Өткен ғасырдың екінші жартысы аймақтың экономикалық-әлеуметтік ахуалы үшін тиімді, барынша қолайлы болғаны азаматтар есінде. Дария суы адам күнкөрісіне бұрылды, өзенге тас бөгет салынды. Байтақ жер тегістеліп, егінге су жеткізер каналдар қазылды. Күріштен мол өнім алынды. Егіншілер табысқа кенелді, бақуат тұра бастады. Мал шаруашылығы да оңды өзгерістен тыс қалған жоқ. Төрт түліктің қоңын бітік өскен жоңышқа қалыңдатты. Сүт пен ет көбейді. Ең бастысы, ауыл еңсесін көтерді, қанатын кең жайды, мамандар тұрақтап шоғырланды. Ұшан-теңіз қаражат ел, ауыл игілігіне жұмсалды. Осы тіршіліктің өзегіне нәр беретін ең бір жауапты істе су мамандары жүрді. Олар өмірін болмыстың басты ісіне – жерді күту мен суды оңды реттеуге солайымен арнапты.
Мелиорацияның арқасында туған өлке түледі, танымастай өзгерді, күріш өндіру орталығына айналды. Егіншілер күрішті өсіруде бұрын-соңды болмаған нәтижеге жетті. Су шаруашылығы мамандарының абыройы артты. Олардың алдыңғы қатарында Ержігіт Бозғұлов, Сабыр Арыстанбаев, Айқынбай Дүйсеков, Елтай Құтыбаев, Елтай Тыныштықбаев, Әлімбет Жаббарханов, Мәделхан Нәлібаев, Жанайбек Сақтағанов, Тыныштықбай Сырғабаев, Әскербек Мақұлбеков, Константин Маймин, Кенжебек Ерімбетов, Виктор Морозов, Палмағамбет Әжімбетов, Иранбек Тілеулиев, Жақсылық Байділдаев, Исатай Алдабергенов, Төрехан Қарлыханов, Әбдіманап Құтжанов, Камал Құлымбетов, Сламхан Досболов болды.
Алып мұраптардың арқасында Сыр елі бойын тіктеп, бұрындары 25 мың гектардан аспайтын күріш егісі 85-90 мың гектарға жетті. Күрішті баптау мен күту мәдениеті жаңа деңгейге жоғарылады, осы тың тәжірибені қызықтап, үлгі тұтқан өзге ел, басқа аймақ күрішшілері мен мамандары жуықтап, үйренетіндей жағдай жасалды.
Ол кезде облыста жүзге жуық шаруашылық болатын. Мықтылары 2,5-3,5 мың гектар күріш егеді. Солардың әрқайсысында 5-6 білікті су маманы ауқымды, тиімді істер атқаратын. Орташа шаруашылықтарда 3-4 су мамандары бар. Сырдың суы тиімді пайдаланылып, дақылдар қолайлы әдіспен суарылып, мол өнімге қол жетуші еді. Жалпы облыс бойынша су маманы саны 350-дей болатын. Бүгін жағдай өзгеше. Біраз ірі шаруашылықтар шағын қожалықтарға бөлінген. Білуімізше, ірісі, шағыны бар шаруашылықтар саны 500-ді шамалайды. Ал оларда су мамандары саны бар болғаны 25-ке жетер-жетпес көрінеді. Бұл дегеніңіз жоқтың қасы! Сонда қалай болғаны?!
Тарих қойнауына енген кеңес одағында «Кадры решают все» деген сөз болатын. Ендеше, соның қатесі жоқ екенін тірі жанға көнбейтін әділ уақыт дәлелдеп көрсетті. Ол аз десеңіз, атақты шайыр Шораяқтың Омары: «Білімсіз іске аспайды дәркілдек би» деп, осыдан жүз жылдай бұрын ұрпағына аманаттаған! Сонда өңіріміздегі ауыл азаматтарының басты күнкөрісіне айналған инженерлік үлгідегі суармалы алқаптарды су маманысыз жоғары талаптарға сәйкес пайдалануға болады дегенге қалай көніп, қалай илануға болады?! Бұл, кешегі өткен, Сыр өңіріне бұрын-соңды болмаған жақсылық орнатып, қолымызға өздері салып, құрылысын бітіріп, соңындағыны оқытып-шоқытып, бар білімін біздің, өзінен кейінгі ұрпақ санасына аямай төгіп, құйып, дайын қазына кілтін қолымызға ұстатып кеткен алып сушылардың еңбегін ескермегендік, ұмытқандық болмай ма, ағайын?!
Қызылорда облысы – еліміздегі айырықша ерекшелігі бар аймақ. Ол – мұнда қолдап суарусыз, егінші көмегінсіз ылғалданбай бірде-бір дақыл өсіп-өнбейтіндігі. Егінге қажетті ылғал арнайы салынған суармалау желі арқылы келеді. Сол желі жобасын жасайтын да, кейін оның құрылысын басқаратын да, соңынан сол жүйенің ережелерге сәйкес пайдаланылуын ұйымдастыратын да инженерлік білімі мен білігі бар су маманы. Осы маңызды іс тек сол маманның қолынан келеді.
Сөз жоқ, қазір өңір шаруа қожалықтары аймақты, елді сапасы жақсы, орны бөлек азық – күрішпен қамту жолында қарымды еңбек етуде. Сонымен қатар олар ауылда еңбектеніп жатқан диқандардың, олардың отбасы мүшелерінің де лайықты күнкөрісте болуына бар мүмкіндігін жасауда. Мұны терең түсінбеске, бағаламасқа, қолдамасқа тіпті болмайды. Дегенмен, ауыл келешегін ойлап, болжап, қамдауға да жоғары көңіл бөлу қажеттігін міндетімізден, санамыздан, ойымыздан ешкім алып тастаған емес. Онда баршамыз туған өлкемізді ең қажет маманнан жетімсіретпей, бар мүмкіншілігімізді пайдаланып, осыны орнықты шешуге атсалысуымыз қажет сияқты.
Осы мәселе турасында біраздан бері жан-жақты ізденіп, ойланып, толғанып келемін. Ақыры бір нобайын тапқандаймын.
Әр ауылдың егін көлеміне сәйкес су маманы қажет. Әр елді мекеннен сол ауыл үшін жанын салып іс атқаратын өнегелі жас табылады. Солардың арасынан су маманын дайындау үшін ауыл әкімі мен шаруашылық басшысы жас талапкерді таңдап, оқытуға болады. Міне, ағайын, ауылда су маманын қажетті қалыпқа жеткізудің бір жолы – осы.
Жасыратыны жоқ, өз білімімен мемлекеттік грантқа ие болып, жоғары оқу орнын тәмамдаған азамат көбіне жеке қалауымен жұмыс орнын тауып жатады. Оларды қанша үгіттегеніңмен ауылға баруы екі-талай. Бүгінгі күні ауылды қажетті мамандармен қамтамасыз ете алмаудың бір сыры осында жатқаны белгілі. Сондықтан о баста, сол ауылда мектеп бітірген жасқа мол сенім білдіріп, оған ауылдың, шаруа қожалығының грантын қолына ұстатып, оқып жүргенде де онымен тікелей байланыста болып, саналы, білімді, өнегелі маман дайындап шықса, сөз жоқ, ол маман оралады, уәдеде тұрады, бар күш-жігерін салып өз ауылы үшін еңбектенеді.
Көріп отырғанымыздай, аймақ көлемінде қоры шектеулі суды егісте барынша тиімді пайдалану мақсатында салмақты жобалар бар. Ендеше, осы игілікті істер негізінен өңір шаруа қожалықтарында орындалуы тиіс. Сонда осы мәселенің бар сыры мен қырын жетік білетін, егжей-тегжейлі орындайтын су мамандары жоқ болса, әлгі қарымды іс-шаралар қалай жүзеге асады?!
Су маманы суармалы егіс күтушісі, баптаушысы, керек болса, дәрігері! «Малды тапқанға баққыз» депті бабалар. Ауылда дәрігерлер мен медбикелер бар, жанды емдейтін. Ветеринарлар бар. Ал суармалы егістің дәрігері – су мамандары неге тапшы? Осы қателікті жөндейтін уақыт жеткен сияқты.
Ауыл емес, кейбір отбасының өзі баласының оқу ақысын көтеріп жатқан заманда, бір-екі су маманын дайындап, оқытып алу ауызбірлігі жарасса, бір ауылға, ондағы шаруашылықтарға аса қиын емес. Одан кейінгі еңбек ақысын сол су маманы өзінің адал, жанкешті, ауылының болашағы үшін жасайтын жанашырлық еңбегімен қайта-қайта ақтайды.
Тарихта бұрын бой көрсеткен болымды құбылыстар кейде жаңа деңгейде қайталанады деген бар. Оған уақыт төреші. Осы ұсынысымызды ауыл азаматтары жоғары түсіністікпен қолдап, Сыр елі диқандары мақұлдап жатса, кім білген, бәлкім, бұдан елу жыл бұрын осы аймақта жоғары қажеттілікке ие болған су мамандарының абыройы мен мәртебесі бұрынғы қалпына келіп, шарықтайтын шығар?!
Бұл маңызды іс ауыл азаматтарының қолдауына ие болып, ойдағыдай өрбіп жатса, шаруа қожалықтарының гранты негізінде оқуға түскен ер балалар саны артар еді. Жұмысымыздың алғашқы нәтижесін санаулы жылда сол талапкер біздің университетті бітіріп шыққанда көреміз әлі. Ортақ іс қолдау тапса, оншақты жылда аймақ шаруашылықтары су мамандарымен қанағаттанарлық деңгейде қамтамасыз етілуі әбден мүмкін. Онда қазіргі ауыл азаматтарының келешек ұрпақ алдындағы бір парызы орындалған болар еді. Қалай дегенде де су маманы Сыр елінің тіршілігі үшін ауадай қажет. Бәріне тиянақты тәртіп, білікті маман, уақытқа сай жасалған игі бастама өлшем болады. Өйткені, су мәселесі – өңірдің мәселесі.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
профессоры, техника ғылымдарының докторы,
инженер-гидротехник





