Конституция

Реформалардың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру

5

0

30 маусым күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында сөз сөйледі.

Президент Парламенттің қос Палатасының бірлескен қорытынды отырысы тарихи мәнге ие екенін жеткізді. 

– Бүгін біз мемлекетіміздің заң шы­ғарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясын аяқтап, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуірді қорытынды­лап отырмыз. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқалы тұрмыз, – деді Мемлекет басшысы.

1 шілдеден бастап Қазақстан Респуб­ликасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Ұлт заңымен қатар, мемлекет­тік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай келеді. Жалпы, бұл өзгеріс Қазақстанда тарихи сабақтастық бар екенін анық көрсетеді.

– Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын елімізде тұңғыш кәсіби Парламент құрылды. Мүлде жаңа институционалдық үлгіге көшкен заң шығарушы орган мемле­кеттігімізді нығайтуға елеулі үлес қосты, сондай-ақ еліміздің құқықтық негізін қалыптастыру және нарықтық экономиканы орнықтыру ісінде маңызды рөл атқарды.

Қысқаша айтсақ, отыз жылдың ішінде 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды. Ал әрбір оныншы заңға депутаттар өздері бастамашы болды. Заң шығару жүйесінің қайнар бастауында бүкіл халқымызға және халықаралық қауымдастыққа танымал саясаткерлеріміз, көрнекті мемлекет қай­раткерлері, белгілі қоғам қайраткерлері тұрды. Олардың жемісті еңбегі Парламент тарихында өшпес із қалдырды. Қажырлы қызмет халқымыздың жадында мәңгі сақталып қаларына күмән жоқ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент атап өткендей, Парламент әрдайым уақыт талабына тез бейімделіп, қоғам сұранысына лайықты жауап бере алатын жасампаз құрылым болды. Пар­ламент – мемлекетіміздің басты өкілді ор­ганы, қоғамның түрлі саласындағы кәсіби мамандарды бір мақсатқа тоғыс­тырды. Елімізде саяси және заңнамалық тұрғыдан сапасы жоғары парламенттік мәдениет қалыптасты. Бұл – Қазақстанды дамыған ел ретінде айқындайтын ең маңызды көрсет­кіштің бірі. Түптеп келгенде, Парламенттің әрбір шақырылымы Қазақстанның алға қарай нық сеніммен қадам басуына зор серпін берді, басқаша айтсақ, ұлтымыздың эволюциялық өрлеу жолының жарқын үлгісіне айналды.

– Мен Парламенттегі қайнаған еңбектің, онда қабылданған әрбір заңның Тәуелсіз еліміздің келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Осы тарихи сәтке орай, ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, елге мінсіз әрі адал қызмет еткені үшін барлық шақырылымдағы Мәжіліс пен Сенат депутаттарына шынайы ризашылығымды білдіремін.

Әсіресе, Парламенттің қазіргі құрамына, яғни сіздерге алғысым зор. Бұл шақы­рылымды Қазақстанның жаңа тарихындағы ең мықты құрамның бірі деп сеніммен айтамын. Себебі сіздер мемлекетіміздің да­муындағы өте күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істедіңіздер. Баршаңыз ел өмірінде болып жатқан ауқымды өзгеріс­тердің бас­тауында тұрдыңыздар. Қаншалықты қиын болса да, түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру жолында табанды еңбек ет­тіңіздер. Сын сағатта жауап­кершіліктен жалтармай, мемлекетіміз үшін аса қажетті рефор­маларды жүргізуге ұйытқы бол­дыңыздар, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуын­ша, тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң қабылданған. Олардың қатарында еліміздің алдағы биік белестерінің сенімді арқауы болатын, тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер бар.

– Біз біртұтас ұлт болып мем­лекетімізді түбегейлі жаңғырту ісін қолға алдық. Экономикадан бастап қо­ғамдық құндылықтар жүйесіне дейін – ел өмірінің барлық саласында ау­қымды өзгерістер жасалды. Әрине, дәуірлік ауқымдағы мұндай рефор­малардың бел ортасында жүру – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, сіздер өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен ат­қа­рып шықтыңыздар. Әділетті әрі Қуат­ты Қазақстанды құру үшін қа­жырлы еңбек еттіңіздер. Сіз­дердің табанды, мардымды еңбектеріңіз елі­міз­дің жыл­намасында қалатынына кү­мән бол­мауы керек. Дегенмен уақыт бір орын­да тұрмайды, зымырап өтіп жатыр. Көз ілеспес жылдамдықпен өз­геріп жатқан қазіргі кезеңде шын мәнінде жаңашыл әрі батыл қадамдар жасалуға тиіс. Осы өзекті мәселені мен бұрын да бірнеше рет айтқам. Бұл – заман талабы, – деді Мемлекет басшысы.

Президент халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, құбы­лып, тұрақсыздық белең алғанын, бұл жағдай жаһандық экономикаға орасан зардабын тигізіп жатқанын тілге тиек етті. Халықаралық валюта қоры мен Біріккен Ұлттар Ұйымының құзырлы агенттіктерінің болжамы бойынша ал­дағы екі жылда әлем қауымдастығы, соның ішінде жекелеген мемлекеттер эко­номикалық жоспарларын жүзеге асыру кезінде едәуір қиындыққа тап болуы мүмкін.

– Бірақ еңсені түсіріп, үрейге бой алдыруға болмайды. Үкімет елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді және ширақ жұмыс істеуге тиіс. Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізген жөн, сондай-ақ экономиканың қарқы­нын төмендетпей, керісінше, оның көрсеткіштерін ұлғайту қажет.

Бәріңізге белгілі, ертең мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі жаңғырту жұмысы ресми түрде бастау алады. Мұны кезекті әкімшілік реформа деп түсінуге болмайды. Себебі, бұл – еліміз үшін мүлде жаңа тарихи кезең бас­та­лады, яғни мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған өзгерістер іске асады деген сөз. Бас­қаша айтсақ, біз қазақ мемлекет­тігінің «ғи­маратына» күрделі жөндеу жүр­гізуді көздеп отырмыз.

