Әлеуметтік желіде «Астананың бас имамының үйі делінген» видеоны таратқан адам табылды, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы видеоны таратқан адамның халықтан кешірім сұраған сәтін жариялады.
«Мен осыдан екі күн бұрын интернет желісіне Астананың бас имамының үйі деп бір видео салған едім. Видеоны арам, жаман оймен түсірген жоқ едім. Шындығын айтсам, TikTok-қа саламын деп түсірген едім. Сол үшін бүкіл қазақ елінен кешірім сұраймын. Астананың бас имамынан, сол үйдің иесінен кешірім сұраймын. Мен де үш баланың әкесімін, жалғыз шешем бар. Мұсылман бауырларыңызды кешіріп қойыңыздар. Шу болып кетеді деп ойламадым. Жаман оймен түсірсем, видеоны өз парақшама салмайтын едім», – дейді видеодағы адам.
Бұған дейін қандай ақпарат тарады?
Бұған дейін әлеуметтік желіде тараған видеода бейтаныс ер адам аспазды алып келгенін айтып, зәулім сарай Астананың бас имамына тиесілі екенін айтқан еді.
«Мен мынаны басында мешіт екен деп қалыппын. Сөйтсем, мынау Астананың бас имамының үйі екен, мешіт сияқты, дәәәу ғой, сұмдық. Ал енді садақа беріңдер. Әр жұма сайын салған садақаларың, міне, қайда кетіп жатыр? (…) Не деген сарай мынау! Төрт әйелі бар дейді тағы. Жаңа осы үйдің аспазын алып келдім. Аспазы бар тағы. Сендердің садақаларыңмен жалақысын төлейді. Қалай Алладан қорықпайды. Ар жақтағы аумағын көрсең, 1 гектар жерді қоршап алған ғой», – деді бейтаныс ер адам.
Артынша Астананың бас имамы Ербол Жүсіпов желіде тараған ақпаратқа өзі пікір білдірді.
«Facebook, TikTok әлеуметтік желісінде белгісіз бір азамат жалған парақша арқылы «Мынау тұрған зәулім үй Астана қаласының бас имамының үйі» деген мазмұнда видео бөліскен. Бұл мүлдем шындыққа жанаспайтын өтірік ақпарат екенін қаперлеріңізге саламын. Ардақты мұсылман қауым, арандатушылардың өсек-аяңынан баршамызды сақтасын», – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, үйдің шынайы иесі кім екені белгілі болды. Нұрлан Лесбек есімді азамат қызу талқыға түскен үй өзінікі екенін мәлімдеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<