Конституция

Плей-оффтың алғашқы сенсациялары

6

0

Фото: tourprom.ru

Футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионаты шешуші кезеңге аяқ басты. Биылғы мундиаль алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өтіп жатқандықтан, плей-оффтың 1/16 финалдық кезеңі де тарихта тұңғыш рет ұйымдастырылуда. 28 маусымда басталған бұл сын үшінші шілдеге дейін жалғасады. Әр кездесуде қателесуге мүмкіндік жоқ – жеңген команда жарысты жалғастырса, жеңілгені бірден турнирмен қоштасады.

Алғашқы алты матч жан­кү­йерлерге тартысқа толы футбол, күтпеген нәтижелер мен тарихи оқиғалар сыйлады. Ең үлкен сен­сациялардың бірі Германия құра­масының жарыстан шығып қалуы болды. Парагваймен негізгі және қо­сымша уақытта 1:1 есебімен тең түс­кен немістер пенальти сериясын­да 3:4 есебімен жеңіліп, Әлем чем­пио­наттары тарихында алғаш рет 11 метрлік айып соққылары сериясында жеңіліс тапты.

Тағы бір драмалық кездесу Нидер­ланд пен Марокко құрамалары арасында өтті. Коди Гакпо гол­ландия­лықтарды алға шығар­ғаны­мен, Ма­рок­ко соңғы минуттарға дейін кү­ресті тоқтатқан жоқ. 90+1 минутта таразы басын теңестірген африка­лықтар пенальтиде басым түсіп, ширек ғасырдағы ең ірі жетіс­тік­терінің бі­ріне қол жеткізді. Матчтан кейін Нидерланд құрама­сының бас бапкері Рональд Куман қызметінен кететінін мәлімдеді.

Норвегия да тарихи белесті бағындырды. Кот-д’Ивуарды 2:1 есе­бімен тізе бүктірген сканди­навия­лықтар Әлем чемпионаты плей-оф­фындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Команданың шешуші до­бын кездесудің 86-минутында Эрлинг Холанд соғып, өз құрамасын келесі кезеңге алып шықты.

Бразилия өз жанкүйерлерін соңғы секундтарға дейін алаңдатты. Жа­пония бірінші таймнан кейін есепте алда болғанымен, үзілістен соң Каземиро таразы басын теңестірді. Ал 90+5 минутта Габриэл Мартинелли жеңіс голын соғып, бес дүркін Әлем чемпиондарын 1/8 финалға шығарды.

Канада турнирдің плей-офф ке­зеңін жеңіспен бастап берді. Оңтүстік Африка Республикасына қарсы өткен матчтың тағдыры қосыл­ған уақыттың бесінші мину­тында шешіліп, кана­далықтар мини­малды есеппен келесі айналымға өтті.

Франция құрамасы да өз деңгейін көрсетті. Швецияны 3:0 есебімен сенімді жеңген вице-чемпиондар ойын тізгінін толық бақылауда ұстап, фаворит мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Команданың көш­басшысы Килиан Мбаппе кезекті екі голын соғып, шабуылдағы тиім­ділігін паш етті.

Осы уақытқа дейін өткен кез­десулердің қорытындысы бойынша 1/8 финалдың алғашқы жұптары да белгілі болды. Канада Мароккомен кездессе, Бразилия Норвегиямен жо­лығады. Ал сенсация авторы Парагвай Франция құрамасымен күш сынасады.

Плей-оффтың қалған он кездесуі 1-4 шілде аралығында өтеді. Алдағы күндері Мексика – Эквадор, Англия – Конго Демократиялық Респуб­ликасы, Бельгия – Сенегал, АҚШ – Босния және Герцеговина, Испания – Австрия, Португалия – Хорватия, Швейцария – Алжир, Австралия – Египет, Ар­гентина – Кабо-Верде және Колумбия – Гана құрамалары өзара мықтыны анықтайды.

Әлем чемпионатының шешуші кезеңі алғашқы күндердің өзінде-ақ жанкүйерлер күткеннен де қызықты өрбуде. Сенсациялар, соңғы минут­тардағы голдар мен пенальти серия­лары мундиальдың тартысын арт­тыра түсті. Енді әрбір матчтың бағасы бұрынғыдан да жоғары. Себебі келесі қателік кез келген құраманың Әлем чемпионы атану арманын аяқтауы мүмкін.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»