Біз ел Тәуелсіздігінің мызғымас тұғыры мен іргетасын көздің қара­шы­ғындай сақтап, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіре түсуге міндеттіміз. Бұл – аса маңызды міндет. Оған мем­лекеттік қызметте, академиялық инс­титутта, ғылыми және саяси зерттеулер орталықтарында, үкіметтік емес сек­торда, халықаралық ұйымдарда қыз­мет ететін, осы іске қатысы бар азамат­тардың барлығы атсалысуы қажет, – деп нақтылады Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында Қазақстанды үш жылдың ішінде дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойғанын әрі еліміздің келешегі осы мақсатты қалай іске асыруға байла­нысты екенін нақтылай түсті.

– Біз Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Егемендігін сенімді түрде қорғау мәсе­лесін әлі түбегейлі шешкен жоқ­пыз. Мұны ешқашан естен шығар­майық. «Жау жоқ деме жар астында» деген тәмсілді әрқашан қаперде ұста­ған жөн. Біздің басты мұратымыз – халықтың әл-ауқатын арттырып, қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, азамат­тардың тұрмыс сапасын жақсарту. Бұл көрсеткіштерді ұдайы көтеріп, осы үрдісті үздіксіз жалғастыра беруіміз қажет. Сондықтан біздің мұндай кезде қол қусырып отыруға құқымыз жоқ. Алдымызда тұрған аса ауқымды әрі күрделі міндеттерді табысты жүзеге асыру үшін табанды, нәтижелі еңбек етуіміз керек. Осы тұста бірлесіп атқарған жұмысты қорытындылап, алдағы даму жоспарымызды айқындап алу қажет деп санаймын, – деген Президент БІРІНШІ кезекте мемле­кеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру жө­нінде тоқталды.

– Әлгінде айтып өткенімдей, осы ша­қырылымдағы Парламент депу­тат­тары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалады. Депу­таттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Консти­туцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қос­тыңыз­дар. Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайрат­кер­лерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Мен 2026 жылы қабылданған Консти­туцияны дайын­дауға тікелей қатыс­қанмын» деп еш ұялмай айта алады.

Жалпы, депутаттық корпус пар­ламенттік реформаны толық қолдады. Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті. Осында отырған біраз де­путат Конституциялық комиссия құра­мында болды. Сіздер азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің тұрпатын өз­гер­тетін, экономикалық әлеуетін күшейтетін реформалардың мән-маңы­зын жұрт­шы­лыққа жан-жақты тү­сіндіріп бер­діңіздер. Сіздер жалпы­халықтық рефе­рендумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер. Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқар­дыңыздар. Атап айтқанда, Пар­ламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конс­титуциялық заңды шұғыл әзір­леп, қабылдады. Нәтижесінде мемле­кеттік биліктің «Күшті Президент – ық­палды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» деген базалық формуласы толыққанды инсти­туционалдық мәнге ие болды. Жаңарған билік тармақтарының тең­герімді жүйесінде Президент Тәуел­сіздік пен мемлекет тұтастығының символы, Конституцияны және аза­маттардың заңды құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың кепілі ретінде бұрынғыдай басты рөл ат­қарады, – деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзінде айтылғандай, Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Мұны түсіну, ескеру өте маңызды. Яғни Президент – мемле­кеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қол­басшысы, барлық құқық қорғау орган­дарының басшыларын тағайын­дайды, елдің ішкі және сыртқы саяса­тының негізгі бағыттарын айқындай­ды, Қазақ­стан атынан халықаралық аре­нада өкілдік етеді. Сонымен қатар жаңғырту жұмыстары парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктерін де қарастырады. Құрыл­тай­дың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру, білікті сарапшылардың және консультант­тар­дың қызметін тиімді ұйымдастыру міндеті тұр.

Жаппай цифрландыру және жа­санды интеллект дәуірінде Құрылтайға ұлттық заңнаманы тез өзгеріп жатқан цифрлық матрица жағдайына шұғыл бейімдеу үшін қарқынды жұмыс істеу­ге тура келеді. Бұл – өте маңызды. Қазақ­станның жаһандық бәсекеге қан­шалықты дайын екені осыдан көрінеді.

– Құрылтай технологиялық про­грес­тің жетекші факторы болады деп үміттенемін.

Былтыр қазан айында өткен Пар­ламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысында мен толыққанды e-Parlament жүйесін енгізу мәселесін көтерген едім. Қазақ­стан e-Government, яғни Электрондық үкі­меттің даму деңгейі бойынша жаһандық рейтингте әлемдегі үздік 25 елдің қа­тарына кірді. Енді Электрон­дық Пар­ламентті қалыптастыруға және да­мытуға көп күш-жігер жұмсауымыз қажет.

Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық сал­дары мен әлеуметтік тәуекелдерін модель­деуге баса мән беруі керек. Маңызды заң жобаларын сарап­шы­лармен және жауапты қоғам белсен­ділерімен бірге талқылаған жөн. Цифр­лық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын кө­бейтіп, мәселені нағыз қоғам­дық тал­қыға салуға мүмкіндік береді. Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде назар аударуы қажет. Бұл – аза­маттардың дәйекті өтініш­тері міндетті түрде ескеріліп, нақ­ты нормативтік-құқықтық актілер­ді қабылдау арқылы мемлекеттік меке­мелерге тиісті тапсырмалар берілуі керек деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, тиімді жұ­мыс істейтін қоғамдық институттары болса ғана, Озық және Әділетті мем­лекет қалыптасады.

– Сол себепті, мен жаңа консти­туциялық орган – Қазақстан Халық Кеңесін құруды ұсындым. Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғам­дық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкіл­дерінің басын біріктіреді. Бұрын Қа­зақ­стан халқы ассамблеясына тие­сілі болған қызметтік міндеттер енді Халық Кеңесіне өтеді. Осылайша, құ­рылым форматы өзгергенімен, жалпы­ұлттық бірлігіміздің мәні ішкі сая­сатымыздың маңызды бағыты ретін­де сақталады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конс­титуциялық деңгейде құрылған диалог алаңы екенін еске салды. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың сим­волы. Бұрын шашыраңқы болған құры­лымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консуль­тативтік органның аясына бірігеді. Демек халықтың үніне құлақ асу мем­ле­кеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады.

Елімізде жүргізілген реформа­лардың ең басты нәтижесі – аза­мат­тардың маңызды мемлекеттік шешім­дерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы. Халықтың өз ықтиярын тікелей білдіру тетігі отыз жылға жуық уақыт бойы қол­данылмай келді. Тек соңғы жыл­дары ғана саяси тәжірибемізге енді. 2022 жылдан бері ел тағдырына әсер ететін маңызды мәселелер бо­йынша үш рет жалпыұлттық референдум өтті.

– Бұл орайда менің ұстанымым бұрынғыдай: елдегі өзгерістердің иесі халық болуға тиіс. Алайда билік нақты бастамалар көтере алады әрі солай болуы керек. Қазірдің өзінде елімізде жүзеге асырылған реформалар билік институттарының орнықты тежемелік және теңгерім жүйесін қалыптастырды, мемлекеттік басқару сапасын арт­тырды деп сеніммен айта аламыз. Ал рефор­малардың басты мақсаты – ха­лықтың әл-ауқатын арттыру, өңір тұр­ғын­да­рының тұрмыс сапасын жақ­сарту. Бұл үшін Үкімет, заң шығарушы орган, тұтас қоғам жұмыла еңбек етуі қажет, – деді Президент.

ЕКІНШІ Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру мәселесі көтерілді.

Бұл – аса маңызды стратегиялық міндет екенін айтқан Мемлекет бас­шысы оған жедел түрде қол жеткізу үшін жаңа көзқарас, жаңа ұстаным қажеттігін ескертті.

– Бұрынғы жұмыс тәсілдері мен әдістері тиімді болмайтыны анық. Бұған дейін де айттым: жаһандағы жағ­дай, жалпы халықаралық ахуал жыл өткен сайын ушығып барады. Түрлі қақты­ғыстар мен сын-қатерлер аз емес. Бірақ біз соған қарамастан, салиқалы саясат жүргізіп, нық сенім­мен алға қадам басып келеміз. Біз бұл саясатты берік ұстануымыз қажет. Былтыр эко­номи­камыз 6,5 пайызға өсті. Мұны әлем ел­дерінің даму қар­қынымен са­лыс­тыр­ғанда жоғары көрсеткіш деуге болады.

Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі, – деді ол.

Келтірілген деректе инфляция баға­мы төмендеп биылғы бес айдың қоры­тындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түскен. Бірақ бұл көр­сет­кішті әлі де төмендету керек. Қазақ­стан­ның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түр­де қорғалған деп айтсақ, қате болмайды.

– Жалпы, Парламент Үкіметпен және Ұлттық банкпен бірлесіп, тиімді жұмыс атқарды. Қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе – Ұлттық банктің негізгі пайыздық ставкасы. Бұл мәселені па­йым­дап шешу керек. Өздеріңіз қа­был­даған Бюджет және Салық кодекс­теріне сәйкес еліміздің экономикалық жүйесі толығымен қайта жаңғырды және мем­лекет қаржысын басқаруға қатысты ұс­таным түбегейлі өзгерді. Осылайша, Қа­зақстан экономи­касы­ның жаңа кел­бе­тіне жол ашуға қажетті негіз қалыптасты.

Елімізде көлік, тұрмыстық тех­никалар, жүк вагондарын, құрылыс материалдарын және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатыр. Тек 2023-2025 жыл­дардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны 3,7 триллион теңге болды. Ал­дағы екі жылда тағы 200-ден астам өн­діріс орны іске қосылмақ. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады. Бұл – қазынаға түсетін салық көлемі артады, өндіріске озық технологиялар енгізіледі және ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашы­лады деген сөз. Іске қосылған жоба­лардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады, – деді Президент.

Мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауға баса мән беруде. Осы мақ­сатқа қомақты қаржы бөлініп жатыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы жалпы, Қазақстандағы жұмысқа жарамды аза­маттардың жартысына жуығы та­бысын шағын және орта бизнестен тауып отырғанын айтты. Соңғы бес жылда осы секторда еңбек ететін адам саны 4,5 миллионға жеткен. Жалпы ішкі өнімнің 40 пайыздан астамы ша­ғын және орта бизнес саласына тиесілі. Мұны рекордтық көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Былтыр «Бәйтерек» холдингі арқылы кәсіпкерлерге 8 трил­лион теңге көлемінде қолдау көрсе­тілген.

Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа Құрылыс және Су кодекстері қабыл­данды. Стратегиялық маңызы айрық­ша салаларды ретке келтіру үшін қабылданған құжаттардың маңызы зор.

– Былтыр Қазақстанда 20 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салын­ды. Бұл да – тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш. Ең басты нәтиже – мыңдаған отбасы баспаналы болды.

