Әділ билік – алтын таразы

8

0

Біз қазақ болып жаратылғанымызға шүкір дей білуіміз керек. Өйткені, өз ұлтымыздың қасиеттілігін мың жылдық дәстүрлеріміздегі әділдік, шындық келбетінен айқын аңғаруымызға болады. Біздің ұлттық ерекшеліктеріміздің өзгелерден бөлек екендігін менмін деп кеудесімен көк тірегендердің көпшілігі іштей болса да мойындайды.

Қасиетті қастерлеп ұстау қиын. Біз де кейінгі кезде менмендікке салып, ауызбірлікті азайтып, бо­саңсуға жол беріп алдық. Қазір кө­рінгеннің даң­ғазасына таңыр­қап, ойсыз дуылдап жүр­геніміз со­ның белгісі болса керек. Жақ­сы мен жаман басымызда күн мен түндей алмасып отырған ғой, қай нәрсенің де өзіндік сұрауы бар.

Ақын Қадір Мырза Әлінің мы­на өле­ңін оқып көрелікші:

«Бабамыздың шоқ басқан

табанымен,

Бірдей екен жақсысы жаманымен.

Бір жаманы – тынымсыз көше

берген,

Бір жақсысы қимаған даланы кең…

…Тату-тәтті көршілер шыр

бұзбаған,

Бірге тоңып суықта, бір мұздаған.

Бір жаманы сонда да, үй салмаған,

Бір жақсысы – абақты

тұрғызбаған».

Осындағы екі ауыз сөзде көп ма­ғына жатқандығын аңғаруға болады.

Көшпелі халықтың ел болып ұйысуы қандай тәртіпке негіздел­ген, ұлан-байтақ кең даланы алып жатқан ұлыстар дәстүр мен ты­йым­ға қалай мойынсынған, кімнің сөзіне тоқтап, қалай басқарылған деп ойлауыңыз расында заңдылық. Шындығы қалай еді?!

Оның бастауын бағзыдан келе жатқан дәстүрлерден, тыйым заң­дар­дан іздеу керек секілді. Біз бүгінгі әң­гімемізде, халқымыздың әдет-ғұр­пының маңыздылығын ті­ліміз жет­кенше баяндауға ниет еттік.

Әр мемлекеттің өзіне лайық құ­­қықтық заңдары қоғамның қа­лыпты сақталуына, ішкі тәртіптің нығаюына әсер еткені белгілі. Мә­селен, ежелгі Вавилонның «Хам­­пу­рапи заңы», Рим­нің «12 табли­цасы», Үндінің «Ману» за­ңы үс­тем­­дік етсе, Қытайдың «Ла­оц­­зы» за­ңы елдің ынтымағын сақтауға жұмыс істеп, қоғам мү­шелерінің қа­­рым-қаты­нас­тарын реттеп отыр­ған. Жарты дүниені билеген атақ­ты Шың­ғыс­ханның «Билік» және «Жа­сақ» заңы ұлы қаған империя­сы­ның ке­регесін берік ете түскен, атағын ас­пан­­дат­қан. Ондағы қаталдықтарды кей­бір жеңілдіктер жұмсартып, қол­да­нуға ыңғайлы еткен.

Сөз атасы-Майқы бидің жар­ғы­сы­ның негізі кешеге дейін өмір­шеңдігін көр­сеткен-ді. Жарғы әділ­­дік дегенді білдіреді, яғни бір нәр­сені екінші жа­ғына аудармай қақ бөлу деген сөз. Құ­лаққа сіңісті бол­ған «Қасымханның қасқа жо­лы», «Есімханның ескі жолы» жә­не «Әз Тәукенің Жеті жарғысы» қа­зақтардың бас құқықтық заң норма­лары саналды. Ертеден бел­гілі заң қауымдастығында ел бас­қару билігі­нің тізгінін хан ұста­ға­нымен, билік ай­туға орда биі иелік еткен.

Қазақ қоғамында, әсіресе, туыс­тық байланыстардың тәртібін қатаң сақ­таған салт-дәстүрлердің мол болуы ру­лық-тайпалық бөлі­ністерге қатысты екендігін ескеру керек деп ойлаймыз. Осы орайда ел аузында бұрыннан келе жатқан, «Жеті атасын білген жігіт жеті жұрттың қамын жер» мәтелі кім- кімге де үлкен жауапкершілік, сал­мақ салады. Бұл қауымдасып өмір сүрудің шарттарын білдіреді десек те болады. Жігіттің өз жұр­ты, нағашы жұрты, қайын жұр­ты деп аталатын ошақтың үш бұ­тын­дай ынтымақшылықтың ар­ғы жа­ғында өз атасы тұрмақ.

