Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда заманауи цифрлық технологияларды қолданудың маңызы

2139

0

Ауыл шаруашылығын цифрландыру – елдің әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсартудың ең тиімді жолы. Әлемдегі ауыл шаруашылығы дәстүрлі саладан инновациялық шешімдер мен әзірлемелер үшін жаңа нарықтар құруға қабілетті жоғары технологиялық салаға айналуда. Ғылым мен ғаламтордың, сандық технологияның толып жатқан бүгінгі жетістіктерін ауыл шаруашылығына бағыттау маңызға ие. Себебі, әлемдік тәжірибе ауыл шаруашылығы саласын, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту ғылымда, ақылды технологиялардың қолында екенін көрсетіп отыр. Ұлтарақтай жерін ұтымды пайдаланып отырған дамыған елдердің бәрі де ауыл шаруашылығының табысына осынау озық технологиялардың арқасында жетіп отыр.

Болашақ ауылшаруашылығы мамандары егіс алқаптарында жасап жатқан тәжірибелік сынақтар арқылы фермер планшетін, шаруашылық алқабының электронды картасы, ауыспалы егіс алқабы, ауа райы, топырақтың жағдайы туралы ақпараттар, ғарыштық түсірілім, егін шаруашылығына аса қажет басқа да мәліметтері түгелдей көрсетілген біртұтас ақпараттар жиынтығы бар бағдарлама құрастыруда.

Қазақстанда бірінші кезекте ауылшаруашылығын цифрландыру шеңберінде енгізілетін негізгі технологиялар ауылшаруашылығы техникасының GPS-навигациясы, қатар жүргізу, таразы залын автоматтандыру, өрістердің электрондық карталары және әрине, пилотсыз ұшу аппараттары болып табылады. Қазіргі заманғы технологиялар біртіндеп ауылшаруашылық саласына еніп, ауылшаруашылық мәселелерін шешуге тиімді болмақ.

IT-агрономияны дамытудағы жаңа кезеңді болашақтың инновациялық технологиясы болып табылатын нақты егіншілік жүйесі деп атауға болады. Дәл егіншіліктің артықшылығы – бұл ауылшаруашылығы өндірушілеріне ауылшаруашылығы өндірісін экологиялық таза негізде жүргізуге мүмкіндік береді, тыңайтқыштарды үнемдеуге, қауіпті азайтуға, бағдарламаланған дақылдарды алуға және қоршаған ортаны ластанудан қорғауға бағытталған. Бұл тәсілді іске асыру үшін нақты егіншіліктің геоақпараттық жүйелері пайдаланылады, олар электронды карталар негізінде шешім қабылдауға жәрдемдесу жүйелері болып табылады.

Өнімділікті арттырудан және шикізат шығындарын төмендетуден басқа, дәл егіншілік жүйелері егістіктерде қолданылатын жабдықтарға отын шығындарын азайтады, себебі олар дәлдігі жоғары жүйелерді қолдана отырып, машиналардың бағытын дәл анықтауға мүмкіндік береді.

 Бүгінгі таңда елімізде ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізу ауқымы біртекті емес деп айтуға болады. Ірі ауыл шаруашылығы ұйымдары цифрлық технологияларды енгізіп, бейімдеп келеді. Негізгі фактор – дәл егіншілік технологиялары басқа ауылшаруашылық кешендерімен бірге қолданылса тиімді. Осылайша, нақты егіншілікті енгізу жүйесі әсіресе қаржысы мен біліктілігі жоғары мамандары бар ірі және дамыған кәсіпорындарда тиімді. Дәл егіншілік технологиялары табиғатта күрделі, оларды қолдану көп білім мен тәжірибені, ал оларды енгізу көп қаражатты талап етеді. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпорында сирек кездеседі немесе нақты егіншілік  технологияларына тұрақты қол жеткізе алмайды және оларды іс жүзінде пайдаланбайды. Бірқатар елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, кәсіпорындар цифрлық қосымшаларды үзіліссіз пайдаланады, бірақ мұндай қосымша әр кезде тиімді болып шығады.

Мобильді қосымша арқылы ауа-райын тексеріп, өрістердің жай-күйі туралы жазбаларды, төлемдерді жасауға, сонымен қатар егіннің толық болжамын жасауға болады.

Нақты технологияларды енгізу сияқты (мысалы, жоғары өнімді тұқымдарды пайдалану) мобильді қосымшаларды қолдану жоғары білімі бар және материалдық табысы жақсы фермерлерге үлкен пайда әкелетіні анық. Бұл мәселені шешу үшін шағын және орта ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету қажет.  Бұл ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды пайдалануға фермерлердің барынша көп санын тартуға мүмкіндік береді. Сандық қосымшалар жеке ауылшаруашылық технологиясын енгізумен байланысты мәселелерді шеше алады.