Біз қалаларды абаттандырумен қатар, ауылдардың жағдайын жақсар­ту­ға басымдық беріп келеміз. Биыл шал­ғай елді мекендерде тұратын жарты миллионнан астам адамды ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 12 ірі жоба іске қосылады. Мем­лекет ауыл шаруашылығы тауар­ларын өндіру­шілерге бұрын-соңды болмаған ауқым­да қолдау көрсетіп жатыр. Өткен жылы агроөнеркәсіп саласына жеңілдетілген несие беру үшін 1 триллион теңге қаржы тартыл­ды. Осылайша, шаруалар алғаш рет жылына 5 пайыздық мөл­шермен «ұзақ­мерзімді» қаражат алу мүм­кін­дігіне ие болды. Мұндай қадам ауыл шаруашылығы саласын жаң­ғыртуға ықпал еткені сөзсіз. Осындай шара­лардың арқасында агроөнеркәсіп кеше­ніне тиесілі жалпы өнім құны шама­мен 10 триллион теңгеге жетті. Ал экспорт көлемі 1,3 есе артып, 7 миллиард доллар табыс түсті. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көр­сет­кіш, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент сондай-ақ, озық техно­логиялар саласы да қарқынды дамып келетінін, әсіресе, отандық фарма­цев­тика бағытында біраз жетіс­тік­теріміз барын мысалға келтірді. Фармацевтика индустриясына сенім деңгейі бойынша Қазақстан Тәуелсіз мемлекеттер дос­тас­тығы елдері арасында көш бастап тұр. Мұндай бағаны Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымы беріп отыр. Отан­дық дәрі-дәрмек нарығының көлемі 1 триллион теңгеден асты. Кейінгі үш жылда бұл салаға тартылған шетелдік инвестиция көлемі үш еседен астам ұлғайды. Алайда, бұған мәз болып оты­ра беруге болмайды, алдымызда тұрған міндет аз емес, қойылған мақ­саттарға міндетті түрде жетуіміз керек.

– Мен осыған дейін елімізде жаңа инвестициялық кезең басталатынын айтқан едім. Біз сол арқылы эконо­ми­ка­мызды әртараптандыруды көздеп отыр­мыз. Әртараптандыру, яғни, дивер­­сификация дегеніміз, бұл – жай ғана ұран немесе жағымды сөз емес, бұл – өте күрделі және жауапты міндет, оған үстірт қарауға болмайды. Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард доллардан асты. Ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнер­кәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды келе­шегі зор салаларға бағытталуда. Бұл ел дамуы үшін өте жақсы үдеріс екені сөзсіз. Осы орайда, мен мамыр айында қол қойған «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Консти­туциялық заңның маңызы зор. Аталған заң шетелдік және отандық бизнес үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан бұл бірегей заңна­малық актінің әлеуетін дұрыс пайда­ланған жөн.

Дамуы қарқынды цифрлық мега­полистер, инновациялық кластерлер және өнімділігі жоғары индустрия қа­лыптастыру Қазақстанды Еуразия­дағы технологиялық тұрғыдан өркен­деген іскерлік хабқа айналдыруды көз­дейді. Кең-байтақ өңірімізде бұ­рын-соңды бол­маған бұл жоба та­быс­ты іске асқан жағдайда (Ал біз мұ­ны сәтті жүзеге асыруға міндеттіміз), орнықты эко­номикалық өсімнің мүл­дем жаңа моделі пайда болады, – деп толықтырды Мемлекет басшысы.

Президент ҮШІНШІ міндет ретінде еліміздің энергетикалық және инфра­құрылымдық негізін нығайтуды атады.

Экономиканың жаңа үлгісіне көшу үшін алдымен энергетикалық, инже­нерлік және көлік-логистикалық инфра­­құрылымды толыққанды дамы­ту қажет. Бұл маңызды үштаған кез кел­ген елдің, соның ішінде Қазақ­станның да негізгі тірегі саналады.

– Сондықтан біз энергетикалық және коммуналдық салаларды жан-жақ­ты жаңғырту жұмысын қолға алдық. Осы мақсатта бұрын-соңды бол­маған ауқымдағы Ұлттық жобаны іске асыру туралы шешім қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін тек биылдың өзінде 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр.

Артық шығынға әкеп соғатын тиімсіз «әрлеу, яғни жөндеу» тәсілінен бас тартып, өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін барлық нысандар мен жүйе­лерді түбегейлі жаңғырту жұмысы жүргізілетін болды.

Қазақстанның энергетикалық ба­лан­сында көмір, мұнай, газ секілді отын түрлері басым. Көмірсутегі ұлт­тық экономиканың негізін құрап, бюджетке валюталық түсімнің қо­мақты бөлігін қамтамасыз етеді. Мұнай-газ шикізаты – экспорттан пайда әкелуімен қатар қалаларымыз бен ауылдарымызды қам­та­масыз ете­тін бағасы қолжетімді жылу мен қуат көзі. Сондықтан біз елді мекен­дерге газ құбырын тартуды же­дел­детуді жоспарлап отырмыз. «Көгіл­дір отын­мен» қамту көрсеткішін (қазір 65 па­йызға жуық) 80 пайызға дейін арттыру міндеті қойылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметтің дәс­түрлі қуат көздерімен бірге «жа­сыл» энергетикаға баса мән беріп отыр­ғанын айтты. Оның энергетикалық теңгерім­дегі үлесі 7 пайызға жеткен. Қарқынды өсіп келе жатқан эконо­миканы қамта­масыз ету үшін 2029 жылға қарай 13 гигаваттан астам жаңа қуат көздерін іске қосу жоспарланған. Осы орайда, олардың кемінде төрттен бірі жаңар­тылатын энергия көздері есебінен жүзеге асырылмақ.

– Әйтсе де пайдалы қазбаларымыз, соның ішінде көмірдің мол қоры – табиғат сыйлаған артықшылығымыз саналады. Мұны толық пайдалануы­мыз керек. Сондықтан биыл наурыз айында Таза көмір генерациясы жөніндегі ұлттық жоба қабылданды.

Алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін технологияларды пайда­ланатын үш жылу-электр станциясын салуымыз керек. Мұны созуға бол­майды. Әйтпесе істен гөрі сөз көбейіп кетті.

Қазақстан әлемде уран өндіру бо­йынша көшбасшы және ядролық инфра­құрылымы бар ел саналады. Сон­дықтан атом генерациясын өте дұрыс таңдадық. 2024 жылғы тарихи рефе­рен­дум кезінде халық қабылдаған шешім, шын мәнінде, өркениетті си­патқа ие. Бұл – елдің энергетикалық дербестігінің кепілі, қуатты көп тұтынатын келешек цифр­лық эконо­миканың сенімді тірегі. Келесі жылы алғашқы атом электр станция­­сының құрылысы басталады.

