Зейнетақы жинақтары: Бүгінгі шешім – ертеңгі тұрақтылық

5

0

Зейнетақы жинақтары – әр азаматтың болашағына жасалған ең маңызды қаржылық қор. Оның басты мақсаты – адам зейнетке шыққаннан кейін тұрақты табыс­пен қамтамасыз етілуі. Сондықтан мемлекет үшін негізгі міндеттердің бірі – қартайған шақта азаматтарға қаржылық тұрақтылық пен лайықты төлемдерге кепілдік беру.

Бұл мәселе әсіресе жас қазақ­стандықтар үшін өзекті. Себебі олардың болашақ зейнетақысы екі негізгі бөліктен құралады: мемле­кеттік базалық зейнетақы және мін­детті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын жинақ­таушы жүйе, яғни, бүгінгі табыс пен аударымдар – ертеңгі әл-ауқаттың негізі.

Кейінгі жылдары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Қолданыстағы ең төменгі жеткіліктілік шегі осы бағытта маңызды рөл ат­қарады. Бұл шек – азаматтың бола­шақта ең төменгі зейнетақы деңгейін қамтамасыз ету үшін шотында қалуы тиіс ең аз сома. Ал одан асатын қаражатты белгілі бір мақсаттарға пайдалануға рұқсат етіледі.

Алайда бұл тәсілдің өз кемшіліктері де жоқ емес. Қазіргі есептеу әдістемесі азаматтың зейнет жасына дейін тұрақты жұмыс істеп, үздіксіз жарна аударып отыратынын негізге алады. Шын мәнінде, өмірде бәрі бірдей жоспар бойынша бола бермейді: жұмыссыздық, табыстың төмендеуі немесе денсаулық жағдайы секілді фак­торлар кез келген адамның қар­жылық мүмкіндігіне әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесін қайта қарау туралы шешім қабылданды. Жаңа тәсілдің басты мақсаты – азаматтар бүгін жинақтарының бір бөлігін пайдаланған жағдайда да, болашақта лайықты зейнетақы алуына жеткілікті қаражаттың сақталуын қамтамасыз ету.

Мәселен, 46 жастағы салымшының жинағы 11 млн теңге делік. Қолданыстағы шек 7,8 млн теңге болса, ол 3,2 млн теңгені қазір пайдалана алады. Бірақ мұндай шешім оның болашақ зейнетақы төлеміне тікелей әсер етеді – нәтижесінде ай сайынғы төлем шамамен 42 мың теңгені ғана құрауы мүмкін. Ал егер бұл қаражатты қозғамай сақтаса, болашақтағы зейнетақысы бірнеше есе жоғары болады.

Сарапшылардың айтуынша, соңғы үш жылда ең төменгі жеткіліктілік шегінің қайта қаралмауы да жаңа өз­герістердің енгізілуіне себеп болды. Экономикалық жағдай, инфляция, өмір сүру ұзақтығы – мұның бәрі есеп­теулерге тікелей әсер ететін факторлар.

Жаңа әдістеме актуарлық тәсілге негізделеді. Яғни, онда күтілетін өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыс­тылық және болашақ зейнетақы төлем­дерінің мақсатты деңгейі ескеріледі. Бұл – есептің неғұрлым нақты әрі экономикалық тұрғыдан негізделген болуына мүмкіндік береді.

Ең бастысы, зейнетақы жинақтарын қарапайым депозит ретінде қарас­тыруға болмайды. Бұл – ұзақ мерзімді қаржылық қауіпсіздіктің кепілі. Мемлекет азаматтардың болашақтағы мүдделерін қорғауды басты назарда ұстап отыр. Сондықтан қабылданып жатқан өзгерістердің түпкі мәні – әр адамның зейнет жасында өзін сенімді әрі қамтамасыз етілген сезінуіне жағдай жасау.

Қорыта айтқанда, бүгінгі қаржылық шешімдер ертеңгі өмір сапасына тікелей әсер етеді. Зейнетақы жинақтарын тиімді басқару – тек жеке жауапкершілік емес, сонымен қатар ұлттық деңгейдегі маңызды мәселе.

Бекболат ШӘРІПБЕКОВ

Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау

комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы