Өмірде өз ізін қалдырған Адамдар көп емес, көптік етпес те еді.
Ақын – Олжас Омарұлы Сүлейменовтің жетінші атасы дуалы ауызды батырлығы, көшбасшылығы, елін, жерін жан-тәнімен қорғаған ерекше ерлік иесі екені қазіргі қазақстандықтарға белгілі.
Көріпкел көсемдігі өз алдына тарих. Менің жетінші ұрпағым «білімді» болады деуінің дәл келуі де дәлел.
Олжас Сүлейменов – сан саладағы білімді терең меңгерген әлемдік деңгейдегі ақын. Адамның рухани әлемін танып қана қоймай оны жер бетіндегі басқа адамдарға жеткізуші.
«Басқадан бағы басым Баһадүр» (М.Әуезов) сөзге шешен, қолбасшы, көсем!
Халық даналығы айтқандай:
«Жақсыдан сөз шығады жан секілді, тамырдан атқылаған қан секілді».
Сөзі мірдің оғындай дәл, нық!
Қай шығармасын алсаңыз да әлемдегі бейбітшілік пен тыныштықтың іргетасындай берік!
Өлеңдері санаға салмақ түсіре ойландырады, сезімді селт еткізетін нәзік, биік, асқақ, биіктіктен нәр алған – Өр!
Мен 80-90 жылдары Алматыда аспирантура, доктарантурада жүргенде Олжекеңмен бір кездесіп сөйлесу, сырласуды армандаушы едім…
Бірде Жазушылар үйінен ұстазым Зейнолла Қабдоловпен шыға бергенімізде Олжекең қарсы кездесе кетпесі бар ма. Зекеңмен сәлемдесіп, хал- жай сұрасып жатыр. Бір кезде Зекем: «Бұл кісі Бағдат Кәрібозұлы, үлкен үміт күтер шәкіртім» деп таныстырды. Олжекең қолын маған созады деген ойымда да жоқ, сілейдім де қалдым. Тез ес жиып Бағдатпын деп қолымды создым. Алақаны қандай аялы. Шуақты жанарымен, мейірлене, сүйсіне қарағанын байқап, сезініп үлгергенім әлі есімде. Міне, содан бастап арман ұлғайған. Олжекеңмен бір кездессем ғой, сырлассам ғой шіркін, мен де сіз сияқты 18 мамырда дүниеге келгенмін деп бастар едім.
Бір күні қызым Айнұр (Болат Өтемұратов қорының бас директоры) Олжас Омарұлы Сүлейменов атасының үйіне сәлем бере әрі шаруаларын ақылдасқанын, бірге суретке түскенін (Олжас Сүлейменов Болат Өтемұратов қорының қамқоршылар кеңесінің мүшесі) папаңа бер деп 50 жылдан соң қайта басылып шыққан «АзиЯ» кітабына маған арнап қолтаңба жазып жібергенін, кітап аталған қордың қолдауымен қайта басылып шыққанын айтты. Олжекең Айнұрдан ата-анасы, біздер туралы сұраған ғой, сонда Айнұр бізді сырттай таныстыра отырып, менің папам сізбен бір күнде 18 мамырда дүниеге келген депті. Мен болсам Құдайдың шеберлігіне таң болып отырмын. Жүрегім шымырлап, жанарыма жас үйірілді. Әрине, бұл қуаныш жасы еді. Жанымның жалауындай, өзімдей, көзімдей Айнұрым арманымды оп-оңай орындап келіпті.
Арман перзентің арқылы да орындалады. Ізгі, ойлы ұрпақтарымыз аман болсын.
Биыл 18 мамырда Олжас Сүлейменов 90 жасқа, мен 70 жасқа толдық.
Саф алтындай Олжастың болғаны қандай жақсы…
Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор





