ азаматшасы Эммир Бродмур қалаған.

Қазіргі таңда дәл осы күн әлемнің 30-дан аса елінде тойланады екен. Кітап құмар азаматтардың мерекесі қарсаңында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапхана директорының орынбасары Айгүл Жаңғабылова мен «Кітап құрттары» клубының мүшелері қонақ болды.

– Облысымызда 209 мемлекеттік кітапхана оқырмандарға қызмет етеді. Былтыр өңіріміздегі кітапханалар 247 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсеткен. Жалпы мемлекеттік кітапханалардың қорында 4 557 454 дана кітап бар. Ал, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында 32 000-нан астам оқырман қамтылған. Бүгінде кітапханада «Жас қалам», «Рауан», «Кездесу» клубтары мен корей тілін үйрету үйірмесі және «ВООК саfе» жұмыс істейді. Сонымен қатар, кітапханамызда «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қоры бар. Онда 1 003 дана сирек әрі құнды басылымдар сақталған. Бүгінгі «Халықаралық кітап сыйлау» күні біздің кітапханамызда жыл сайын мереке есебінде аталып өтіледі. Мәселен, былтыр ұйымдастырылған кітап акциясында 500-ге жуық кітап сыйға тартылды. Бүгін де кітапханада дәстүрлі кітап акциясы өтуде. Бұл мереке – қарапайым және мейірімге толы ерекше мереке. Осыған орай, қала тұрғындарын және кітапхана оқырмандарын «Кітапханаға кітап сыйла» акциясына қатысуға шақырамыз. Бір-бірімізге еш себепсіз кітап сыйлап, жақындарымызды қуантайық, – деді Айгүл Есенқызы.

– Жыл сайын дәл осы күн «Кітап сыйлау» мерекесімен ерекше аталып өтіледі. Біз оған өте қуаныштымыз! Бірақ, «Кітап құрттары» клубы тек осы күні ғана емес, жиі-жиі кітап құмар жандармен ерекше шаралар ұйымдастырып, айына бір рет «Кітап сыйла» акциясын өткізіп тұрады. Көпшілігіне таныс орталық алаңда буккроссинг бұрышы жасалған. Ол жерге адамдар өзінің оқып болған кітаптарып әкеліп, басқа адамдармен алмасып кітап оқуына мүмкіндік қарастырылған. Осының арқасында жастар арасында кітап оқушылар қатары артып келеді. Алдағы уақытта балалар үйі мен қарттар үйі секілді мекемелерге де кітаптарды сыйға тартуды жоспарлаудамыз, – деді «Кітап құрттары» клубының белсенді мүшесі Нұрболат Қоңқабаев.

– Біздің «Кітап құрттары» клубында 100-ден аса адам тіркелген. Сондай-ақ, әр апта сайын «Кезекті құрттану» деп аталатын рубрика болады. Онда біз бір кітапты талдап, ондағы оқиғалар бойынша өз ойларымызды ортаға саламыз. Қазіргі таңда «жастар кітап оқымайды» деген түсінік қалыптасқан. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Себебі, менің араласатын достарым мен таныстарымның арасында кітап оқитын жастар өте көп. Кейінгі уақытта орта жастағы азаматтарда кітапқа құмарлығы артып келеді. Барлығыңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Кітап сыйлау – адамға көрсеткен ең жақсы құрмет, – деді Жанарбек Бекарысов.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<