Халықтың бір сұранысы – жол. Белгілісі, саладағы құрылыс қарқыны аз уақыт ішінде Сыр өңіріне оң өзгеріс әкелді. Мысал келтірсек, 2022 жылдан бүгінге дейін жол инфрақұрылымын дамытуға 185,8 млрд теңге бөлінді. Осы уақытта 1700 шақырым автомобиль жолы мен 35 көпір өткелі салынды. Жұмыс әлі де тоқтаған жоқ. Нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 82-ден 95 пайызға жетті.
Бұған дейін облыс орталығында көптеген жоба іске асқан болатын. Атап айтсақ, Бейбарыс сұлтан көшесінен Б.Баймаханов көшесіне дейінгі аралықтағы Тараз көшесі, Бейбарыс сұлтан көшесі Н.Назарбаев даңғылынан «Қызылорда-Құмкөл» трассасына дейінгі жол төрт, Н.Назарбаев даңғылынан Тәуелсіздіктің 25 жылдығы даңғылына дейінгі бөлік алты жолақтыға айналды. Одан бөлек, Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылы төрт жолаққа кеңейді. Даңғыл бойындағы Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейін жаңа жол салынды. Ұзындығы 23,5 шақырымдық әуежайға кіреберіс жол төрт жолақты болды.
Бүгінде 23,6 млрд теңгеге қала және қалаға қарасты кенттер мен ауылдық округтегі 70 көше қайта жаңғыртылып, күрделі және орташа жөндеуден өтуде. Соның бірі – Тасбөгет кентінде жүріп жатқан жол инфрақұрылымы жобалары.
– Бір жобада 5 көшені қайта жаңғырту қарастырылған. Атап айтсақ, құрылыс Н.Назарбаев даңғылынан бастап Ш.Есенов көшесіне дейін жалғасады. Сондай-ақ гидротоспаға қарай, яғни А.Иманов көшесі де осы жобаға кіреді. Бұған қоса Бозғұл-1 мен Наурыз көшелерінде де жөндеу жүріп жатыр. Бір айта кететін жайт, мұндағы басты көшелерге жаяу жүргіншілер жолы қосымша салынуда. Аяқсу арнасы және жарық шамдарын орнату да қарастырылған. Төрт жолақты жолдың құрылысын «Автомобиль жолдары басқармасы» ЖШС жүргізіп жатыр, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Айдын Әнуар.
Кенттегі 5,5 шақырым жол құрылысына бюджеттен 4 млрд 713 млн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Құрылыс наурыз айында басталған, алдағы тамызда аяқталуы тиіс. Қазірдің өзінде жолдың біткен бөліктеріне көлікке арналған жол бөлу сызықтары сызылуда.
Айта кетейік, облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 3525 шақырым. Оның 1025 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1945 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





