Құрылтай

Сексеуілде жаңа вокзал

3

0

Фото: Арал ауданы

Теміржол вокзалдарын ретке келтіру жөніндегі Президент тапсырмасын пәрменді орындап отырған өңірдің бірі – Қызылорда.

Бұған дейін облыс орталығындағы тарихи теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Жаңа кейіпке енген ғимараттардың аумағы абаттандырылып, ондағы халыққа қызмет жүйесі жанданды. Одан кейін жеті вокзал мен екі қызмет көрсету пунктін күрделі жөндеу және қайта жаңғыртуға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Осының негізінде жуырда ғана Жаңақорған, Шиелі және Қазалы теміржол вокзалдары ел игілігіне берілді.

Ал күні кеше Арал ауданындағы Сексеуіл теміржол вокзалының ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің директоры Батырхан Базарбаев, сала ардагерлері, ел ағалары және кент тұрғындары қатысты.

– Бүгін Сексеуіл кентіндегі 1 млрд 360 млн теңгеден астам қаржыға са­лынған, аумағы 9129 шаршы метр жаңа теміржол вокзалының ашы­лу­ына куә болып отырмыз. Бұл – ай­мақ үшін маңызы зор жобалардың бірі. Баршаңызды жаңа вокзалдың пай­­далануға берілуімен шын жүрек­тен құттықтаймын, – деді Бахыт Дүйсен­ұлы салтанатты рәсімде.

Мұнан кейін Батырхан Базарбаев құттықтау сөз сөйлеп, сала ардагері Орынбай Оразаев ақ батасын берді. Теміржол саласының дамуына үлес қосып келетін бірқатар азаматтар мен вокзал құрылысын сапалы жүр­гізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен мара­патталды.

Жалпы Сексеуіл теміржол вок­залының құрылысы өткен жылы қазіргі ҚР Премьер-министрінің бі­рінші орынбасары Нұрлыбек Нәлі­баевтың бастамасымен басталған бо­латын. Жаңа вокзал тәулігіне 281 жолаушыға қызмет көрсетеді. Барлық талаптарға сай жоғары сапалы жаб­дықтармен қамтылған. Ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, жүк сақтау қоймасы, күту залы және сани­тарлық-тұрмыстық орындар қарас­тырылған.

Айта кетейік, қазіргі таңда облыс ар­қылы халықаралық және өңірара­лық бағыттарда 15 жолаушылар по­йызы қатынайды. Оның ішінде облыс орта­лығынан Астана, Петропавл, Пав­лодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына қатынайтын 6 жолаушылар пойызы қызмет көр­сетеді.

«СБ» ақпарат