Біз еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі – көлік-логистика саласына баса назар аударуымыз керек. Бұл сала стра­те­гиялық маңызға ие. Біздің аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан, бәсеке күшеюде, – деді Президент.

Бұл орайда теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отырғаны айтылды. Былтыр «Достық – Мойынты» бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Биыл «Мойынты – Қызыл­жар» және «Дарбаза – Мақтаарал», келесі жылы «Бақты – Аягөз» темір­жолдарының құрылысы аяқталады.

Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндеті де орын­далуы керек. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы бас­талды. Оның 6 мың шақырымы қолда­нысқа берілді. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Ке­лесі жылы автокөліктерді өткізу бекет­терін жаңғырту ісі аяқталуы керек.

– Соңғы бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл – теміржол саласындағы кіріспен шамалас көр­сеткіш. Осының өзі отандық авто­көлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек.

Авиация саласындағы табысымыз да көбеюде. Елімізде жаңа ұшу бағыт­тары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілуде. Әрине, осы тұр­ғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін мін­дет. Көп ұзамай оның құрылысы бас­талуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санай­мын. Бұл маңызды қадам халық­аралық логистикадағы әлеуе­тімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы мұнай-газ өндіретін жетекші мемлекет ретінде авиаотынға қатысты мәсе­лелерді толық шешуге мүмкіндік бере­тін мықты инфрақұрылым қалып­тастыру қажеттігін алға тартты. Бұл – аса маңызды және шұғыл міндет.

– Бәріңізге мәлім, мен жақында Брюссельге жұмыс сапарымен барып, Еуропалық Одақтың басшыларымен келіссөздер жүргіздім. Транскаспий ха­лықаралық көлік бағытын дамыту мәселесіне баса мән берілді. Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі кейінгі алты жылда бес есе ұлғайып, бір жылда 4 миллион тоннадан асты. Бұл, негізінен, теңіз тасымалын да­мы­ту және порт инфрақұрылымын жаң­­ғыр­тудың арқасында мүмкін болды.

Әрине, Парламент тарапынан жа­салған заңнамалық қолдау осы сала­ның қарқынды дамуына күшті серпіліс берді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бері көлік-логистика секторын жан-жақты дамытуға бағытталған 8 заң қабыл­данды. Бірқатар халықаралық келісім де ратификацияланды. Осын­дай нақты шараларды қабылдау ар­қылы Қазақстан аймақтағы сенімді энергетика донорына айналмақ. Сон­дай-ақ еліміз алдағы уақытта ай­мақтағы жетекші көлік-ло­гис­тика торабы ретінде жоғары қарқын­мен дами­тын болады. Бұл – Үкімет алдында тұрған айрықша маңызды міндет. Жалпы, біздің алдымызда аса маңызды, өте жауапты және шұғыл міндет бар: бұл – кең ауқымды құрылыс жүргізу. Елімізде неғұрлым құрылыс көп болса, Қазақстан да соғұрлым өр­кендей береді. Ең алдымен, бұл – негізгі инфра­құрылымға қатысты мақсат. Біз теміржолдарды, автожол­дарды, әуе­жайларды, вокзалдарды, су­мен қамта­масыз ететін ірі құрыл­ғы­ларды, өндіріс және өнім кәсіп­­орын­дарын, қала ғи­мараттарын және тағы басқа нысан­дарды жоғары қар­қынмен салуымыз керек. Қаражат деген уақытша дүние, оның құны жыл сайын төмендеп бара жатыр, ал оны тиімді пайдалану, бұл – нақты нәтижелерге қол жеткізу, тиісті нысандарды өскелең ұрпақтарға аманат етіп қалдыру деген сөз.

Әлеуметтік мемлекет боламыз деп, қаражатты талан-таражға салуға бол­майды. Осындай қысқа, шолақ ойлы саясатты біздің ұрпақтарымыз түсін­бейді де, кешірмейді де. Басқа сөзбен айтқанда, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТӨРТІНШІ мәселеде алдымызда толыққанды цифр­­лық мемлекет құру міндеті тұр­ғанын көтерді.

– Сіздерді тыңнан түрен салып, цифр­лық дәуірге жол ашқан депутат­тар деуге болады. Біздің елімізде болсын, әлемде болсын – жалпы еш жерде жасанды интеллектіні заң тұр­ғысынан реттейтін дайын үлгі немесе тәсіл болған жоқ. Соған қарамастан, сіздер еліміздің осы саладағы өсіп-өркен­деуіне берік негіз болатын тиімді құқықтық жүйені құруға елеулі үлес қостыңыздар. Мен Мемлекет басшысы ретінде мұны жоғары бағалаймын, – деді Президент сөзінде.

Жаңа Конституция азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Бұл – Цифрлық Қазақстанды құрудың негізгі алғы­шарты. Қазақстан мүлдем жаңа сипат­тағы Цифрлық кодекс пен «Жа­санды интеллект туралы» Заң қабыл­даған жаһандағы алғашқы ел­дердің бірі. Бұл қадам толыққанды Цифрлық ел болу үшін заманауи инфра­құ­ры­лымдық негіз қалып­тас­тыруға мүм­кін­дік берді. Қа­зірдің өзінде осы жұмыс­тың нақты нәтижесі көрініп отырғанын айтқан Мемлекет басшысы цифрлан­дырудың алдағы мүмкіндіктері туралы толықтыра түсті.

– Бүгінде еліміз «Үкіметтің жасан­ды интеллектіге дайындық индексіне» сәйкес Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Бірақ бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алдағы ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдары «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясында айқындалды. Мен бұл құжатты маусым айының басында бекіттім.

