Сол жағалау жеті қабатты тұрғын үйлермен көріктене түседі

5

0

Қарқынды құрылыс алаңына айналған Қызылорда қаласындағы Сырдарияның сол жағалауында көпқабатты тұрғын үй саны күн өткен сайын артуда. Қаншама отбасы қоныс тойын тойлап, қуанышқа кенеліп жатыр. Зәулім ғимараттар шаһар ажарын айшықтай түсуде. Осы ретте жаңадан бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңына арнайы баспасөз туры ұйымдастырылған еді.

Қала тұрғындарын жайлы баспа­намен қамту ұдайы жалғасып келеді. Мәселен «Сәт-Сервис» және «СК Дәне­кер» мекемелеріне тиесілі 7 қа­батты 244 пәтерлік тұрғын үйдің құ­рылысы былтыр қазан айында бастал­ған. Жобаға сәйкес, биыл қараша айын­да аяқтау жоспарланған. Бүгінде 7 қабатты үш тұрғын үйдің біреуі то­лық аяқталып, қалғанында жұмыс жалғасуда.

«Ер Ару» құрылыс мекемесінің прорабы Болатбек Темірбаев құры­лыстың сапалы әрі уақытылы жүргізіліп жатқанын айтып берді.

– Жоба бойынша 7 қабатты 8 тұрғын үй салып жатырмыз. Қазір 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Был­тыр тамыз айында басталды. Мұнда тұрғындар үшін қолайлы жағ­дай қарастырылған. Ойын, футбол алаңы, тынығу орны бар. Құрылыс материалдары жеткілікті әрі сапалы. Бригада жұмысын тиянақты атқаруда, – дейді ол.

Қазір құрылыс алаңында жұмыс қызған. «Орион ЛТД», «Интегрострой», «Авангард ПГС», «ПромстройСервис Е», «Асар», «АманҚұрылыс», «Абу-Сер», «Мелиоратор» мекемелері отандық тауарларды қолданады.

«Сәт -Сервис» құрылыс мекемесінің аумақ бастығы Бердібек Қамиев жұмыс барысына тоқталды.

– «Сәт-Сервис» құрылыс мекеме­сіне тиесілі 7 қабатты 244 пәтерлік тұр­ғын үй салынуда. Былтыр кіріскен болатынбыз. Жыл соңына дейін тапсырамыз. Қазір 7 қабатты 3 тұрғын үйдің біреуінің құрылысы аяқталды. Қалған екеуі уақытында бітеді. Құры­лыс материалы, жұмысшы күші жет­кі­лікті. Әр үйдің ауласына балалар ойын алаңы, автотұрақ салынуда, – дейді ол.

Жаңа тұрғын үйлер – қаланың көр­кеюіне, тұрғындардың өмір сапасын арт­тыруға бағытталған маңызды қадам.

Баспасөз туры барысында жеті көп­қабатты тұрғын үйдің ішкі жұмыстарын көріп шықтық. Жобаға сәйкес кіреберіс жол кеңейтілген, үй ауласы көлік тұрағымен, спорт және балалар ойын алаңдарымен, демалыс аумақтарымен толық қамтылады.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»