Қазақтың арғы атасы Алаш қар­­тайған шағында Ақарыс, Жа­ңарыс, Бекарысқа енші беріп, өзін­дегі мал-мүліктің бір бөлігін қа­рашаңырақта қалдырады. «Бұл бөлінбеген енші­лерің» депті. Сон­дықтан да жолау­шы­лап шыққан­да қазақтар ыдыс-та­бағын, тама­ғын, көлігіне жем-шөбін алып жүр­мейді. Ауылына қонақ кел­ген ауыл адамдарына мейманның жағ­да­йын жасау міндеті белгіленген. Осы дәстүрді бұзған кісі ұятқа қалып, тіптен ат-тон, айыбын да тар­тады. Мұндай мәліметтерді Қ.Омар­хановтың құқық туралы кіта­бынан көптеп кездестірдік.

Осындай қарым-қатынастарды не­гізге ала отырып, әдет-ғұрып­тар мен салт-дәстүрлер бүгінгі көз­­қараспен қа­­рағанда, конститу­ция­лық, азамат­тық, әкімшілік, ең­бек, отба­сылық және қыл­­мыстық заңды­лықтардың жиын­тығы де­сек жаңы­лыспаймыз. Көшпелі қа­зақ қауым­дас­тығында берік орын алған, ұйыса тіршілік етудің құ­ралы деп ба­тыл айта аламыз. Бала кезімізден жаяу Мұсаның «Ақ сиса, қызыл сиса, сиса, сиса…» деп басталатын әнін жат­тап өстік. Сон­дағы Шорманның Мұс­­та­­фа­сын мұғалімдеріміз бай-манап бол­­ған соң жалғызілікті, кедей ақын­ға зор­лық жасаған деп түсін­діре­тін-ді. Ба­сымдығын білдіріп, атын тартып алған соң әнші «жаяу Мұса» атан­ған екен деп мүсір­кей­тінбіз. Ал шын­ды­ғында, кері­сінше болып шықты.

Атадан келе жатқан әдет-ғұрып бойынша жолаушы алды­нан кезіккен ауылдың үлкені сә­лем беріп, жөнін айтуға тиіс бол­ған. Ал мына жағдайда Мұса атағы жер жарған Шорманның Мұс­та­фасының ауылы тұсынан өтіп бара жатып қайырылмаған, шаң­­датып өте беріпті. Әдепсіздік та­ныт­қан. Дәстүрлі тәртіпті осы­лай бір бұзса, екінші беймезгіл кезде бар дауысымен ән шыр­қап, елдің ты­ныштығын бұзған кө­рінеді. Ауыл­дың игі жақсы­ла­рын сыйламай, жөнін білдір­меген әдеп­сіздігі үшін Шорман­ның Мұс­тафасы жігіт­терін жі­бе­ріп, әнші Мұсаның атын ал­дыр­­ған, осы­лайша жазалаған кө­рінеді. Өнерпаздың бұл білмес­тігі, қа­зақтың дәстүріне немқұ­рай­лықпен қарауы өзінің «Жаяу Мұса» ата­нуына апа­рып соққан­дығы белгілі.

Қыз айттыру, қалың мал төлеу, әмең­герлік жолы, бала асырап алу тәр­тібі және өкіл әкенің, кіндік ше­шенің міндеттері, азаматтық борыш, кісі­лік парыз, нағашы мен жиен арасын­дағы қатынас – бә­рі-бәрі жөн-жо­сық­­­ты тәр­тіпке құ­рылған. Жиен на­­ға­шы­сы­­­ның қа­лаған затын сұрамай алу­ға құ­қылы болған. Тіпті осылай етуіне үш кезекке дейін мүмкіншілік бе­ріл­­ген. Ол үшін жиенге жаза бел­гі­лен­­беген. «Жиенді ұрғанның қо­лы қал­ты­райды» деген ескі сөз осы әре­кетке алдын ала ескерту деп түсінуге болады. Біздің тағы бі­леріміз, ұлт дәс­түрінде ұл бала­ға енші, ал қызға ұзатылғанда жа­сау-жабдық ғана бе­рілген. Бәл­кім, жиеннің еркелігін кө­теру сол есептен де алынған шығар. Қалай ойласаңыз да, мұнда аға­йын-туыс, құда-жекжаттың ара­сындағы мықты байланыстың жат­қандығы анық. Осындай ұлт­тық дәстүрлердің ба­сым­ды­ғына мүм­кіншілік беру арқы­лы сыйлас­тығымыз, ынтымағы­мыз ар­та түс­кен болар еді-ау.