Біз жасанды интеллектіні эконо­миканың барлық негізгі саласына енгізіп, мемлекеттік басқарудың сапа­сын түбегейлі жақсартуымыз керек. Осы бағытта алғашқы маңызды шара­лар қолға алынды. Мен қаңтар айында банк қызметі саласына қатысты жаңа заңдарға қол қойдым. Сол арқылы цифр­лық қаржы активтерін айналымға ен­гізудің нақты шарттары айқындал­ды. Сондай-ақ менің тапсырмаммен елі­міздің құқықтық негізін жүйелеп, толыққанды жаңғыртуға мүмкіндік беретін Реттеу жөніндегі интеллект орталығы құрылды. Бұл қадам кәсіп­керлердің жұмысын едәуір жеңіл­детпек. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсететін «e-Government Business» экожүйесін дамыту арқылы бизнес үшін қолайлы орта қалып­тастыруға мүмкіндік туады.

Еліміздегі цифрлық банктер мен финтех-компаниялар тұтынушыларға және кәсіпкерлерге арналған қолайлы экожүйенің негізін қалады. Қаржы, сауда жүйелері және мемлекеттік қызметтер арасында кедергісіз цифр­лық кеңістік қалыптасты. Соның нәти­жесінде соңғы бес жылда электронды коммерция нарығы шама­мен сегіз есе ұлғайып, 3,7 триллион теңгеге жетті. Бұл – еліміздегі бөлшек сауда көле­мінің шамамен 15 пайызы, – деген дерек келтірді.

Президенттің пікірінше, мұның бәрі азаматтардың цифрлық жүйелерге деген сенімі жоғары екенін және олар­дың тұтынушылық мәдениеті өзгере бас­тағанын көрсетеді. Осы қарқынды бәсеңдетпеу үшін мемлекет тиісті инфра­құрылымды үздіксіз дамытып отыруы керек. Қуатты супер­компью­тер­лерді іске қосу бұл бағыттағы маңыз­ды қадам болды. Ол жасанды интел­лект жөніндегі теориялық тұ­жырымдарды мемлекеттік басқаруға, экономикаға және ұлттық қауіпсіздікке арналған қолданбалы шешімдерге ұлас­тырды. Дегенмен жасанды интел­лект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді. Дәл осы себепті «Дерек­терді өңдеу орталық­тарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тар­татын жойқын гравитациялық алаңға айна­лады. Үкімет бұл міндетті айрықша бақылауда ұстауы керек. Оның орын­далуы Мемлекет басшысының ұдайы қадағалауында болады.

– Шын мәнінде, қазір Жаңа Жібек жолының жоғары технологиялық хабы ретінде еліміздің цифрлық дербес­тігінің іргесі қаланып жатыр. Бұл ретте ең қуатты компьютерлерде, озық дата-орталықтарда жұмыс істейтін маман болмаса, қаржы желге ұшатынын ұмыт­пауымыз керек. Сондықтан бола­шақ архи­текторлары мен бағдарлама әзірлеу­шілерін мектеп партасынан бас­тап даярлауға кірістік. Alem.ai халық­аралық жасанды интеллект орта­лығының жанынан екі инновациялық мектеп ашылды. Осы оқу жылында Жасанды интеллект университеті ашы­лады. Бұл – аталған салаға маман даярлайтын Орталық Азиядағы тұңғыш арнаулы оқу орны болмақ.

Цифрлық трансформация дегеніміз – жоғарыдан төмен қарай барлық басқару тармақтарын, тіпті халықтың басым бөлігін қамтитын ашық әрі қар­қынды үдеріс. Қазірдің өзінде жоғары лауазымды басшылардан бас­тап ауыл әкімдеріне дейін он мыңдаған мем­лекеттік қызметші осы салалық білім беру бағдарламасына қатысып жатыр. Біз мемлекеттік басқарудың логи­касы мен философиясын түбегейлі өзгертуіміз керек. Әдеттегі бюро­кратиядан арылып, тиімділігі жоғары «Мемлекет-платформа» (GovTech) сер­вистік парадигмасына батыл түрде кө­шуіміз қажет. Түпкі мақсатымыз – жа­һандық технологиялық ландшафтта ор­ныққан, ұлттық мүддені табанды түр­де қорғап, ілгерілететін, азамат­та­рына мүлтіксіз қызмет ететін озық цифр­­лық мемлекет құру, – деді Президент.

БЕСІНШІ мәселе – адам капиталын дамыту.

«ХХІ ғасырда шикізатқа немесе халық санына ғана сеніп отыра беруге болмайды. Мұндай ұстаным кез келген мемлекетті жарға жығады». Осылай деген Қасым-Жомарт Тоқаев: – Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Қазір де қайталаймын: инфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал бар: бұл – адам әлеуетінің сапасы, – деп нақтылады.

Әлеуметтік сала бірден-бір страте­гиялық бағыт ретінде қаралады.  Бү­гінде мемлекет азаматтарды жан-жақты дамытуды көздейтін негізгі сала­лардың барлығына қомақты қара­жат бөліп отыр. Соның ішінде ғылым мен білім, мәдениет пен денсаулық, спорт және әлеуметтік қолдау саласын ерекше атап өткен жөн. Биылдың өзінде осы стратегиялық мақсатқа 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл – мемлекет бюджетінің жар­ты­сынан көбі деген сөз. Президент осы орайда Қазақстан – әлеуметтік салаға айрықша мән беріп, жүйелі әрі байыпты саясат жүргізіп келе жатқан әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі екенін салды.

– Парламенттің әлеуметтік баста­маларды жүзеге асыруға және қоғамда әділдік қағидатын орнықтыруға ерек­ше үлес қосқанын атап өткен жөн. Бірақ біз мына нәрсені дұрыс түсінуіміз керек: шынайы әділеттілік дегеніміз ел игілігін бәріне бірдей бөліп бере салу емес. Нағыз әділеттілік – әрбір азаматқа тең мүмкіндік беретін тиімді әрі мұқият ойластырылған жүйе құру деген сөз. Ең бастысы, барлығы заң алдында тең болуға тиіс. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты.

Парламенттің «Заңсыз иемделген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды қабылдауы – осы қағи­даттың нақты көрінісі. Аталған Заң аясында елге триллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қазірдің өзінде осы қаржының жартысынан көбі халық игілігіне жұмсалды. Соның есебінен 450-ден аса маңызды әлеу­меттік және коммуналдық нысан салынды.

