Тегіс жолға не жетсін?!

2534

0

Қызылордаға алғашқы қар жауып, кәрі құда – қыстың жақындағаны сезілді. Ақ ұлпа қар көңілге қуаныш сыйлағанымен, жол тайғақтығы жолаушыларға қиындық әкелетіні белгілі. Сондықтан қала көшелері күн мен түнге қарамастан қардан дереу тазартыла бастады. Бұл жұмысқа «Қызылорда тазалығы» ЖШС-ның 90-нан астам қызметкері, 12 техника жұмылдырылды.

Көше демекші, биыл облыс орталығында жол құрылысының қарқыны тіпті бөлек. Шет аймақтардың өзінде шынайы тірлік астасып жатыр.

Өткен аптада қаланың шет аймақтарындағы көшелерге барып, жол жөндеу жұмыстарымен танысқан болатынбыз. Жолдың жайын жүрген біледі. Көше болғалы асфальт көрмеген жолдардың жағдайы күз бен көктемде тіпті қиын. Мұндай көшелердің көбі түнде жарқырап та тұрмайтындықтан, жаңбыр мен қар жауғанда балшық баспай, тайғанақтамай жүру мүмкін емес. Сондықтан шет аймақтардағы жолдың жағдайы тілге жиі тиек болатын. Биыл әл Фараби, КБИ сынды шағын аудандардағы бірнеше көше тақтайдай тегістеліп, асфальт төсеу жұмыстары басталып, осы қуанышты көп күткен ел бір-біріне оң болсын айтуда.

Биыл қала бойынша 200-ден астам көшеге жол жөндеу және 68 көшенің жаяу жүргіншілер жолына жөндеу жұмыстары жоспарланған. Бұл көрсеткіш былтырғыдан әлдеқайда жоғары. Мұның барлығы жөндеу көрмеген нысандардың жаңғыртылып, ауыл-аймақтың абаттануына ықпал еткен «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында  атқарылуда. Сондай-ақ, қалалық бюджеттен 36 көшені жөндеуге қаржы қаралған.

Зейнеткер Мұхтар Қалекеев әл Фараби ауданындағы Көктем көшесіне 2000 жылдары көшіп келді. Алғашында бұл маңда су жүргізілмеген, жарық та жоқ болса, бертін келе бәрі дұрысталды. Бірақ жиырма жылдан бергі басты мәселенің бірі жолдың жағдайы болатын.

– Балалар күз-көктемнің ке­зін­де балшықтан жүре алмай, мектепке қатынауға қиналатын. Содан үнемі өзім апарып, алып қайтамын. Енді бәрі артта қалды, – деді М.Қалекеев.

Ұзындығы 2 шақырым болатын бұл көшеге қазір асфальт төсеуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме «Қызылорда жолдары» ЖШС бұл көшеге Самал көшесінен каналға дейін орташа жөндеу жұмыстарын осы айдың соңына дейін бітірмек.

Әл Фараби ауданындағы жолы мүлде жөндеу көрмеген көшенің бірі – Әшірбеков көшесі болатын. Осы жерде он жылдан бері тұратын Бердияр Мыңбаев «ауа райы қолайсыз уақытта, әсіресе, балалар мен қарттардың жаяу жүруі қиынға соғатын» дейді. Қазір жол бойындағы жұмыс қызу. Енді ұзындығы 3,5 шақырым болатын Әшірбеков көшесіне Сағымбаевтан әл Фараби көше­сіне дейін орташа жөндеу жұмыс­тары жүргізілмек.

КБИ шағын ауданындағы 30 жылға жуық жөндеу көрмеген Наурыз көшесі де биыл асфальтталды.

– Қазір жол Торайғыров көше­сіне дейін тақтайдай тегіс. Асфальт төселгелі, көшенің көркі кіріп, үйлер де еңселене түсті. Осы мәселеге биыл мән берілгеніне қатты қуандық.  Ал, арғы бөлігі алдағы уақытта жасалатын болар, – деді көше тұрғыны Дәулет Дюсенов.

Қала әкімдігі ұйымдастырған баспасөз турында Абай және Жақаев көшелеріндегі асфальт төсеу жұмыстарын да көрдік. Жол жөндеу бірнеше кезеңнен тұратынын ескерсек, мұндағы шаруа да мәресіне жетуге жақын­даған.

Қала орталығындағы жол­дардың сапасы мен көшенің абаттандырылуы, жаяу жүргіншілер жолының салынуы көптің көңілінен шығып жүр. Мәселе көтерген өтініштер де тиісті мекемеге келіп түсуде. Бірақ, ескеретін жағдай жолдың бәрін бірден асфальттау мүмкін емес, кезең-кезеңімен ғана жүзеге асады.

– Жол жөндеу жұмыстары қала орталығында ғана емес, шет аймақтарда да жүргізілуде. Тұрғындардың өтінішін ескере отырып, әл Фараби ауданындағы Көктем, Самал, А.Төлебаев кө­шелеріне асфальт төселуде. Былтыр қала бойынша 30-ға жуық көшеге асфальт жүргізілсе, биыл 200-ден астам көше қамтылды. КБИ, әл Фараби, Титов тұрғын аудандарындағы 50 көшеге тас  төсеу жұмыстары да жүргізілуде, – деді қалалық тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы, жолау­шы­лар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бө­лімінің басшысы Біржан Далабаев.

Қазіргідей заманда жолдың тегіс болғанына не жетсін. Жауапты тұлғалардың айтуынша, жол картасы аясында бұл жұмыстар келер жылы да жалғасын табады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<