Ауылда дәрігер, мұғалім, фермер, мемлекеттік қызметкер тапшылығы әлі де өзекті. Осы ретте жас мамандарды ауылға тарту, жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту, әлеуметтік көмек беру үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жеміс беріп келеді. Бағдарлама тек бос жұмыс орындарын толтырмайды, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызмет, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп салаларындағы кадрларды тұрақтандырады. Сондай-ақ ауыл әкімдіктерінің қызметкерлерін де қамтиды.
Биыл оған қатысушыларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде бірреттік көтерме жәрдемақы және 15 жылға дейін 1 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген тұрғын үй несиесі ұсынылды. Аудан орталықтарында несие көлемі 2500 АЕК-ке дейін, ауылдарда 2000 АЕК-ке дейін қарастырылған. Негізгі талап – ауылда жұмыс істеу.
Бағдарлама іске қосылғалы бері 114 мыңнан астам маман көтерме жәрдемақы алса, 52 мыңнан аса адам баспана алу үшін бюджеттік несие рәсімдеген. Қазір бағдарлама толықтай цифрландырылған. Уәкілетті агент ретінде «Отбасы банкі» жұмыс істейді. Жоба әрбір жас маманға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан сұраныс жоғары және мамандарды ұстап қалуға септігін тигізіп отыр.
Өңірде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жемісті жүзеге асырылып келеді. Бұл – қолына дипломын алып, ауылдың өркендеуіне үлес қосамын деушілерге арналған, нәтижесінде қаншама жас ауылда еңбек етуде.
Қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Айжан Иманның айтуынша, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар, ауыл, кент, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері ауыл, елді мекенге жұмысқа орналасқан жағдайда бағдарламаның игілігін көреді.
– Кез келген жас маман ауылға жұмысқа орналасқаннан кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатыса алады. 100 айлық есептік көрсеткішке тең сомада біржолғы көтерме жәрдемақы және қажеттілігіне қарай тұрғын үй сатып алу үшін 2000 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 1% сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар. Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін электрондық форматта otbasybank.kz/ programm-bank «Баспана Маркет» жылжымайтын мүлік порталы арқылы құжат ұсынады.
Биыл бағдарлама бойынша 110 маманға 47,5 млн теңге бөлініп, қаржылық жоспарға және кезектілікке сәйкес 74 маманға тағайындалды. Оның ішінде білім беру 59, денсаулық сақтау 8, спорт 4, агроөнеркәсіптік кешен 2, әлеуметтік саланың 1 маманы бар.
Бюджеттік кредит бойынша республикалық бюджеттен 259,5 млн теңге қарастырылды. Бөлінген қаржы облыстық экономика және қаржы басқармасы бекіткен қаржылық жоспарға сәйкес игеріледі.
Бүгінгі күнге көтерме жәрдемақы бойынша 26 маман, бюджеттік кредит бойынша 15 маман кезекте, – дейді ол.
Жоба жоғары оқу орнын тәмамдаған жастардың екі қолға бір күрек табуына септігін тигізуде. Шалғай елді мекендерге тапшы мамандарды тартуды көздейтін бағдарлама нәтижесін берді.
Осы ретте қала іргесіндегі Қызылжарма ауылындағы №295 орта мектепте еңбек етіп жүрген Гүлжаһан Аймағанбетовамен таныстық. Ол ауылда еңбек етудің артықшылықтарын айтты.
– 2013 жылы мектепті бітіріп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне түстім. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі. Университетті ойдағыдай бітірген соң, магистратураны тәмамдадым. Қаладағы Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында, К.Қаракөзов атындағы №235 мектеп-гимназиясында еңбек еттім. Бірақ ауылда жұмыс істеуді қаладым. Былтыр Қызылжармадағы №295 орта мектепке ауыстым, – дейді ол.
Жас маман осылайша ауыл балаларына білім беру ісіне өз үлесін қосып келеді. Мұнда еңбек етемін дегенге мүмкіндік мол екенін айтады.
– Бала күнімнен мұғалім болуды армандадым. Жоғары оқу орнын қызыл дипломмен аяқтадым. Қала да жақсы ғой. Бірақ мен ауылды таңдадым. «Ауыл – ел бесігі» деп бекер айтылмаған. Сол себепті дамуына, өркендеуіне пайдам тисін деген ниетпен оралдым. Ауыл мектебі мен үшін ыстық. Оқушымен жұмыс істеу ұнайды. Ұжым да мені жылы қабылдады. Ауылға келгеннен кейін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатыстым. Қажетті құжатты түгендеп өткіздім. Осылайша алдымен баспаналы болдым. Жас отбасы ретінде қуанышымда шек болмады. Кейін бірреттік көтерме жәрдемақыға да қол жеткіздім. Жалпы, ауылда еңбек етемін деген жасқа мемлекет тарапынан қолдау мол, – дейді ол.
Ал Фариза Медетова – Қарауылтөбе ауылының тумасы. Ауыл мектебін үздік бітірген ол «Болашақ» университетінен «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын алып шықты. Туған жерге келіп, №179 орта мектепке орналасты.
Ол мектеп табалдырығын енді аттаған балаларға қалам ұстатып, әріп үйретуден жалықпайды. Ісіне ұқыпты маманның жетістігі де аз емес.
– Қазіргі инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік қолдау шаралары жастардың туған жерге оралуына серпін беруде. Мен де ауылда еңбек етуді мақсат тұттым. Өзім білім алған мектепке жұмысқа тұрып, бала күнгі арманым орындалды. Ал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы отбасыма қуаныш сыйлады. Мемлекет қолдауының арқасында баспаналы болып, қаржылай көмекке де қол жеткіздім. Шындығында мұндай көмек бізді одан әрі шабыттандырады, – дейді ол.
Жас педагог мектептегі қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысады және бос уақытын білімін жетілдіруге арнайды.
Бағдарламаның игілігін көрген жастың бірі – Аслан Қошқаров Талсуат ауылдық округіндегі клуб үйінің әдіскері. Бүгінде жас маманның мәдениет саласына қосқан үлесі елеулі.
– Алдымен заң саласын таңдадым. Оқу бітірген соң мамандығым бойынша жұмыс істедім. Кейін тағы жоғары оқу орнына түсіп, мәдениет саласының маманы атандым. Өзіңіз ойлап қараңызшы, жастар оқу орнын бітірген соң қалаларда қала берсе не болады? Аудан, ауылдардағы мәдениет пен өнерді дамытатын адам керек. Сол себепті 2015 жылы мәдениет пен өнерге үлес қосу үшін осында келдім. Қазір ауыл қаладан кем емес. Жол, жарық, ауызсу мәселесі шешімін тапқан. Заман талабына сай әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Біздің клуб та жаңа кейіпке енді. Онда барлық жағдай жасалған. Жастарды өнерге баулу үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Осылай еңбек етіп келеміз. Жас мамандарды қолдауға бағытталған бағдарламаға былтыр қатысып, баспаналы болып, бірреттік көтерме жәрдемақы берілді, – дейді ол.
Жас маманның жеткен жетістігіне келсек, былтыр облыстық «Үздік әдіскер – 2025» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
Міне, бұл кейіпкерлер туған жерді түлетуді қалады. Ал ауылға талпынған жастарға бағдарлама дем беріп, аяққа тұруға септігін тигізді.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