Біз арнайы конституциялық нор­маға сүйене отырып, табиғи байлықты азаматтардың бастапқы капиталы ретінде бекіттік. Қазақстан – осындай бірегей бастаманы іске асырған ай­мақтағы алғашқы мемлекет. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы – соның айқын дәлелі. Бұл жобаның тиімділігі жоғары: үш жылдың ішінде 6,5 миллион баланың есепшотына 2,3 миллиард доллар аударылды. Сондай-ақ біз қамқорлық шараларының нақты жалғасы ретінде «Келешек» жинақтау жүйесін іске қостық. Дарынды бала­ларға, соның ішінде халықаралық олим­пиада жеңімпаздарына жүйелі түрде қолдау көрсете бастадық. Бола­шаққа инвестиция салу дегеніміз де – осы. Ал, айналамызда, яғни Еуразия құрлығында қай мемлекет әлеуметтік мақсаттарға осыншама қомақты қара­жатты бөліп беріп жатыр? Жауап бел­гілі сияқты, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір білім экономикасы үстемдік құрған дәуір­де өмір сүріп жатқанымызды, осындай кезеңде технологиялық дербес­тігімізді күшейте түсу үшін ғылым саласын және жоғарғы мектеп жүйе­сін дамытуға баса назар аудару қажеттігін қаперге салды. Еліміздегі универ­ситеттерді жаңғырту жұмысы қолға алынды, бұдан бөлек, шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Депу­таттар мақұлдап, қабылдаған «Ғылым және техноло­гиялық саясат туралы» заң ғылыми инфра­­құрылымды жақ­сартып, жас ға­лым­­дарға мол мүм­кін­діктер беруге зор ықпал етуде. Жалпы, алдымызда ғылым деңгейін, оның тиімділігін ба­рын­ша көтеруге қатысты маңызды мақсат тұр.

– Әрине, кез келген ұлттың зият­керлік әлеуеті сол елдегі орта білімнің деңгейімен өлшенетіні ақиқат. Соңғы үш жылда республика бойынша 584 заманауи мектеп салынды. Әрбір үшінші мектеп инновациялық үлгідегі «Келешек мектептері» жобасы ая­сында бой көтерді. Биыл тағы 84 мектеп ашылады. Оның жартысынан көбі ауылдық жерлерде салынып жатқанын атап өту қажет.

Отандық медицина саласы да дамып келеді. Жалпы, 2019 жылдан бері елімізде шамамен 1300 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Дүниежүзілік банктің мәлі­метіне сәйкес, осы көрсеткіш бойынша Қазақстан осы аймақта көш бастап тұр. Бұл ел дамуының нақты көрінісі екені сөзсіз. Азаматтардың бәріне сақ­тандыру мәртебесіне қара­мастан база­лық меди­ци­налық көмек алуға кепілдік берілген. Бұдан бөлек, отандас­тары­мызға нейро­хирургиядан бастап репро­дуктивті меди­цинаға дейінгі ең жоғары техно­логиялық медициналық ем-шаралардың барлығы қолжетімді. Сонымен қатар қоғамға қызмет ету жолын таңдаған­дар­дың алаңсыз еңбек етуіне лайықты жағ­дай жасап жатыр­мыз. Нақты қадамдар арқылы ұстаздар мен дәрігерлердің беделін арттыра береміз. Мұғалімдердің, медициналық және әлеуметтік қызмет­керлердің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Соңғы үш жылда 1,2 мил­лионнан астам адамның еңбекақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін артты, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент және атап өткендей, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек­тің көп деңгейлі жүйесі жолға қо­йылған. Бұл көмек шын мұқтаж адам­дарға берілуге тиіс. Көмек «Отбасының цифрлық картасы» технологиялық ше­шімі арқылы көрсетіледі. Парламент депутаттарының табандылығы арқа­сында зиянды өндірісте еңбек ететін­дердің мәселесі шешілді. Бұл жиі көтеріліп, әбден жауыр болған түйткіл еді. Енді өндіріс еңбеккерлері арнайы әлеуметтік төлем алуға, 55 жастан бас­тап зейнетке шыққанға дейін жеңі­лі­рек жұмысқа ауысуға заң жүзінде қақылы.

Әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, халықтың шамадан тыс кре­дит алуын азайтуға, ойынқұ­мар­лыққа, есірт­кі қылмысына және кибер­алаяқ­тыққа қарсы күрес шараларына қатысты қабылданған заңнамалық шешімдер жұрт­шылықтың кең қол­дауына ие болды.

– Біздің басты стратегиялық мақ­сатымыз – жоғары конституциялық қағи­даттарды іске асыра алатын білім­ді, дені сау, зияткер әрі озық ойлы ұр­пақ тәрбиелеу. Қашанда жаңашыл­дыққа ұмтылатын жасампаз ел болу үшін біз ең алдымен мызғымас құнды­лық­тарымызға, бай тарихымыз бен мә­дени мұрамызға арқа сүйеуіміз қажет.

Бірнеше күннен кейін бәріміз бір ел болып «Ұлттық домбыра күнін» атап өтеміз. Бұл – болмысымызды айшық­тайтын, жұртымыздың, әсіресе, өске­лең ұрпақтың рухын көтеретін айрықша мереке. Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – домбыра» деп жырлауы тегін емес. Расында, дом­бы­раны ұлықтау арқылы біз төл өнерімізді төрге оздырамыз. Домбыра қастерлі құндылығымыз ретінде ұлтымызды әлемге танытатын бірегей брендке ай­налуы керек. Жалпы, мем­лекет руханият саласын дамытуға әрдайым баса назар аударып келеді. Бұл тағылымды іске депутаттар кор­пусы – сіздер де зор үлес қостыңыздар. Әрине, сіздер атқарған ауқымды жұ­мыстың мән-маңызын бір ғана жиын­ның аясында жеткізу мүмкін емес, – деп келтірді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі атап өткен заңнамалық жұмыстан бөлек, Парламент көптеген өзекті мәселені айрықша назарда ұстағанын да жеткізді. Сегізінші шақырылым депу­таттары Үкіметке 2 мыңнан астам сауал жол­даған. Сондай-ақ 31 Үкімет сағаты және 9 Парламент тыңдауы өткен. Қос палатаның комитеттері белсенді әрі жемісті жұмыс істеді.

