Қырық жылда құрыштай шыңдалған

18

0

Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімімен 23 маусым – Бүкіләлемдік мемлекеттік қызмет күні ретінде белгіленгені мәлім. Бұл кәсіби мереке 2013 жылдан бері біздің елімізде де ресми түрде бекітілген. Жыл сайын аталып келе жатқан бұл күннің негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесіндегі қызметкерлердің еңбегін елеу.

Тура алпыстың асуын бағындырып отырған, қырық жылға жуық мемлекеттік қызметтің ыстық-суығында құрыштай шыңдалған Қазалы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Бақытжан Дүзелбайұлы Жарылқап 1966 жылы Арал ауданының Октябрь ауылдық кеңесінде 23 маусымда өмірге келген.

1989 жылы Алматы Халық шаруашылығы инс­титутын экономист мамандығы бойынша бітірген ол еңбек жолын Қазалы ауданының Бозкөл кеңшарында еңбек жөніндегі аға экономист болып бастаған. Содан бері аудан экономикасы өркен­дету үшін Бақытжан Дүзелбайұлы түрлі саланың тетігін ұстады. 1992 жылдан 2011 жылға дейін Қазалы ауданының қаржы бөлімінде аға экономист, 2-санатты экономист, бюджет инспекциясының бастығы, бөлім бастығының орынбасары, аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімдігінің бас маманы, бас инспекторы, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және кадр жұмысы бөлімінің бас инспекторы болып мемлекеттік қызметтің сан салалы сатысынан сүрінбей өтіп, абырой биігінен көрінді.

Қазалы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры, қатарынан екі мәрте аудан әкімінің орынбасары, экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы болып қызмет атқаруы да Бақытжан Дүзелбайұлының мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін толықтырды. Қай жерде де істің тетігін таба білетін маман ретінде құрметті.

Аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімінің кеңесшісі, ал 2024 жылдың шілде айынан бүгінгі күнге дейін аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы болып жемісті еңбек етіп келеді. Бақытжан Жарылқаптың мемлекеттік қызметкер ретінде ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына қосқан үлесі елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары иеленген Президенттің Алғыс хаты, Сенат төрағасының Құрмет грамотасы, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, аудан әкімінің Алғыс хаттары, сонымен қатар «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» атағы және мерейтойлық төсбелгілері  бар.

Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы