Құрылтай

Үздік төрттік анықталды

4

0

2026 жылғы Әлем чемпионаты шешуші кезеңге аяқ басты. Ширек финалдық барлық кездесулер өз мәресіне жетіп, бас жүлдеге таласатын төрт үздік құрама анықталды. Бұл жолы жартылай финалға Франция, Испания, Англия және қазіргі чемпион Аргентина жолдама алды. Әрбір кездесу жанкүйерлерге тартысқа толы футбол, драмалық сәттер мен күтпеген оқиғалар сыйлады.

Ширек финалдың шымылдығын Франция мен Марокко арасындағы матч ашты. Африкалық ұжым сенімді қорғанысымен ерекшеленгенімен, француздар ойын тізгінін біртіндеп өз қолына алды. Екінші таймда қарсылас қақпасынан екі рет саңылау тауып, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Дидье Дешам шәкірттері қатарынан тағы бір мәрте үздік төрттікке еніп, чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі екенін дәлелдеді.

Келесі жолдаманы Испания мен Бельгия сарапқа салды. Еуропаның екі азулы құрамасы жоғары қарқынмен ойнап, матч бойы бір-біріне қауіп төндірді. Испандар бірінші болып есеп ашқанымен, бельгиялықтар көп ұзамай таразы басын теңестірді. Кездесудің тағдыры соңғы минуттарда шешілді: Испания жеңіс голын соғып, 2:1 есебімен алға шықты. Осылайша Луис де ла Фуэнте баптайтын команда жартылай финалға шықты.

Англия мен Норвегия арасындағы кездесу турнирдегі ең драмалық ойындардың біріне айналды. Алғашқы болып норвегиялықтар мергендік танытты. Алайда бірінші таймға қосылған уақытта Джуд Беллингем таразы басын теңестіріп, ағылшындарға үміт сыйлады. Екінші таймда екі құрама да бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырғанымен, жеңімпаз анықталған жоқ. Қосымша уақытта тағы да Беллингемнің голы Англияға 2:1 есебіндегі жеңісті сыйлап, Томас Тухельдің командасын жартылай финалға алып шықты.

Соңғы жолдама Аргентина мен Швейцария арасындағы тартыста сарапқа салынды. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмады. Алдымен Алексис Мак Аллистер Лионель Мессидің бұрыштамадан асырған пасынан кейін есеп ашса, екінші таймда Дан Ндой таразы басын теңестірді. Матчтың 72-минутында Брель Эмболо екінші сары қағаз алып, швейцариялықтар бір ойыншы кем қалды. Сан басымдығын тиімді пайдаланған аргентиналықтар қосымша уақытта шабуылдарын үдетіп, Хулиан Альварес пен Лаутаро Мартинес соққан голдардың арқасында 3:1 есебімен жеңіске жетті. Осы нәтижемен Лионель Скалони шәкірттері қатарынан екінші рет үздік төрттікке енді.

2026 жылғы Әлем чемпионатының ширек финалы тек қызықты ойындармен ғана емес, тарихи жетістіктерімен де есте қалды. Алғаш рет ФИФА рейтингіндегі үздік төрт құрама – Аргентина (1), Испания (2), Франция (3) және Англия (4) бір мезгілде жартылай финалға шықты. Сондай-ақ Аргентина көшбасшысы Лионель Месси Швейцарияға қарсы кездесуде Алексис Мак Аллистердің голына нәтижелі пас беріп, мундиальдар тарихындағы голдық пас саны бойынша жеке рекорд орнатты. Бұл оның Әлем чемпионаттарындағы оныншы нәтижелі пасына айналды. Бір қызығы, Месси осы он пастың барлығын Аргентина құрамасының он түрлі футболшысына берген. Сонымен қатар ол алты бірдей мундиальда нәтижелі пас авторы атанған тарихтағы жалғыз ойыншы саналады.

Жеке көрсеткіштер бойынша да тартыс қыза түсті. Турнирдің үздік сұрмергендері тізімінде Килиан Мбаппе мен Лионель Месси сегіз голдан соғып көш бастап тұр. Алайда қосымша нәтижелі пастардың арқасында әзірге Мбаппе бірінші орында келеді. Норвегия турнирден шығып қалғанына қарамастан, Эрлинг Холанд жеті голмен үшінші орында қалса, Англия өкілдері Джуд Беллингем мен Харри Кейн алты голдан соғып, көшбасшыларды өкшелеп келеді.

Ширек финалда бірнеше ерекше оқиға да тіркелді. Марокко қақпашысы Яссин Буну Килиан Мбаппенің пенальтиден тепкен добын қайтарып, Әлем чемпионаттары тарихындағы ең көп пенальти қайтарған қақпашы атанды. Англия мен Норвегия матчында доп әуедегі арнайы камераға тиіп кетсе де, ойын тоқтатылмай, сол шабуылда ағылшындар есепті теңестірді.

Енді турнирдің ең жауапты кезеңі басталады. Алғашқы жартылай финалда Франция мен Испания кездессе, екінші жұпта Англия мен Аргентина финал жолдамасын сарапқа салады. Бұл төрт құрама қазіргі футболдағы ең мықты командалардың қатарында саналады және олардың әрқайсысы чемпиондыққа басты үміткер ретінде бағалануда. Ал ширек финалдық кезеңнің қорытындысына көз жүгіртсек, жанкүйерлер тартысты матчтармен қатар, футбол тарихына енетін бірнеше ерекше оқиғаның куәсі болды.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»