Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елдегі жол инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы жүріп келеді. Қазір республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың 25 мың шақырымнан астамы жаңадан салынып, реконструкцияланды және жөнделді.
Республика: 11 мың шақырым жол жөнделеді
Біздегі пайдаланып отырған жол желісінің ұзындығы шамамен 96 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мыңы республикалық, ал 71 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдарға тиесілі. Көлік министрлігінің дерегінше, 2019 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 68 пайызды құраса, бүгінде көрсеткіш 91 пайызға жеткен. Ал республикалық жолдардың үлесі 85-тен 94 пайызға дейін өсіпті.
«Негізгі жобалардың бірі – еліміздің ірі қалалары Астана мен Алматы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін «Қарағанды-Алматы» автожолын реконструкциялау болды. Жоба аясында трассаның жекелеген учаскелері кеңейтіліп, көпірлер мен жол өтпелері жаңғыртылып, жаңа көлік айрықтары салынды. Сондай-ақ «Қостанай-Денисовка», «Ақтөбе-Қандыағаш-Атырау», «Астана-Павлодар», «Ақтау-Жетібай» «Меркі-Бурылбайтал» және «Атырау-Астрахань» сияқты ірі жол жобалары бар. Бұл жолдар өңіраралық қатынасты дамытуда және ел ішіндегі экономикалық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Қызылорда облысы аумағында «Қызылорда-Жезқазған» автожолы реконструкцияланды. Көптеген жыл бойы осы трассаның жай-күйі жүргізушілер мен жолаушылар тарапынан сынға ұшырап келді. Қазір жолдың Ұлытау облысы аумағындағы учаскелерін реконструкциялау жалғасуда» деп жазды өз ресми сайтында министрлік.
Салалық ведомство биыл да 11 мың шақырымнан астам жолға құрылыс жүретінін айтады. Оның ішінде 3,4 мың шақырымға жуық жол жаңа құрылыс болып отыр.
«Ең ірі жобалардың бірі – «Орталық-Батыс» автожолы. Бұл жоба Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынды. Маршруттың жалпы ұзындығы 896 шақырымды құрайды. Жоба еліміздің астанасын батыс өңірлермен тікелей байланыстыра отыра, Транскаспий маршрутына шығуды қамтамасыз етеді», деп жазды министрлік.
Мұндай ауқымды жобалар ішінде Сыр еліне пайдасы мол 559 шақырымдық «Бейнеу-Сексеуіл» жол құрылысы да бар. Жаңа маршрут Ақтөбе арқылы өтетін қолданыстағы бағытпен салыстырғанда қашықтықты 900 шақырымға дейін қысқартады және өңірлер арасындағы тікелей жүруді қамтамасыз етпек.
Қызылорда – өзгелерге үлгі облыс
Біздің облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3525 шақырым. Оның 1025 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1945 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.
– Халық сұранысының бірі – жол-көлік саласындағы мәселелер. Мұндағы құрылыс қарқыны аз уақыт ішінде өңірге оң өзгеріс әкелді. Бір ғана мысал, 2022 жылдан бүгінге дейін жол инфрақұрылымын дамытуға 185,8 млрд теңге бөлінді. Осы уақытта 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелі салынды. Бұл әлі де тоқтаған жоқ. Ал нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 82-ден 95 пайызға жетті, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жәнібек Сыздықов.
Облыс орталығында көптеген жоба іске асты. Санамаласақ, Бейбарыс сұлтан көшесінен Б.Баймаханов көшесіне дейінгі аралықтағы Тараз көшесі мен Бейбарыс сұлтан көшесі Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі жол 4, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі бөлік 6 жолақты жолға айналды. Одан бөлек, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы 4 жолаққа кеңейді. Даңғыл бойындағы Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін жаңа жол салынды. Ұзындығы 23,5 шақырымдық әуежайға кіреберіс жол 4 жолаққа айналды.
– Ең қуанышты жаңалық, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі 487,8 шақырым жолды І санатқа ауыстыру бойынша «ҚазАвтоЖол» мекемесімен техника-экономикалық негіздеме әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Негіздемеге сәйкес жоба екі кезеңге бөлінген. Қазір І кезең, яғни «Қызылорда қаласын айналып өту 1-б техникалық санатындағы автомобиль жолын салу» жобасының құрылысын жеңімпаз мердігер «Қыран» ЖШС бастады. Оның құны 46 млрд 379 млн теңгені құрайды. Жолдың ұзындығы – 25,8 шақырым. Ал ІІ кезеңге жататын «Қызылорда-Сексеуіл республикалық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялау/салу» жобасын да осы жылы бастау жоспарлануда. Жол ұзындығы – 462 шақырым, құны 832 млрд 812 млн теңге, – дейді басқарма басшысы.
Иә, бұған дейін көп жыл мәселе болған республикалық «Қызылорда-Жезқазған» жолының біздің өңірдегі бөлігі біткені белгілі. Ал Президент Жолдауында айтылған 559 шақырымдық «Бейнеу-Сексеуіл» жолының құрылысы арқылы Арал ауданының ең шеткі елді мекендеріндегі (Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман) қатынас жақсаратын болады.
