Заңсыз балық аулау деректері анықталды

31

0

Балық қорын сақтау мен су айдындарының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған «Таза су айдындары» және «Уылдырық-2026» республикалық акциялары аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оған мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары және қоғам өкілдері жұмылдырылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы иснпекциясы басшысының орынбасары Жанқожа Сапаров тарқатып айтты.

– Өңірімізде балық ресурстарын сақтау, су айдындарының экологиялық жағдайын жақсарту және табиғат пайдалану заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыс жүргізіліп келеді. Осы мақсатта өңірде «Таза су айдындары» респуб­ликалық табиғат қорғау акциясы мен «Уылдырық-2026» балық қорғау акциясы кең көлемде ұйымдас­тырыл­ды. Су айдындарын тазарту, заңсыз балық аулаудың алдын алу және ба­лық­тың табиғи көбеюіне қолайлы жағ­дай жасау бағытында нақты нәти­же­лерге қол жетті. Мәселен, «Таза су ай­дындары» акциясы барысында облыс аумағындағы өзен-көлдер мен су айдындары қоқыстан тазартылды. Ак­цияға 397 адам, 68 арнайы техника және 5 шағын жүзу құралы тартылып, су айдындарынан 10 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұған қоса, балық қорына айтарлықтай қауіп төндіретін суда қалған 78 ау қалдығы табылып, жойылды. Бұл жұмыстар су экожүйесін сауықтыруға және балық­тың табиғи мекендеу ортасын сақтауға мүмкіндік берді. Су айдындарының тазалығы мен байлығын келер ұрпаққа аман жеткізу – тек жауапты орган­дардың ғана емес, барлық аза­маттың ортақ міндеті,  – деді ол. 

«Уылдырық-2026» акциясында облыс­тағы су айдындарында балықты уылдырық шашу кезінде қорғау ша­ралары күшейтілген. Нәтижесінде заң­сыз балық аулаудың ондаған дерегі анықталып, әкімшілік хаттамалар тол­тырылыпты. Бірқатар іс сотқа жол­данған. Нақты кезеңде құқық қорғау органдарының өндірісінде қылмыстық сипаттағы істер қаралуда.

Сондай-ақ заң бұзушылардан жүз­деген келі заңсыз ауланған балық пен оннан астам құрал тәркіленіп, таби­ғатқа келтірілген залалды өтеу шара­лары жүргізілуде. Жалпы, аталған акциялар табиғи ресурстарды қорғау мәдениетін қалыптастыруға, браконь­ерлікке қар­сы күресті күшейтуге және өңірдің балық қорын сақтауға бағытталған маңызды бастамалардың тиімділігін көрсеткен.

«СБ» ақпарат