Конституция

Рақымшылық – ізгілік актісі

5

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституцияның қабылдануына орай Рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Оған сәйкес рақымшылық қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін, қоғамдық қауіпсіздікке және мемлекеттің маңызды мүдделеріне зиян келтірмеген құқықбұзушылықтарды жасаған азаматтарға қолданылады.

Заңға сәйкес, сотталғандардың белгілі бір санатына жасалған қылмыстың ауырлығы, келтірілген залалдың өтелуі және жазаны өтеу кезеңіндегі мінез-құлқы ескеріле отырып, жазаның өтелмеген бөлігінің мерзімі қысқартылады. Polisia.kz дерегіне сәйкес, алдын ала есеп бойынша, 16,5 мыңнан астам адам жаңа өмір бастауға мүмкіндік алады. Олардың 2 900-ге жуығы – әйел адамдар, оның ішінде жүкті әйелдер мен кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған аналар.

Рақымшылық қоғамдық тәртіптің немесе азаматтардың қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне әкелмейді. Өйткені заң сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм қылмыстарына, жыныстық еркіндік пен қол сұғылмаушылыққа қарсы, оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарға, азаптауды, қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстарға, сондай-ақ қылмысты қайталап немесе аса қауіпті қайталап жасаған адамдарға ешқандай жеңілдік қарастырмайды. Сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар мен сырттай сотталғандарға да рақымшылық жасалмайды.

Облыстық  ҚАЖ департаментінің мәліметіне қарағанда, біздің өңірде  150-ге жуық адам рақымшылыққа ілінеді.

– Жаңа Констититуция қабылдануына байланысты Рақымшылық заңына Президент қол қойды. Осыған сәйкес Қызылорда облысы ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелер есебінде жазасын өтеушілер арасында 150-ге жуық сотталғанға рақымшылық қолданылады деп күтілуде. Айта кетейік, өткен жылы Конституцияның 30 жылдығына байланысты қолданылған рақымшылық шарасында 40-қа жуық адам босатылып, 120-ға жуығының мерзімі қысқартылған болатын, – дейді облыс бойынша ҚАЖ департаменті арнайы есепке алу тобының бас маманы,  әділет подполковнигі Назерке Молдағалиқызы.

Сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық енгізіліп отыр. Ол Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодекстің 260-тан астам бабында көзделген құқықбұзушылықтар үшін салынған айыппұлдарды төлеуден босатуды көздейді. Тек ішкі істер органдары қарайтын әкімшілік-құқықбұзушылықтардың өзіне қатысты 17 млрд теңгеден астам сомаға салынған шамамен 1 миллион айыппұл рақымшылыққа ілігеді. Осылайша, әкімшілік рақымшылық азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Әкімшілік рақымшылық ең өрескел құқықбұзушылықтар жасаған адамдарға қолданылмайды. Олардың қатарында қару мен есірткінің заңсыз айналымына байланысты, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу, яғни, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы қозғалыс жолағына шығу және жүргізуші куәлігінен айыруға әкеп соққан басқа да бұзушылықтар, сондай-ақ қайталап жасаған адамдар бар.

Әкімшілік рақымшылық мемлекеттік ақпараттық жүйелер арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады. Бұл үшін азаматтар мемлекеттік органдарға жүгінбейді. Айта кету қажет, қылмыстық және әкімшілік рақымшылық бірреттік сипатқа ие. Егер рақымшылыққа ілінген адам кейін қайтадан құқықбұзушылық жасаса, ол жалпы негізде заң алдында жауап береді.

Жалпы, тәуелсіздік алғалы бері елімізде 10 рет амнистия жарияланған.  Атап айтқанда 1996, 2006, 2011, 2016, 2021, 2025 жылдары және басқа да атаулы даталарға орай өткізілді. Олар негізінен жеңіл немесе орташа ауыр қылмыс жасаған әлеуметтік осал топтарға (кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, қарттар) қолданылды.

Ал әкімшілік рақымшылық жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекет тарихында жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты алғаш жарияланды.

Осы орайда шетелдердегі жағдай қалай деген сұрақ туындайтыны анық. Мәселен, АҚШ-та федералды деңгейде рақымшылық өте сирек жасалады, көбінесе Президент тек жекелеген адамдарға (кешірім жасау – pardon) құқығын пайдаланады. Дегенмен, түрмелердегі орын тапшылығына байланысты жекелеген штаттар мерзімінен бұрын босату бағдарламаларын жүргізеді. Еуропалық одақ елдерінде, мысалы, Франция, Германияда рақымшылық көбіне жаза мерзімін қысқарту немесе айыппұлдарды кешіру түрінде, әсіресе түрмелердегі адам санын азайту мақсатында жүйелі түрде жүргізіледі. Ал көршілес Ресейде  қылмыстық амнистия соңғы рет 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығына орай жарияланған. Содан бері бұл шара мемлекеттік деңгейде қолданылмаған.

Басқа да дамушы елдер, мәселен, Таиланд, Бразилия сияқты көптеген Азия және Латын Америкасы елдерінде  рақымшылық акциялары ұлттық мерекелерде немесе жаңа монархтың таққа отыруы секілді маңызды тарихи оқиғалар кезінде дәстүрлі өткізіліп тұрады екен.

Ал біздің елде алғаш рет ауқымды түрде жарияланған әкімшілік рақымшылық өзге мемлекеттердің тәжірибесінде бұрыннан бар көрінеді. Мысалы, Италияда әкімшілік жүктемені азайту және азаматтардың міндеттемелерін өз еркімен орындауын ынталандыру мақсатында әкімшілік айыппұлдар мен қаржылық санкциялардан босату тетіктері пайдаланылған. АҚШ-та кейбір штаттар берешекті ерікті түрде өтеу жағдайында әкімшілік санкциялар мен өсімпұлдарды уақытша алып тастау бағдарламаларын жүзеге асырған. Ал Индонезияда әкімшілік рақымшылық мемлекеттік ауқымды реформалардың бір бөлігі ретінде қолданылып, активтерді заңдастыруға, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға және құқықтық кеңістікті кеңейтуге бағытталған.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»