Ауыл шаруашылығы саласын түбегейлі өзгерткен АҚШ, Канада, Бразилия және Австралия секілді елдер сияқты мұндай мүмкіндікті игеру үшін алдымен шаруашылықтың техникалары GPS навигаторлар жүйесіне қосылған, электронды жүйемен жұмыс істейтін заманауи болуы қажет. Ол үшін шаруа қожалықтары мобильді қосымшалар, жоғары технологиялы датчиктер, алгоритмдер, спутниктік бақылау сияқты технологияларды кеңінен қолданысқа енгізіп, мамандары үздіксіз білім алып, ілімін жетілдіріп отыруы тиіс.

Метеорологиялық көрсеткіштерді есепке алу пайдаланушыларға далалық маусымда жұмыстарды жоспарлауға, жұмыстарды жүргізудің оңтайлы мерзімдерін, ауыл шаруашылығы дақылдарын таңдауды айқындауға, сондай-ақ белгілі бір маусымға ауыл шаруашылығы дақылдарының вегетациялық бағасын орындауға мүмкіндік береді. Дәл егіншілік саласында қазіргі заманғы технологиялардың көпшілігін пайдалану электрондық далалық карталарсыз мүмкін емес. Электрондық өріс карталарын қолдана отырып, агрохимиялық қызмет ауыспалы егіс, кірістілік, топырақ түрлері, аурулар, тыңайтқыштар және өсімдіктерді қорғау туралы ақпаратты жинауға, жіктеуге және қолдануға ыңғайлы түрде қолдана алады.

Бүгінгі заманның жетістігі – цифрландыру жүйесі аймақта автоматтандырылған тауарлы-сүт фермаларын құруға жол ашса, электронды планшеті бар шаруашылықтар заманауи геоақпараттық жүйелер арқылы топырақтың құнарлылығын бақылап, агротехникалық ережелерді ұтымды үйлестірудің нәтижесінде жоғары өнім жинамақ. Мысалы, егіс науқаны кезінде техникаға орнатылған навигациялық жабдық арқылы арнайы қабылдағыш ғарыштық байланыспен жүргізушіге ескерту жасап, тыңайтқышты тек қажетті жерге себуге, бос аралықтарды қалдырмауға, осылайша, тыңайтқышты, уақытты, жанармайды үнемдеуге көмектеседі. Бүгінде әлемде азық-түлік өндіру жөнінен 2-орындағы Бразилия егістіктің жағдайы туралы ақпараттарды беруге қабілетті аппараттар арқылы шығынды 90 пайызға қысқартқан. Өнімділікке жеткізетін ауыл шаруашылығы платформасын жасайтын агростартап құрудан АҚШ, Қытай, Үндістан, Канада, Израиль елдері де белсенді болып отыр.

            Атап айтқанда, сапа, қорғау, деректерді жинау, басқару және талдау әдістері одан әрі дамуды және деректермен жұмыс істеу үшін ғылыми  арсенал құруды талап етеді. Реттеу тетігін пайдалану ауыл шаруашылығында цифрлық технологияларды құру және пайдалануды кеңейту үшін өте маңызды болмақ.

Бүгінгі таңда халықаралық экономикалық қатынастарда Қазақстанның дамуы отандық өндірушілер мен кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігіне байланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауында еліміздің жаңа экономикалық бағдары негізделетін басты қағидаттардың бірі ретінде адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім саласына инвестиция тартуды атап өтті.

Сондықтан, экономиканың маңызды саласы болып саналатын ауыл шаруашылығында кәсіби мамандарды даярлау бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Университетімізде жер, су ресурстарын сақтау, топырақты қорғау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, материалдық-техникалық ресурстарды жаңарту бойынша ғылыми бағыттағы іс-шаралар кешені жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар, ауылшаруашылығында ГАЖ технологияларын қолдану, аграрлық өндіріске инновациялық технологияларды енгізудің тиімділігі бағытында ғалымдардың атқарып жатқан жан-жақты заманауи зерттеу жұмыстары студенттерді ғылым мен практикалық білімге баулуда өз нәтижелерін беріп келеді.

Еліміздің дамуына үлес қосып,  экономиканың бастауы болып отырған ауыл шаруашылығының білікті маманы болғысы келетін әрбір жас үшін университетіміздің есігі қашан да ашық. Агроөнеркәсіп кешені үшін әлеуеті зор, білікті кадрлар дайындап, тиімді жұмыспен қамту ел экономикасының дамуына серпін берері анық.

Раушан НҰРЫМОВА,

  Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіндегі  

«Аграрлық технологиялық» кафедрасының а-ш.ғ.к.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<