Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы

8

0

Жемқорлық – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.  Ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке зиян тигізетін дертпен күрес бір сәтке де тоқтаған емес. Еліміздің дамуы мен әлеуметтік-экономикалық ілгерлеуі жолындағы маңызды қадамдардың бірі – сыбайлас жемқорлықты жеңу. Бұл жолда атқарылып жатқан толымды іс көп болғанымен, тыйылмай тұр.

Жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін фактор. Алдын алу үшін жемқорлыққа қарсы сана қа­лыптастыру өте маңызды. Бұл дегеніміз – адам­дардың жемқорлық әрекетті әлеуметтік зұлым­дық деп қабылдауы. Елімізде сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес заңмен бекітілген. Со­ның аясында тың жобалар мен бастамалар, іс-шара­лар ұйымдастырылады. Әсіресе жастардың жем­қор­лыққа жол бермеуі бәрінен де маңызды. Ол үшін құ­қықтық сауаттылықты арттыру ерте кезден қалыптасқан жөн.

Белгілі ғұлама, әлемнің бірінші ұстазы атанған Аристотель «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізу дегеніміз – бұл мемлекетте тұрақтылықты қамтамасыз етудің қажетті шарты» деген екен. Сол себепті жастар бар мүмкіндігін пайдаланып, қоғамда адалдық принципін орнатуға күш салуы тиіс.

Сыбайластықты кейде байқамай да қалуымыз мүмкін. Өйткені үйреншікті жағ­дайға айналып кеткен. Біз бір нәрсені жіті түсінуіміз керек, жемқорлыққа жол бермеу кез келген адамның қолынан келеді.

Барлық салада жетістікке жету үшін адал еңбек пен шынайы ықылас болса жеткілікті. Уақыт өте келе еңбек бағаланады. Ал кейбі­реулер сол биікке тез жетіп, бәрінің жылдам болғанын қалайды. Осы­лайша жалған әрекетке барып, көзбояу­шы­лыққа жол беріледі. Сал­дарынан адам опық жейді, беделіне нұқсан келеді, заң алдында жауап береді.

Дегенмен заң талабының аясында жемқор­лыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асы­рылып келеді. Көкейтесті мәселелерді шешу үшін  заңдылық жетілдірілді. Жал­пы ал­ғанда, қабылданған кешенді шара­лар нәти­жесінде келеңсіздіктің азайғаны байқалады.

Негізі жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз, яғни бұл қылмыс ретін­де саналатындай қоғамдық сана қалып­тасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік ап­параттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құ­қықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Сол себепті кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесу – басты талап. Мәселен жас маман жоғары оқу орнын үздік бітіріп, қолына диплом алады. Енді жұмысқа орналасу керек. Мамандығына сәйкес көптеген мекемеге түйіндеме тастайды. Белгілі бір уақыттан кейін әңгімелесу кезеңінен өтіп, жұмысқа қабылданады. Өзінің білім мен іскерлігін, жауапкершілігін көрсетіп, аз уақыт ішінде жаңа ортаға тез бейімделіп кетеді. Ал екінші жас маман қолына диплом алады. Таныс-тамыр,  ағайын-туысын салып, оңай олжаның қашан бұйырарын күтеді. Жолы болып жұмысқа орналасады. Бірақ ол жүктелген ісіне жауапкершілік танытпай, ортасына сіңісе алмайды. Екі жағдайдағы айырмашылық жер мен көктей. Өзі еңбек етіп, талпынған адам қоғамға қосылса, оңай жолмен пайдаға кенелгісі келетін жастың жолы болмайды. Мұндайда «Адалдық – ардың ісі» деген сөздің ақиқатына көз жете түседі.

Иә, сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп, небір тегеурінді қарсылықтарға қара­мастан, тамырын жайып, бүгінге дейін жойыл­май отырған кесел. Саяси даму тұрғы­сынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елді қатты алаңдатып отырғаны анық. Бұрын «жемқорлық», «пара», «сыбайлас» деген сөз­дерді естігенде құлағымыз елең ете қалатын. Өкініштісі, бұл дерттің қалыпты жағдайға айналып бара жатқаны.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқор­лық­пен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Оның пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент «Адал адам – Адал еңбек –Адал табыс» үш тұғырының бір негізі ретінде індетпен күрес жолын атап өтті.  «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу. Еліміз осы құндылықтарды берік ұстана отырып, даму көкжиегін сөзсіз кеңейте түспек. Ал әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді» деген болатын.

Біздің түпкі мақсат – сыбайлас жемқор­лықтан таза қоғам қалыптастыру.  Бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. Сол себепті жемқорлықпен күрес барлық азаматтың борышы деп білу керек. Бірақ бұл оңай дүние емес. Ғасырлар бойы шыңдалған дертпен күресу жан-жақты, үздіксіз, ашық әрі әділетті түрде жүргізілуі тиіс. Біз сонда ғана алға қойған биік мақсаттарға қол жеткізе алатынымыз анық.

Осы ретте Президент пәрменімен өңірлерде жемқорлыққа итермелейтін проблемаларды талдау қолға алынған болатын. Облыста бұл бағыттағы жұмыс қарқынды. Барлық салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс атқарылып келеді. Әсіресе жастар арасында бұл дерттің жолын кесуде тыңғылықты іс бар.

Не десек те. сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  – бүгінгі күннің талабы. Ал оның алдын алуға әрбір адам жауапты.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»