Көңіл түкпіріндегі аядай ауыл

11

0

Туған жердің табиғаты, тыныс-тіршілігі, онда ғұмыр кешкен қарапайым адамдардың көзге түсе бермейтін, тек көңілмен ғана сезетін қадір-қасиеті туралы шынайы сезім шап-шағын әңгімелерге арқау болған «Ауылдың дәмі» атты жаңа кітап оқырманға жол тартты.

Сыр перзенті, ақын, журналист Бекжан Сү­лейменовтің туын­дысының таныстырылымы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада өтті.

Мазмұнды іс-шараға Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері,  Мәдениет қайраткері, «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, профессор, жырау Алмас Алматов, Рзақұл Нұртаев, Мейрамбек Исаев сынды ел ағалары, «Qyzylorda» теле­арнасы директорының орын­басары Айсұлу Қасымова және «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев сияқты әріптес, замандастары қатысып, қалам иесінің  шығармашылығы жайлы, жаңа кітабына ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ ауылдастары, бірге өскен жора-жолдастары да қаламгердің көңіл түк­пі­ріндегі аядай ғана аяулы мекені – «Кекіреліде» өткен балалық шағындағы қызықты сәттерді әсерлі әңгімелеп, кітап авто­рына сый-құрмет көрсетті.

«Ауылдың дәмі» кітабында автордың туған жер, ауыл өмірі, елдік ұстаным, ұлттық құнды­лықтар, сондай-ақ қарапайым адам бойындағы адалдық, адамгершілік туралы тол­ға­ныстары мен тағылымды есте­ліктері қамтылған. Жалпы қазақ ауылының тыныс-тіршілігі, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық болмыс пен рухани сабақтастық тақырыбы тарқатылған. Айтса айтқандай, «Үшінші якорь», «Абай көшесінің алыбы», «Қап­пардың конторы», «Біздің шал», «Бөлекбайдың кенжесі», «Көңіл дастарханы» сияқты әңгі­мелер алыста қалған ауыл өмірін көз алдыңа әкеліп, көңіл­ге жылылық ұялатады.

Кеште жыраулар Қасарбек Кәрібаев, Әділхан Қуаңбаев Сыр сүлейлері шығармаларынан жырласа, жас жыршы Тоғжан Бақытова кітап авторы Бекжан Сүлейменовтің туған жерге арнауын орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Кездесу барысында сөз алған кітап авторы Бекжан Сү­лейменов шығармаларының жазылуына әсер еткен негізгі идея туған жерге деген терең сағыныш екенін айтты.

– Менің өміріме өзіндік қол­таңбасын қалдырған адамдар мен бала кезден санамды сілкілеген оқи­ға­лар жайлы ара-тұра жазып жүргеніме де едәуір уақыт болған екен. Осы дүниелердің дені әлеуметтік желідегі парақшамда жария­ланды. Жанымды шұғы­лалы нұрға бөлеген жүрегімдегі осы жылы есте­лік­тердің азамат болып қалыптасуыма септігі тиге­нін, өмір мектебінің оқу-әдістемелік құралы бол­ғанын мойындаймын.  Маған әсер еткен, мені шың­даған өмір баспалдақтары өзіндік қиын­дығымен, өзіндік ерекшелігімен жадымда жаңғырып жатыр, – деді ол.

Сөзін түйіндей келе ауылдан жырақта жүрген әрбір адам осындай сезімді басынан кешетінін айтып, осы тақырып­тағы өлеңдерін оқыды. «Кекірелі» атты өлеңінде:

Қарсы алған қонағындай самолетті,

Жамалар ой дегенің ой үстіне.

Сол елде ағыл-тегіл заман өтті,

Бозторғай ұялаған қой үстіне.

Жадынан білем елдің көшпейтінін,

Жазмышқа не шара деп көніп кеткен.

Ауылдың ұғынамын өшпейтінін,

Адамның жүрегіне еніп кеткен, – деп өзі жырлағандай, адам баласы үшін ауыл өмірі ақ пейіл, адал ниет, тамыры терең жалғасқан тұтас тіршіліктің түп қазығы болып қала бермек.

Ғазиза ӘБІЛДА

«Сыр бойы»