Заң үстемдігі және құқықтық тәртіп

8

0

23 маусым – елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау және заң үстемдігін нығайту жолында қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, атқарылып жатқан жүйелі жұмыс жайлы баяндады.

– Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда ішкі істер органдарының рөлі ерекше. Қазіргі таңда полиция қызметін жаңғырту, сервистік модельді дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және халықпен өзара сенімді нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан еткендерге, Қазақстан полициясының іргетасын қалаған ардагерлерге құрмет көрсетіліп, тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауда жан қиған әріптестерімізді еске аламыз. Олардың ерліктерін ұлықтау мақсатында облыста «Жас сақшы» полиция сыныптарында 150-ге жуық оқушы тәлім алуда, оның 50-і мектепті үздік аяқтады.

Жалағаш аудандық полиция бөлімінде ішкі істер органдары ардагерлерінің құрметіне «Ардагерлер аллеясы» ашылды. Жалпы облыс бойынша ардагерлер ұйымында 2500-ден астам ардагер-зейнеткер тіркелген, – дейді Серік Әбдімәуленұлы.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен заңдылықты сақтау жолында полиция қызметкерінің атқаратын міндеті ерекше. Қызметтік міндетпен қатар, жеке құрам арасында жүргізілетін идеологиялық жұмыстар да маңызды. Бұл жұмыстың басты мақсаты – қызметкерлердің кәсіби мәдениетін, патриот­тық рухын, моральдық-психологиялық тұрақ­тылығын нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын қалыптастыру.

Серік Тоқтыбаевтың айтуынша, полиция қызмет­керлерімен кездесулер, дәрістер, семинарлар, дөң­гелек үстелдер және тәрбиелік іс-шаралар тұрақты өт­кі­зіледі. Жеке құрам арасында құқықтық мәдениетті арттыру, қызметтік тәртіпті нығайту, кәсіби этиканы қалыптастыру бағытында ардагерлермен кездесулер өткізіліп, олардың тәжірибесі мен өнегелі жолы жас қызметкерлерге үлгі ретінде насихатталады. Мұндай іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және полиция қызметінің беделін арттыруға ықпал етеді.

Облыстық полиция департаменті жылдам қимыл­дайтын арнайы жасағы қызметкерлері жыл көлемінде спорттық жарыстар бойынша 5 мәрте халықаралық жарысқа және 9 рет ҚР чемпионатына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.

Мемлекет басшысының «Халыққа жақын полиция» қағидаты аясындағы жұмыс жүйелі. Облыстық қан орталығына 200-ден астам полиция қызметкері ерікті түрде донор болып келеді.

Бүгінде полиция қызметкерлері тұрғындармен ашық байланыс орнатуға, олардың өтініштері мен ұсыныс­тарына жедел жауап беруге ерекше көңіл бөлуде. Учаскелік инспекторлардың жұмысы күшейтіліп, кездесулер тұрақты өткізіледі.  Министрліктің бас­тауымен ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасы қабылданып, оның шеңберінде қызмет­керлердің әлеуметтік жағдайы жақсарды, жалақысы көбейді, тұрғын үйді жалға алғаны үшін өтемақы алатындар саны артты.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»