Құрылтай

Премьер-министрді қабылдады

5

0

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады. Қазақстан Республикасының биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы есепті тыңдап, экономиканы одан әрі әртараптандыру жоспарымен танысты.

Премьер-министр бірінші жар­тыжылдық қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнім көлемі 4,1 пайызға өскенін баяндады. Экономика құры­лымындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 9,8 пайызға, көлік саласы 7,1 пайызға, құрылыс 15,2 пайызға артты. Сондай-ақ сауда-саттықта 5,7 пайыз, ауыл шаруашылығында 4,4 пайыз және байланыс қызметінде 4,3 пайыз өсім тіркелді. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 9,5 триллион теңгені құрады, соның ішін­де жеке инвестиция 21,4 пайызға ұлғайды.

Олжас Бектенов ұлттық экономика құрылымын нығайту жөнінде есеп берді. Биыл өңдеу секторында 1,7 триллион теңгеге 200 инвестициялық жоба іске қосылып, 17 мың жұмыс орны ашылады. Үкімет басшысы ірі автожол жобаларының жүзеге асырылу барысы, Астана қаласындағы екінші әуежайдың құрылысын және Tarlan Astana көлік жүйесінің келесі кезеңін жоспарлау туралы айтты. Пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 20 миллион шаршы метрге жетпек. Ауыл шаруашылығындағы өндіріс көрсеткіші 15 триллион теңгені құрап, егістік алқаптары 23,8 миллион гектарға дейін ұлғайды. Шаруаларды қолдауға 1 триллион теңге бөлінді. Бұл ретте бюджеттің әр теңгесі 6,5 теңге жеке инвестиция тартуға септігін тигізді.

Мемлекет басшысына Халықтың табысын арттыру жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуы және инфляцияны төмендету шаралары туралы ақпарат берілді. Маусым айында жылдық инфляция деңгейі 10,3 пайызды құрады.

Президентке әлеуметтік және көші-қон саясатын жетілдіру нәти­желері туралы баяндалды, сондай-ақ жұмысқа орналасуға ынталандыру арқылы әлеуметтік қолдау тетік­терінің тиімділігін арттыру тәсіл­дері таныстырылды. Кейбір әлеу­меттік төлемдерді оңтайландыру нәтижесінде жылына 800 миллиард теңгеден аса қаржы үнемделеді.

Кездесуде жылыту маусымына дайындық мәселесіне айрықша на­зар аударылды. Өткен маусымның қо­рытындысы бойынша бес жылу-электр орталығы аса жоғары тәуе­келдің «қызыл» аймағынан шыға­ры­лып, үш ЖЭО «жасыл» аймаққа ауыс­тырылды. Биылғы жөндеу жұ­­мыстары 9 энергия блогын, 55 қазан­дықты және 51 турбинаны қам­тиды. Аталған мақсатқа 384 миллиард теңге бөлінген. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында жыл соңына дейін 12 мың шақырым инже­нерлік желі жөнделеді.

Президентке цифрландыру және ұлттық АІ инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы мәлімет ұсынылды. Олжас Бектенов «Деректерді өң­деу орталығы алқабы» жобасын іске асыру мақсатында әлемдік ІТ көш­­­басшыларымен бірге қуаты 250 МВт болатын инфрақұрылым жа­сақ­­талатынын айтты. Шетелден тар­­тылған инвестиция көлемі 10 мил­лиард доллардан асты.

Мемлекет басшысына туризм инфра­құ­рылымын жаңғырту жайында есеп берілді. Алматы тау кластерін дамыту туризм саласының ІЖӨ құрылымындағы үлесін арттырады. Almaty SuperSki жобасының құрылысы жандана түсті: 60 шақырым трасса құрылысы аяқталғанда тәулігіне 10 мың адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік туады. Нысанды пайдалануға беру 2028 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Еліміз «Болашақ ойындары-2026» жарыстарын өткізуге дайын.

Мемлекет басшысы жаңа Конституцияға сай қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар болды. Заңнаманы Ата заңға сәйкестендіру, «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, Алатау қаласын қарқынды дамыту үшін құқықтық негіз қалыптастыру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» бастамасын ілгерілету бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді өркендету бағытындағы жүйелі қадамдарды жалғастыруды тапсырды. Үкіметке әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алу міндеті жүктелді. Бұл бастама ел азаматтарының тұрмыс сапасын айтарлықтай жақсартуға тиіс. Заманауи денсаулық сақтау нысандарын салуға ерекше назар аударылады.