Әз Тәукенің жарғысында ата-ана­сына тіл тигізген немесе әдеп­тен аттап қол жұмсаған ұл баланы қара сиырға теріс мінгізіп, ауыл-ауылды аралатқан. Ал сондай әбес әрекетке барған қыз бала анасына тапсырылған. Анасы кі­нәлі қызды қалай жазаласа да, ерікті болған. Міне, бұрынғылардың жүзінен иман төгіліп тұратындығын, осын­­дай тыйым-тәртіптердің қа­таң сақталуынан, оны жалпыға бір­­дей­­лі­гінен деп ой­лаймыз.

Бірде Құнанбай қажының ұлы Ысқақ жолаушылап келе жатып, сол өңірдегі қандықол ұры атанған Қара­са­қау­дың ауылына бір топ нөкер­ле­рімен кештете жетеді.

– Қош келіпсіздер, – деген ауыл иесіне Ысқақ:

– Әй, залым ұры, құ­дай­дың күні­нің сенің ауылыңның тұ­сына келген­де батып, осында тоқ­та­ғаныма назалы­мын, – дейді ызбар­лана.

– Ұрлық ет беріп, ауыртасың-ау, – депті тағы да.

– Мырза, аттан түсіңіз, бір адал мал табылар, – деген Қарасақау мей­­мандарын үйге кіргізісімен Ысқақтың қара жорғасын шетке апарып сойғы­зып, сол етпен қо­нақасы беріпті. Ер­теңіне оның бұл қылығы әшкере бо­лады да, ашуға булыққан Ысқақ Қара­сақауды байлатқызып, жаза тар­тыр­маққа Семейде билік айтып жат­қан Абайдың алдына алып келіпті. Қажының айналасындағылар өре тү­регелгенімен Абай өз билігінде:

– Әуелі кінә Ысқақтан. Үлкен кі­сіні тілдегені үшін ат, шапан айып төлейді. Ал үй иесі қара жорғаның ор­нына екі бесті береді, – деп байлам айтып, тоқтатқан екен. Мынандай әділ шешімге риза болған Қарасақау со­дан кейін ұрлығын қойып кетіпті-міс дейді.

Иә, қашанда әділ билік – алтын таразы!

Қазақ мемлекетінің қалыпта­суы кезінде меншік туралы заңның да ең басты орын алатындығын атап айт­қан жөн. Онда жеке мү­ліктік, мал мен мүлік меншігі сондай-ақ, көші-қон кезіндегі жа­йылым, су, қыстау мә­се­лелері ар­найы белгіленген. Рулы ел­дің қоры есебіндегі меншік, «Жеті аға­йынды жұттан аман қалу тәртібі» де барынша қадағаланған.

Қысылғанда «жылу беру» дү­ние-мүлкі көбейіп, байыған кісінің «шүлен таратуы» және «көлік ма­йын» келісу, «жұртшылық ісі» – қа­таң тәртіпке ба­ғын­дырылған үр­діс­тер. Осы жерде, «жұрт­шы­лық ісін» кейінгі кезде өзіміз ай­­­тып жүр­ген «асар әдісімен» ша­­­тыс­­­­тырма­ған жөн секілді. Жұрт­­шылық ісіне, көптің бәріне бір­­дей қажетті – көпір салу, құдық қазу, тоған тарту секілді ортақ ша­руа­­ларды жатқызады.

Сонымен бірге, бұл жарғы­да дәу­­летті адамдардың айналасын­дағы жоқ-жітікке туған малынан сауын беріп отыруы да қарасты­рылған. Мал иесі бұл заң бойынша, сауылған сүт­тен, оның құрт-ма­йынан дәметпей, тек малының ба­сы, төлінің аман оралуын ғана та­лап ете алатын болған. Осы тәр­тіпті бұзған адамға билер та­рапы­нан айып салынып, шара кө­ріл­ген. Кей­де кісінің қылығына қарай, ел­ден шет­тетуге дейін жаза қолда­ныл­ған екен. Осының бәрі өзіміз сөз басында айт­қандай, елдің ұйы­суына, ынты­мағының мол бо­луы­на әсер етті.

Шағын мақалада ертеден келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып­ты ті­зіп айтып шығу міндет емес, дегенде халқымыздың қасиет­ті­лі­гін, тектілі­гін сақтай білудегі бі­­лім­дар­лығын, тапқыр ойлы­лы­ғын жете тану тұрғы­сында жаста­рымыз­дың кө­кіре­гіне сәу­ле түссе деп едік, сол кә­деге жаз­ға­нымыз жарап жатса, бек қуаныш­тымыз.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері