Қызылордада кен орнында биіктен құлап, сал болып қалған қызметкер өтемақы ала алмай жүр

422

0

Фото: Видеодан скриншот

Қызылорда қаласында кен орнында биіктен құлап, сал болып қалған жұмысшы компания басшыларынан өтемақы ала алмай жүр. Палуанбек Жақсылықов екі жылдан бері арбаға таңылып, еңбекке жарамсыз болып қалған. Енді бұған компанияның салғырттығын кінәлайды. Айтуынша, кәсіпорында техникалық қауіпсіздік мүлдем сақталмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Мұнай компаниясына тиесілі кен орнында дәнекерлеуші болған Палуанбек Жақсылықов бір сәтте жұмысқа қабілетсіз болып қалды. Екі жыл бұрын жұмыста биіктен құлап, жұлынына зақым келген. Ауыр жарақаттан кейін азамат сал болып қалыпты. Бірақ осы сәтте компания басшылары қолдау көрсетпеген көрінеді.

«Ол жерде техникалық қауіпсіздік қарастырылмаған. Медициналық пункт жоқ. Кәмелетке толмаған балаларыңа көмектесеміз деп көмексіз қалды. Қазір таңда емімнің өзіне Анталияға 11 млн теңге керек», – деді I топтағы мүгедек Палуанбек Жақсылықов.

Өндірістік жарақаттан кейін оған компания басшылары бастапқыда миллион теңге беріп, бір жыл жалақы төлеп келген. Олар істі жылы жабу үшін осындай әрекетке барды деп топшылайды. Бірақ өтемақы ретінде өмір бойы жалақы төлейміз деген уәделерінен кейін тайқып кетіпті. Сондықтан арбаға таңылған жан жауапты органдарға арыздануға мәжбүр.

«Бізге арызбен жүгінді. Тергеп-тексеру нәтижесімен жұмыс беруші мен жұмысшының кінәлілік дәрежелері анықталды. Яғни бұл жерде үш кемшілік бар. Комиссияның шешіміне сәйкес Палуанбектің кінәсі 35% болған. Жұмыс берушінің кінәсі – 65%», – деді Қызылорда облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Талант Ерманов.

Палуанбек Жақсылықовтың адвокаты заң бойынша жарақат алған жұмысшыға зейнет жасына жеткенше өтемақы төленуі тиіс деп отыр.

«Қызмет кезінде осындай еңбек жарамсыздығы болған жағдайда І топ мүгедегі болып қалса, 2 мың АЕК бір реттік төлем төлену керек. Одан кейін жұмыскердің жалақысы зейнетке дейін сақталу керек», – деді адвокат Азамат Марат.

43 жастағы азаматтың кәмелетке толмаған 6 баласы бар. Отбасы қазір тек мемлекет беретін жәрдемақымен күнелтіп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<