Тігін цехындағы табысты тірлік

634

0

Сурет ашық дереккөз

Кез келген істе тұрақтылық пен жұмысқа деген сүйіспеншілік аса маңызды. Ал сүйікті ісі арқылы табыс таба алса, ол – жұмыстың төресі. Мұндай бақытқа ие болған жандардың бірі Қызылорда қаласының тұрғыны Гүлмира Сариева.

Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мәліметіне сүйенсек, цех иесі бұл кәсіпті алғаш 2015 жылы бастапты, үйінде шағын бөлмесінде тапсырыспен көрпе-жастық, ұлттық нақыштағы киімдер тігіп бастады. Сұраныс артқан сайын, өнімнің сапасын да жақсарта түсуді көздейді, шеберлік сабақтарына да қатысады. Кейін оны өзінің тігіншілеріне үйретеді. Осылайша, ұлттық ою-өрнегі бар көрпелерге, ұлттық киімдерге сұраныс көбейе береді.

Біз барған сәтте тігіншінің бірі төсек-жабдық тіксе, енді бірі – әдемі матадан әйелдерге арналған көйлек тігуде. Нақтылап білгенімізде, тұрғыннан түскен тапсырыс екен. Цех заманауи 8 тігін машинасы, орау машинасы және өзге де қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Кең, әрі жарық бөлме түрлі тамаша дүниені тудыруға ыңғайлы. Тігін цехының алға қойған мақсатының ауқымы үлкен.

– Қазір цехта тәжірибелі 8 тігінші әйел жұмыс істейді. Кәсіпорындар үшін арнайы киім, ұлттық бұйымдар мен басқа да тоқыма бұйымдарын әзірлейміз. Тігіншілер ең алдымен сапаға мән береді. Сондай-ақ, ателье форматында жұмыс істеп, ересектер мен балалар киімін тігеміз. Қазір тапсырыс түрленуде. Қолдан келгенше тұрғынның сұраған дүниесін үдесінен шыға орындап беруге тырысамыз. Қолжетімді бағада әрі сапалы өнім дайындау үшін тігіншілер барын салуда. Киімдерді жалға беру– кәсібіміздің бір бағыты, – дейді кәсіпкер.

Тұрақты тұтынушылар пайда болып, сұраныс көбейген соң бөлмені кеңейтіп, шағын цех қылып ашқан Гүлмира бұнымен тоқтап қалмақ емес. Несие алып, тағы да үлкейткісі келеді.

Тұрғынның кез келген тапсырысын орындауға, олардың риза болған көңілді жүзін көруге асық екенін жеткізді. Жылы жүздері мен ақжарма әңгімелерінен олардың жұмысына деген ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігі анық байқалады. Жұмысыңды шынайы беріліп сүйсең ғана берекелі табыс болатыны белгілі. Қолыңнан келетін іс кәдеңе жараса тіпті керемет емес пе?

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<