– Бір палаталы Құрылтай жүйесіне көшкен соң заң шығарушы органның комитеттері де мемлекет саясатының басым бағыттарын негізге ала отырып, құрылғаны жөн. Осы жылдар ішінде депутаттық корпус азаматтармен ашық әрі тиімді байланыс жүйесін қалып­тастырды. Атап айтқанда, пар­тия жо­баларын табысты жүзеге асыр­ды. Сон­дай-ақ тұрақты түрде аймақ­тарға барып, жұртшылықпен кездесіп отырды. Қоғамдық қабылдаулар ке­зінде азамат­тардың талап-тілектерін назарға алып, өзекті мәселелердің шешім табуына ықпал етті. Парламент беделді ғалым­дарды, байыпты сарап­шыларды және қоғам белсенділерін ортақ мүддеге біріктірген орталыққа айналды. Сенат жанындағы сарап­шы­лар клубы мен Мәжіліс жанындағы қоғамдық палата осы бірегей зият­керлік экожүйенің бе­рік тірегі болды. Бұл құрылымдар сын­дарлы диалогті дамытып, заң жобаларын жан-жақты талдауға жол ашты.

«Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық ак­циясы қоғамда жаңа этиканы қалып­тастыруға арқау болды. Депу­таттар осы жалпыұлттық бастамалардың мән-маңы­зын халыққа түсіндіруге және іске асыруға белсене атсалысты. Парла­менттің қажырлы қызметінің арқасында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекет саясатында түбегейлі орны­ғып, ұлт бол­мы­сының ажырамас бөлігіне айнала бастады. Сонымен қатар Парламент де­пу­таттары Қазақ­станның халық­аралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосты. Сол ар­қылы еліміздің жауапты әрі ықпалды «орта держава» ретіндегі рөлі күшейе түсті. Депутаттар парла­мен­тара­лық ассамблеялардың, шетелдік са­пар­лар мен форумдар аясында шет­елдік әріп­тестерімен және жаһандық инс­ти­туттармен сенімді әрі нәтижелі бай­ланыс орната білді. Осы тұста Әлем­дік және дәстүрлі діндер съезінің жұмы­сын айрықша атап өту қажет. Беделді диалог алаңының хатшылығы ұзақ жыл бойы Сенат аясында табысты жұмыс істеп келді, – деп толықтырды Президент.

Ендігі жерде Құрылтай басты заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты және инсти­туционалдық дәстүрді сақтап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс. Еліміздің жоғары өкілді органы – Құрылтайдың негізгі мақсаты – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта белсенді жұмыс істеу.

«Бір палаталы өкілді орган өзінің заңнамалық миссиясын табысты орын­дай отырып, қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Тазалық, Қор­шаған ортаны қорғау сынды мызғымас құнды­лықтарды орнықтыра түсуге барынша ықпал етеді деп сенемін» деген Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға екенін ерекше атады.

– Тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады. Осыған орай, мен бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоямын. Соған сәйкес партиялар арасындағы бә­секе де жандана түседі. Біз жасампаз ел ретінде осы саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс.

Қазақстан халқы – қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтарымыз елдің ертеңіне бейжай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет. Сайлауға қатысу – елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атса­лысады деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Құрылтай – жаңа тұр­патты Қазақстанның маңызды сим­волы екенін, сондықтан оның құра­мына нағыз отаншыл, бастамашыл әрі мемле­кетшіл тұлғалар, яғни тек үздіктер ғана кіруі керек деген ұстанымды айтты.

– Себебі халық реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын дәл осы Құрылтайдың қызметіне қарап баға­лайды. Осындай маңызды сәтте мен тағы бір мәрте Сенат пен Мә­жіліс­тің басшылығына және депутат­тарына шынайы ризашылығымды біл­діремін. Себебі сіздер мемле­кетіміздің игілігі үшін адал әрі қажырлы еңбек еттіңіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын батыл көтеріп, ұлт мүддесін бәрінен биік қоя білдіңіздер.

Жаңа кезең – жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бірқатары Құрыл­тайға өтіп, ел игілігі жолында еңбек ете береді деп ойлаймын. Қазақ­стан Халық Кеңесінде де өздеріңіз секілді білікті азаматтар болуы керек деп санаймын, – деп тағы бір нақтылады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сондай-ақ «AMANAT» партиясының фрак­ция­сына және барлық мүшелеріне белсенді, байсалды және жасампаз ұста­нымдары үшін алғыс айтты. Шынайы отаншылдық пен азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көр­сеткен саяси ұйымның таяуда өткен съезінде «ӘДІЛЕТ» пар­тия­сына қосылу туралы страте­гиялық шешім қабылданды. Бұл тарихи ше­шімді қолдайтынын жеткізген Прези­дент бүгінгі таңда барлық озық әрі жасампаз күштер жалпыұлттық құнды­лықтар мен ортақ мақсаттарға бірігіп жат­қанын атап өтті. Мұндай қадам елімізде қолға алынып жатқан түбегейлі реформаларға тың серпін берері сөзсіз.

– Түптеп келгенде, баршамыздың мұра­тымыз – бір. Бұл – жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын өрке­ниетті әрі озық мемлекет құру. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Еліміздің ойдағыдай дамуы бізге ғана керек. Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, біз кез келген белесті бағындырамыз, көздеген мақсаты­мыз­дың бәріне қол жеткіземіз. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз, Таза әрі Озық Қазақстанды құрамыз. Мен бұған кәміл сенемін! Осы жолда аянбай еңбек ету – әр азаматтың перзенттік парызы. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Қазақ елі мәңгі жасасын! – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Қ.ӘБІШ