Көпірлер салынды, вокзалдар қайта жаңаруда
Қызылорда қаласы мен жеті аудан теміржолдың екі бойында қоныстанған. Бұған қатысты Арал ауданында 940 метр болатын аспалы көпір бітті. Жаңақорған ауданында талай жылдан аяқсыз қалған осындай теміржол үстінен өтетін көпір пайдалануға берілді. Осы жобалардың жалғасы ретінде Қармақшы ауданындағы теміржол көпірінің құрылысы жақында басталады. Оның құны 5,5 млрд теңгеден асады.
– Өзіңізге белгілі, екі жыл бұрын қаланың сол жағалауынан еңселі автовокзал бой көтерді. Аймақтағы елді мекендерді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын автобус маршруттарынан бөлек, халықаралық маршрутпен Ташкент қаласына, облысаралық Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе қалаларына 18 автобус қатынайды. Екіншіден, облыс орталығындағы халыққа қызмет ететін қоғамдық көліктер толық жаңарды. 300 автобус қалалық 32 маршрутты 100 пайыз қамтыды. Сонымен бірге, қалада «Экотакси» қызметін құру жобасымен 100 электромобиль алынып, тұрғындар мен қонақтарға қызмет көрсетіп келеді, – дейді әңгіме барысында Ж.Сыздықов.
Ал «Қорқыт Ата» әуежайында аптасына 28 рейс орындайтын жаңа терминал екі жыл бұрын пайдалануға берілді. Жаңартылған әуежай терминалы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) жоғары стандарттарына сәйкес келеді. Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ҰҚ АҚ және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 605 млн теңгеден астам қаржыға Қызылордадағы теміржол вокзалы мен аумағы түгелдей күрделі жөндеуден өткен болатын. Қазір мұндай құрылыс Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал, Сексеуіл вокзалында, Жалағаш пен Тереңөзектегі қызмет көрсету пункттері мен Талап бекетіндегі жолаушылар платформасында жалғасуда.
Құрылыс биыл да тоқтамайды
Басқарма басшысы осылай деп отыр. Қажетті қаржысы да бөлінген. Биыл аймақтағы жол инфрақұрылымын дамытуға барлық бюджет көзінен 38,2 млрд теңге қаралыпты. Бұған ұзындығы 141 шақырымдық жол, көшелер мен көпір өткелдерін жөндеу жоспарлануда.
– Осы жылы құны 23,6 млрд теңгеге қала және қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтегі 70 көшені қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, аймақ басшысының тапсырмасымен тек қала ішіндегі негізгі көшелер ғана емес, аудандардың елді мекендеріндегі жолдар мен көшелерге де ерекше көңіл бөлінеді, – дейді ол.
Мысал келтірсек, Жаңақорған ауданындағы «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» 11,2 шақырым жолын қайта жаңғырту, Қармақшы ауданының «Жалағаш-Жосалы» жолындағы теміржол арқылы өтетін 46 шақырым жол өтпесін, Арал ауданындағы «Самара-Шымкент-Қамыстыбас-Аманөткел-Бөген» жолын күрделі жөндеу, «Арал-Жалаңаш» жолын орташа жөндеу жұмыстары осы жылы жүреді. Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті Жанқожа батыр көшесінің айналма жолын қайта жаңғырту, «Қызылорда-Жалағаш» облыстық маңызы бар автомобиль жолындағы көпірлерді күрделі жөндеу жұмыстары бұл күнде басталып кеткен.
Бұдан бөлек, биыл облыс орталығындағы Н.Назарбаев даңғылындағы «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылысы, «Марал ишан-Қ.Махамбетов-Тәуелсіздікке 25 жыл» көшелерін кіреберіс қақпадан Саламатов көшесіне дейін қайта жаңғырту және Сырдария өзені арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысын қолға алу жоспарланып отыр. Аталған жобалардың барлығы сырбойылықтардың ұзақ жылдар бойы сұраныстарын ескере отырып жасалуда.
– Қазір Қызылорда қаласының сол жағалауына өту кезінде көбіне-көп көлік қозғалысын Ғ.Мұратбаев көшесінің бойындағы көпірден байқаймыз. Бұл күннің қарбалас уақытында сол жағалауға өту кезінде кептеліс тудырып, көлік шоғырын көбейтіп тұр. Осы мәселені шешу мақсатында И.Тоқтыбаев көшесінен сол жағалауға өтетін көпір құрылысының жоба-сметалық құжаттары әзірленуде, – дейді басқарма басшысы.
Демек, алдағы уақытта да Сырдың бас шаһары – Қызылордада Сырдария өзені үстінен өтетін үшінші көпірдің құрылысы басталып қалуы бек мүмкін.
Иә, жалпы алғанда, республикалық ғана емес, ауыл-аймақтағы автожолдардың өзі тақтайдай тегіс, сапалы салынып жатса, халық қуанышы еселене бермей ме? Бір сөзбен айтқанда, жол инфрақұрылымы – өте маңызды әрі күрделі сала. Кез келген мемлекеттің даму деңгейі де жол сапасымен бағаланады. Жоғарыда айтқандай, биыл да жолға бөлінген қаржы мол. Тек құрылыста сапа мен мерзім маңызды.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





