Құрылтай

Тау-кен өнеркәсібіндегі маңызды бастама

12

0

Бүгінде «Liaoning Hongda Group» компаниясы Жаңақорған ауданында кен орнын игеру бағытындағы жобаның алғашқы кезеңін бастап, онда 260 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық, өндірістік әлеуетін арттырудағы маңызды жоба. Тау-кен саласын өркендетудегі бастамалар табысты әрі жүйелі жүзеге асып келеді.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Liaoning Hongda Group» директорлар кеңесінің төрағасы Тан Цзюганды және аталған компанияның өкілдерін қабылдады.

Кездесуде облыс әкімі компа­ния­ның Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты да­мытуға қосып отырған үлесін жоғары бағалап, Жаңақорған ауданында іске асырылатын жалпы құны 1,3 млрд АҚШ доллары болатын қорғасын-мырыш тау-кен байыту кешендері жобасының өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

Жоба аясында екі карьер, екі тау-кен байыту фабрикасы және кейіннен металлургиялық зауыт салу жоспарланған. Өңір басшысы облыс әкімдігі тарапынан жоба «Жасыл дәліз» тетігіне енгізілгенін айтып, оны іске асыру барысында қажетті әкімшілік қолдау көрсетілетінін, жан-жақты сүйемелденетінін жеткізді.

Өз кезегінде компания басшылығы жобаны іске асырудың қазіргі ке­зеңі, инфрақұрылым жеткізу және метал­лургиялық зауыт құрылысына дайындық бойынша атқарылып жат­қан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Кездесу қорытындысында та­раптар инвестициялық жобаларды уа­қытылы әрі тиімді іске асыру бағы­тындағы өзара ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.