«Масленица» қандай мейрам?

242

0

Фото: Ассамблея Қызылорда

Қазақстан – 120-дан астам этнос өкілдерінің құтты қонысы. Талайы тағдыр тәлкегімен кезінде елімізге көшіп келіп, тұрақтап қалды. Қонақжай қазақ олардың бәрін бірдей бауырына басып, құшағына қысты. Қазіргі күні бейбіт шаңырақ астында қазақ, өзбек, орыс, украин, неміс, корей, ұйғыр, қырғыз, армян, грузин және өзгелер тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Этносаралық келісімнің үздік үлгісінің қалыптасуы себепті барлық этнос өкілдері бір-бірінің ұлттық мейрамдарын қуанышпен қабылдап, құрмет тұтады. Соның бірі – славяндардың «Масленица» мейрамы. Қысты көңілді шығарып салу, шұғылалы көктемді, табиғаттың жаңаруын жылы қарсы алу мәніне ие дәстүрлі мереке халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықтың белгісіне айналған.

Славяндар ұлттық мерекесін дүйсенбіден жексенбіге дейін, яғни бір апта бойы тойлайды. Әр күннің өз атауы бар. Дүйсенбі – кездесу, сейсенбі – ойын-күлкі, сәрсенбі – тәттілер күні, бұл күні күйеу баласы қайын енесіне келеді. Бейсенбі көңілді думанға құрылады. Жұмада қайын енесі керісінше күйеу баласына құймақ жеуге барады. Сенбі – қонақ күту күні қайын сіңлілері жиналып, қолөнермен айналысады, ән айтады, бір-бірімен құпиясын бөліседі. Ал жексенбіге дөп келетін кешірім сұрау күні Наурыздағы адамдар өкпе-ренішін ұмытып, бір-бірін кешіретін Амал күніне ұқсайды.

Облыстық «Славяне» этномәдени орталығы бұл мерекені 1999 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырып келеді. Биыл ол тәуелсіз Қазақстан тарихындағы айтулы оқиға – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен және 1 наурыз – Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп, кең көлемде аталып өтті. Шара барысында «Достық үйіне» келген қонақтар мерекеде әзірленетін басты тағам – құймақтан дәм татты. Бірлестік мүшелері ұлттық әні мен биінен шашу шашты.

– Біз жыл сайын мерекені асыға күтеміз. Бұл күні міндетті түрде құймақ әзірленеді. Ол пішіні жағынан күнге ұқсайды. «Масленицаның» өзі күннің жылуын шақыру дәстүрімен байланысты. Бұл мерекенің түп-тамыры праславян кезеңінен бастау алады. Сондай-ақ «Масленицада» өткізілген рәсімдер көктемнің қысты жеңуіне ықпал етеді деген сенім қалыптасқан, – деді облыстық «Славяне» қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Галина Щербакова.

«Масленицаның» ерекшеліктерінің бірі – сабаннан жасалған, матадан тігілген қуыршақтарды өртеу рәсімі. Адамдар осылайша ескі жылды шығарып, ескі нәрселерден арылады екен.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»