Жетікөлден тағы бір ақын шықты. Ол – Кенжалы Ерімбетов, есімі Сыр бойына журналист ретінде жақсы таныс. Біз оның өткен жылы «Ауылға барам» атты жыр кешінде қоғадай жапырылып қарсы алып, қолдау көрсетіп өткіздік.
/Ауыл адамдарының әңгімесінен/
Жетікөлдің табиғатын көрген ақын көркем өлең жазбауы мүмкін емес. Осы ауылды алғаш көргенімде алыста, кісі елінде қалған Сарықамыс ойыма түсті. Сарықамыс жаяу желмен шайқалып, менің бала күнімді сағынғандай сыңай танытты. Осы жаяу сапарымда «Жетікөл, жеті жыр, жеті бояу» атты желілі жеті жыр жаздым.
«Сендерге де келейін енді аяңдап» деп Абай айтқандай, Кенжалы Ерімбетовтің поэзиясы туралы әңгіме қозғалық. Ол ақындық өнерге кенжелеу келген қаламгер. Өйткені оның өмір-тіршілігінің ауырлығы солай болды. «Көңіл күмбезі» атты жыр кітабы қолымда тұр. Парақтап, зер сала оқып отырмын. Ой кешіп отырмын. Өлеңдер жинағының желісі «Ауылға барғанда» деген тақырыппен басталыпты.
Ауылын сағынып келген ақын: «Бұлтыңды аңсап, Кеп тұрмын жұртымды аңсап» дейді ағынан жарылып. Ал «Боз жусанның түбірі» атты өлеңінде:
– Жетікөл, өзіңде өткен балалығым,
Ұмытпас ол кезеңді саналы ұлың.
Боз жусанның түбірі секілдімін,
Боздаладан нәр алған бала құлын, – деп кейінде қалған жылдарын тебірене еске алады. Оны көркейтіп тұрған «Боз жусанның түбірі секілдімін» деген айшықты тіркес, айшықты ой. Жусан аптап ыстықта жұтамайды. Түбірі бекем, жұпар иісі бұрқырап тұра береді. Міне, Кенжалының өлең жолдарында боз жусандай боздаланың иісі аңқып тұр. Мұны мойындау керек.
Ақын «Жыр бағы» өлеңінде:
– Жетікөлім, өзің мені түлеткен,
Құдіретің өмірімді гүл еткен, – дейді. Бұл – лирика. Орыстың ұлы сыншысы В.Белинский «Поэзия – искусствоның жоғарғы тегі» деп тегін айтпаған. «Лирика – барлық поэзияның жаны, өмірі» дейді Жан Поль Рихтер. Бұл айтылған пікірлерді Белинский «дұрыс баға» дейді. Ендеше Кенжалының өлеңдерінің нәзік те сыршылдығы тереңде жатыр деп ақын ретінде айтар едім.
Енді Ерімбетовтің жыр бағын тағы аралап көрелік. «Сенің адал перзентің боп қалайын» атты жырында «Жетікөл де анам менің секілді» деген түйіндеу бар. Оқырманға ой салады. Мені де ойға жетеледі. Есіме теріскейдегі текті елім, атажұртым түсті. Бақырлы мен Ахмет бұлағына, Тайқоңырға барғым келді. Нағыз поэзия жүрекпен үндеседі деген осы болар.
«Көңіл күмбезіне» тағы да ой жүгірттім.
– Жетікөлім, мен батырың болмадым,
Зор қуаныш,
Бір перзентің болғаным, – дейді ақын. Ал келесі «Жүгіңді арт» атты өлеңінде салмақ бар. Мұнда туған жерге деген іңкәр сезім айшықталған.
– Жетікөлдің желпіп өтсе самалы,
Аяулы анам сипағандай болады.
Ақ айдынның жәудіреген жанары,
Соны ойлап көңілдің көп алаңы, – деп ақын тебірене жырлайды. «Ей, табиғат, Жер-Ананы жүдетпе» атты өлеңі, бұл – таза табиғат лирикасы. Айтарға тілі жоқ табиғатқа «Ақ айдынның жәудіреген жанары» деген теңеуі көңілге қонымды, нанымды екенін байқауға болады. Бүгінгі көлдің жай-күйін, мұңын, шерін нанымды етіп айта білген. Бұдан артық қандай теңеу керек? Шынында адамнан жәрдем күтіп жатқан сулы, нулы көлдің бүгінгі хәлін тамаша жеткізген.
Содан келіп алаң көңілді ұғына түсіп, сонааау артта қалған әдемі табиғатты аңсайсың. Сол аңсау арқылы балалық шақты еске түсіресің. «Көл жағасы, Айшағырға мінгізіп, Нағашы атам баптаушы еді сәйгүлік» деп зуылдап өте шыққан жастық шағын аңсайды.
К.Ерімбетовтің «Көк бөрі» деп аталатын жырын жанр жағынан алғанда баллада деуге болады. Мұнда ол ит пен бөрі туралы айта отырып, базбір пенделердің жағымпаздығын, жалбақбайлығын, сатқындығын, иттігін сынға алады. Мына жалғанда кейбір адамдардың бақ пен тақ үшін жалған істерін, иттігін, дүниеқоңыздығын көргенде, «Көк бөрі» жыры ойға оралады.
Ананы ұлық тұту – адамзаттың парызы. Анасын ұлықтаған ақын «Ақ сүтіңді ақтадым ба, білмедім» деген өлеңінде:
– Ақ сүтіңді ақтадым ба, білмедім?
Асыл бейнең көз алдымда тұр менің, – деп тебірене толқи жырлайды. Сондай-ақ ақын туған ауылы Жетікөлдің іргесінде толқып жатқан Мақпалкөлді мөлдіретіп суреттейді.
Қараңыз ендеше:
– Толқының жағаңды кеп ұрғылайды,
Көрген ем көл бетінен сұңғыла айды, – деп тың теңеулерді алға тартады.
Кенжалы Ерімбетов эпитет, метафора сияқты көркемдегіш құралдарды орынды қолдана білетін ақын деп айта аламын. Туған жері – Жетікөлді жерұйыққа балаған ақынның «Көңіл күмбезі» атты жыр жинағын оқырмандардың жылы қабылдары анық.
Мұхамеджан НҰРХАНОВ,
ақын, жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі





