Мемлекеттік қызмет – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Ал сол көпірдің беріктігі мен сенімділігі ең алдымен мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне, адалдығына және қызметтік әдебіне байланысты. Өйткені мемлекетке деген сенім де, қоғамның көзқарасы да мемлекеттік қызметшінің күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасады.
Бүгінде елімізде мемлекеттік қызмет саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және қызметтік тәртіпті нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясында әділетті мемлекет құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау қағидаттарына ерекше мән берілген. Бұл қағидаттарды жүзеге асыруда мемлекеттік қызметшілердің рөлі зор. Өйткені Конституция талаптарына адал қызмет ету, заңдылықты сақтау және қоғам мүддесін бәрінен жоғары қою – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Сондықтан қызметтік әдеп пен адалдық қағидаттарын ұстану – Конституция құндылықтарын өмірде іске асырудың маңызды тетігі.
Бұл көрсеткіштер мемлекеттік қызмет жүйесінде тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселесінің әрдайым назарда болуы қажеттігін аңғартады. Өйткені сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін, мемлекет беделіне нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлықпен күрес – әділетті мемлекет құрудың басты шарттарының бірі» деп атап өткен болатын. Шынында да, жемқорлық жайлаған жерде әділдік әлсірейді, ал әділдік әлсіреген жерде халықтың билікке деген сенімі төмендейді.
Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясында да сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік әдепті сақтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында қызметкерлермен жеке кездесулер өткізіліп, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының алдын алу, мүдделер қақтығысына жол бермеу және мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау мәселелері бойынша кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мемлекеттік аудит іс-шаралары алдында аудиторларға Әдеп кодексінің талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөнінде тұрақты түрде түсіндіру шаралары ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары мамандарының қатысуымен декларация тапсыру тәртібі бойынша семинарлар өткізіліп, қызметкерлерге әдістемелік қолдау көрсетілді.
Әдеп – мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбетінен бұрын ішкі мәдениетін айқындайтын қасиет. Ұлы Абай: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» деген. Бұл қағида мемлекеттік қызметшіге де қатысты. Қызмет барысында азаматтарға құрметпен қарау, әріптестермен сыйластық қарым-қатынас орнату, әділдік пен парасаттылық таныту – Әдеп кодексінің негізгі талаптарының бірі.
Сонымен қатар ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды зерделеу мақсатында жүргізілген сауалнама нәтижелері қызметкерлер арасындағы өзара құрмет пен түсіністікке негізделген тұрақты жұмыс ортасының қалыптасқанын көрсетті. Бұл – ұйымның ішкі мәдениетінің жоғары деңгейде екендігінің белгісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, заң талаптарын бұлжытпай орындау және қызметтік әдеп нормаларын сақтау – әрбір мемлекеттік қызметшінің қасиетті міндеті. Өйткені халық сенімі – ең үлкен капитал. Ал сенімді сақтау үшін адал еңбек, жоғары жауапкершілік және мінсіз әдеп қажет.
Қоғамның сенімін ақтау, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру және әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолында әрбір мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби әрі адамгершілік ұстанымдарын берік сақтауы тиіс. Себебі адалдық үстемдік құрған жерде ғана әділет салтанат құрады, ал әділет салтанат құрған қоғамның болашағы әрқашан жарқын болады.
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексі – жай ғана қызметтік талаптар жиынтығы емес, ол адалдық пен жауапкершіліктің, парасаттылық пен әділеттіліктің темірқазығы. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – заңның ғана емес, ар-ожданның да талабы. Халықтың сенімін арқалаған мемлекеттік қызметші әрдайым өз ісімен өнеге көрсетіп, қоғам игілігі жолында қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Өйткені адалдық үстемдік құрған ортада ғана сенім нығаяды, сенім бар жерде тұрақтылық пен даму орнығады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші әдептілік пен кәсібилікті өмірлік ұстанымына айналдырып, әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің қалыптасуына өз үлесін қосуы қажет. Себебі ел болашағының жарқын болуы – бүгінгі мемлекеттік қызметтің тазалығы мен абыройына тікелей байланысты.
Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясында осы жұмыстарды ұйымдастыру үшін әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарды Қызылорда қаласы Ы.Жақаев №5 ғимаратта әр аптаның сейсенбі күні жұмыс уақытында жеке қабылдау жүргізеді. Жұмыс телефоны: 8(7242) 27-62-05.
Бауыржан ПШАНОВ,
Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі,
әдеп жөніндегі уәкіл





