ӘРБІР БАҒЫТ ӘЛЕУЕТТІ АРТТЫРАДЫ

381

0

Мемлекет басшысының Парламент палаталарының бірлескен отырысында ұсынған 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыруда аймақтарға артылатын міндет салмақты. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Наталья Жұмаділдаева, Балайым Кесебаеваның қатысуымен бес әлеуметтік бастаманы талқылаған жиын өтті.

Бүгінде халықты баспанамен қамтамасыз ету, жалақысы төмен жұмысшы, қызметкерлерге салық­тық жеңілдіктер жасау, жастардың білім алуы және жатақханамен қамтылуына байланысты орын­далатын міндеттер мен кәсіпкерлікті дамыту негізгі жұмыс бағытына айналды.

Өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін атқарылатын жұмыстардың аясында жеңілдетілген шағын несие беру неғұрлым тиімді тетік.

– Аймақта 2017-2021 жылдарға арналған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға 4 млрд 600 миллион теңге бөлінді. Қазір 6000-ға тарта адам қатысушы ретінде тіркелген. Елбасының бастамасында шағын несиелендіруге биыл қосымша 20 миллиард теңге бөлу мәселесі көтерілді.  Оның 1 млрд 600 миллион теңгесі біздің облысқа қаралып отыр, − дейді басқарма басшысы Талғат Дүйсебаев.

Елбасының 5 бастамасының бірінші бағыты құрылыс нарығына үлкен серпіліс әкеледі. «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын бастау үшін жол картасы әзірленген, жауап­кершілік Ұлттық Банкке жүк­телген. Ипотекалық несие беру тамыз айынан басталады. Ал жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту бастамасы 2019 жылдың басынан бастап жүзеге асырылады. Бұл туралы депутат Б.Кесебаева сөз тарқатты.

Елбасы ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз, яғни 60125 теңге жалақы алатын азаматтардың табыс салығын азайтуды тапсырды. Демек 2-млн-нан астам адамның айлығы жұмыс берушіге салмақ салмастан көбейеді, − деді ол.

Білім гранттарының көбеюі оқуға ынталы жастарды қанаттандырады. Жаңадан қосылған 20 мың гранттың басым бөлігі техникалық және ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтарға бөлінеді. Ал жа­тақ­хана құрылысы бойынша Білім және ғылым министрлігі қажеттілік картасын жасаған. Депутат Н.Жұмаділдаева осы мәселе жөнінде сөз қозғады. Жатақханада орын бар, бірақ студенттердің көбі пәтер жалдап тұрады. Себебі, жатақханалардың басым бөлігінде тұруға жағдай жасалмаған, сондықтан ата-аналар балаларының жақсы үйде тұрғанын қалайды. Енді жаңа жатақханалар жайлы жабдықталып, тұрмыстық қажеттіліктер ескеріліп салынады.

Шағын несие ауылдағы кәсіп­керліктің дамуына үлкен ықпал жасайды. Бүгінде елімізде шағын және орта бизнестің үлесі – 27%. Бір шағын несие арқылы орта есеппен 2-3 жаңа жұмыс орны ашылады.

Елбасы ұсынған бесінші бағыт бойынша «Сарыарқа» бағдарламасы жүзеге асады. Жоба арқылы 2,7 миллион адам газбен қамтылып, елдегі шағын және орта бизнес, өндірістің ауқымы кеңейеді. Жиын соңында қатысушылар депутаттарға сауал жолдап, заң талаптарындағы кейбір түйінді мәселелерді айтып, ұсыныс білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<